«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге салынатын салық азаюы мүмкін

2016 жылғы 23 Ақпан
- Қостанай облысы
11686 просмотров

Қазақстанда кәсіпкерлер салығын азайтып, ескерту жасау уақытын ұзартуы мүмкін

«Атамекен» ҚР ҰКП Әділет министрлігімен бірге әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске өзгеріс енгізу туралы ұсынысты қарастырып жатыр.

Бұл іске Қостанай облысы кәсіпкерлер Палатасы қосылды. Олар бизнеске салынатын айыппұл көлемін азайту бұрыннан бері айтылып жүрген, уақыты келген дүние деп есептейді. Сарапшылардың айтуынша, Кодекстің жеке баптарындағы айыппұл көлемі ереже бұзу оқиғаларымен сәйкеспейді. Егер кәсіпкер тарапынан жіберілген ереже бұзушылық қоғамға айтарлықтай қауіп тудырмаса, мемлекеттік мүлікке залалын тигізбесе, ол бұл негізсіз көлемдегі айыппұлдарды төлемеуі қажет.

«Біз тасымалдаушыға көліктегі тауардың салмағы болар-болмас асып кетіп, оған 500 АЕК көлемінде, яғни 1 млн теңгеге жуық айыппұл салып, оны жауапкершілікке тартқан жағдайларды көрдік. Ал ол нәрсе ешкімге кедергі келтірмеді, жолда тосқауыл болмады. Осыған байланысты кәсіпкерлердің көптеген шағымдарын ескере отырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 2014 жылғы жаңа редакциясы қайта қаралды. Атап айтқанда, шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне салынатын айыппұлдар айырмашылығы анықталды, сондай-ақ айыппұл көлемі төмендетілді. Енді тасымалдаушы асып кеткен көлем бойынша ғана айыппұл төлейді. Бұрын 1 млн. теңге болса, қазір ол 200 мыңға түсті. Біз енді Кодекстің өзге баптарын да қарастырып көрмекпіз», – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер Палатасы құқықтық қолдау бөлімінің бастығы Ренат Давлетпаев.

Р.Давлетпаевтың айтуынша, Палата тәжірибесінде мемлекеттік органдардың тек ескерту жасаумен шектелетін жерлерде негізсіз айыппұл салған оқиғалары көп болыпты.

«2015 жылы сауда нүктелерінің қожайындарына спирттік өнімдер сатуды тоқтатып, бірақ лицензиясын уақытында өткізбегені үшін шамамен 300 мың теңге айыппұл салған. Кіші бизнес үшін бұл – ауыр соққы. Мұнда ескерту жасаса болар еді, бірақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 282-бабында бұл жағдай қарастырылмаған. Міне, сондықтан да ҰКП қолданылатын шаралар ауқымын кеңейтуге мүдделі болып отыр. Бұл, әрине, ереже бұзу бірінші рет болса әрі қоғамға еш зиянын тигізбейтін жағдайларға қатысты», – деді Ренат Давлетпаев.

ҰКП Кодекске тағы бір өзгеріс – бизнес үшін кейбір жағдайларда айыппұл көлемін 30%-ға төмендету мүмкіндігін енгізуді ұсынды. Бұл жеңілдікті қазіргі кезде тек жеке тұлғалар қолданып жүр.

Бұл заңнаманың қабылдануы әлеуметтік-экономикалық келеңсіздіктерді азайтып қана қоймай, көлемі шамадан тыс үлкен айыппұлдарға тосқауыл болады. «Айыппұл көбейген сайын оны төлеу қиын. Бұл, әсіресе, кіші бизнеске ауыр соққы болары анық», – деп түсіндірді Ренат Давлетпаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер