Үнемдеу мүмкін болмай отыр
Бизнестің дамуына коммуналдық мәселелер кедергі келтіруде
Жаңа жылға дейін кәсіпкер Бақыткелді Ниязбеков өз кафесінің коммуналды қызмет ақысына 76 000 мың теңге көлемінде төлеп келді. 2013 жылы бизнесті дамыту бойынша 3 000 000 теңге көлемінде грант ұтып алған кәсіпкер жартылай дайын өнім өндіретін цех ашқан болатын. Келесі жыл Б.Ниязбеков үшін сәтсіздікпен басталды. Қаңтар айының түбіртегі бойынша ол коммуналды қызмет ақысына 194 000 теңге төлеуі тиіс. Оған қоса, кәсіпкерге айдың 15-ші жұлдызына дейін қызмет ақысын төлемесе, жылусыз қалатыны ескертілген.
«Кәсібімді жабуға мәжбүрлеп отырғандары аздай, монополистер заңды бұзып отыр. Былтыр ғана коммуналды қызмет үшін алдын ала төлем жасауға тосқауыл қойылған болатын. Ендеше неліктен жылу және сумен қамту кәсіпорны менен мұны талап етіп отыр? Және бұл олардың типтік келісім-шартындағы жалғыз заңбұзушылық емес», – дейді ашынған кәсіпкер.
Жезқазған жылу және сумен қамту кәсіпорнының жаңа басшысы Ануар Губайдуллин кәсіпкерлермен кездесті. Қаңтардың соңында жаңа қызметке тағайындалған ол бизнесмендермен отырысты кешірім сұраудан бастады.
«Құрметті кәсіпкерлер, туындаған келеңсіздіктер үшін сіздерден кешірім өтінемін. Дегенмен, менің компанияға келгеніме бір ай да толмағанын ескеріп, түсіністік танытуларыңызды сұраймын. Жаңа қызметіме кіріскен күннен бастап келіп түскен өтініштермен қатаң түрде айналысып жатқанымды айта аламын. Жұмыс уақытын түгелдей дерлік талап-тілектерімен келген азаматтарға арнаумен келемін», – деді А.Губайдуллин.
Монополистің заңсыз әрекетіне әбден наразы болған кәсіпкерлер бір-бірімен жарыса шағымданды. Қазан айынан бастап жылу және сумен қамту кәсіпорны қызмет ақысын жаңа есеп бойынша жүргізген. Мәселен, бұрын кәсіпкер 10 Гкал үшін ақша төлесе, енді дәл сондай аймаққа 50 Гкал төлеп жүр. Жылу ақысының неліктен аяқ астынан көтерілгенін ешкім түсіндіре алмайды. Есесіне түбіртек уақытынан кеш қалған емес. Әрі әр ай сайын сомма еселеніп отыр.
«Жылу және сумен қамту кәсіпорны бізге: «Қарағандыдағы жоба институтында есеп жүргізіңіздер», – десе, институттағылар керісінше жылу және сумен қамту кәсіпорнына сілтейді. Ақырында мен шеттен басқа лицензияланған жоба кәсіпорнына жүгіндім. Нәтижесін кәсіпорынға алып келсем, олар басқа мекемелердің есептерін қабылдамайтынын айтты. Бұл не сұмдық?» – дейді әбден наразыланған автошеберхана иесі Александр Бауман.
Ал қала прокурорының бірінші орынасары Жанболат Мұқышев бірде-бір шағым жауапсыз қалмайтынын сөз етті. Сондай-ақ, есептеу құралы жоқ кәсіпкерлердің жылу ақысын төлеуге қатысты проблемаларын шешу үшін қажетті жағдайдың жасалатынын атап өтті. Ендігі кездесу бір аптадан кейін өтпек.
Жылу және сумен қамту кәсіпорнының басшысы да кәсіпкерлерді жұбатумен болды.
«Мен супермен емеспін. Қолымнан келетін істі шешемін», – деген ол: «Жылу мен суды өшіреміз» деген сынды ескертулерден қорқудың қажеті жоқ екендігін айтты.
Жезқазған қалалық кәсіпкерлер палатасының өтінішімен Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті (АРЕМ) «Жылу және сумен қамту кәсіпорны» АҚ-ны өндірістік тексерістен өткізе бастады. «Жылу және сумен қамту кәсіпорны» АҚ жоғарыда аталған шағымдар бойынша және қаланың 100% есептеу құралдарымен қамтылуы жөнінде есеп беруі тиіс.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: