Бизнес-омбудсмен: бизнес мүдделерін нақты қорғау
Кәсіпкерлердің проблемалары тікелей ҚР Президентіне мәлім болады
Қазақстанда тұңғыш рет бизнес-омбудсмен институты пайда болды. Жаңа құрылымға билік органдарының бизнеспен өзара іс-қимылы саласындағы жұмысын тексеру бойынша барынша кең өкілеттіктер берілген.
Бизнес-омбудсмен «Атамекен» ҰКП құрылымына кіреді
«ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының 26-1-бабына сәйкес, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің құқықтық мәртебесі ҚР Кәсіпкерлік кодексімен айқындалады. Осыған байланысты оның қызметін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді.
ҚР Президентіне ғана бағынады
Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі Уәкіл лауазымына жарлықпен емес, Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалады, және тек Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп береді.
Оған қоса, «Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі Уәкілге Кәсіпкерлік кодексінде қарастырылмаған функцияларды ешкім де жүктей алмайды. Оның қызметіне қандай да бір заңсыз қол сұғуға жол берілмейді».
Сонымен қатар, бизнес-омбудсмен – мемлекеттік қызметкер емес және оның лауазымы мемлекеттік деп саналмайды.
Саясаттан тыс
Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі Уәкіл өзінің өкілеттіктерін іске асыру кезеңінде (4 жыл) саяси қызметпен айналыса алмайды, сондықтан ол өзінің саяси партияларға және басқа да қоғамдық бірлестіктерге мүшелігін тоқтата тұрады.
Кәсіпкерлердің құқықтарына жасалған қысымдар туралы – тікелей Президентке жеткізіледі
Бизнес-омбудсменнің негізгі функцияларының бірі – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қорғау, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың шағымдарын қарау.
Омбудсмен теңдессіз өкілеттіктерге ие: шенеуніктердің шешімдерін тоқтату, бизнес-қоғамдастық атынан талап-арыздар беру құқықтары. Мемлекеттік органдардың пікірлерімен келіспеген жағдайда ол кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатымен прокуратура органдарына қолдаухат жібере алады.
Сондай-ақ, егер кәсіпкерлердің құқықтарын бұзушылықтар жүйелі сипатқа ие болса және проблеманы мемлекеттік органдар деңгейінде шешуге болмайтын болса, онда Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі Уәкіл өтінішті Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуге құқылы.
Ең бастысы – тәртіп
Кәсіпкерлердің шағымдарын, егер олар алдын ала мемлекеттік органдардың құзыреттілік шегінде қаралмаған болса, сондай-ақ, шағым берушінің құқықтарын басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бұзуы фактісі бойынша, Бизнес-омбудсмен отыз күнтізбелік күн ішінде қарайды.
Басқа елдердегі бизнес-омбудсмендер
Парламенттік деп саналатын барлық дамыған елдерде (мысалы, Бельгия, Австрия, Израиль, Түркия), яғни үкімет парламент алдында жауап беретін елдерде, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерінен азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсменді парламент тағайындайды. Конституциялық монархия елдерінде де (мысалы, Дания, Норвегия, Швеция, Нидерланды, Ұлыбритания) омбудсмен парламентпен тағайындалады. Алғаш рет омбудсмен институтын Швеция 1809 жылы бекіткенін айта кетейік.
Омбудсменді премьер-министрдің тағайындауы жайында тек Грузияның тиісті заң жобасында айтылады. Бұл ереже омбудсменнің осы жағдайдағы тәуелсіздігінің нашарлауына сілтей отырып, көптеген сын-пікірлер туғызды. Кейбір елдердің үкіметі омбудсмендерді тек арнайы мәселелер бойынша ғана тағайындайды, айталық, салық омбудсмені.
Президенттік республикаларда, үкімет тікелей президенттің алдында есеп беретін елдерде, омбудсменді президент тағайындайды. Мысалы, Ресей Федерациясында бизнес-омбудсменді президент тағайындайды.
Шетелдердің осы саладағы тәжірибесін талдау нәтижелеріне қарағанда, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың іс-әрекетінен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмендерді мемлекеттік емес ұйымдардың тағайындау мысалдары кездескен жоқ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: