«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдағы кәсіпкер қолдауға мұқтаж

2016 жылғы 23 Ақпан
- Жамбыл облысы
6120 просмотров

15 жылдан бері кілем тоқумен айналысатын жеке кәсіпкер Нұрғали Рахманқұлов мемлекеттік қолдаудан үмітті

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, 65 жастағы кәсіпкер Нұрғали Рахманқұлов 15 жылдан бері кілем тоқу ісімен айналысып келеді. Ол тапсырысты Қазақстанның барлық өңірлерінен қабылдайды. Бүгінде оның кілем тоқитын цехында 68 шебер барлық бұйымдарды қолдан тоқиды. Осылайша кәсіпкер қолынан іс келетін ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, ол мемлекеттік қолдау алу үшін талай есікті қағып,  жергілікті құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған. Инновациялық гранттар беру бағдарламасы шеңберінде  үш жыл қатарынан грант алуға талпынып келеді. «Осы бағдарлама бойынша 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз ақша беріледі.  Бұл қаражатқа Түркиядан, Бельгиядан кілем тоқу станоктарын, жүн өңдеу құрылғыларын сатып алсақ деп едік. Себебі, біз қазір дайын шикізатты Қырғызстаннан сатып алып отырмыз. Оның үстіне күннен-күнге Қырғызстанмен арадағы шекарадан өту қиындап барады.  Егер өзіміздің ауыл-аймақтардағы қожалықтардың қой жүнін сатып алып, қайта өңдеп, пайдаға асыратын болсақ, бізге де, өңірдегі қожалықтарға өте тиімді  болар еді. Бұл үшін қуатты жүн өңдейтін құрылғы, электрлі ұршық, жүн бояйтын және дайын өнімнің бетін тегістейтін машина керек», – деп базынасын айтты.

Қарияның сөзіне құлақ түрсек, осы мәселелер бойынша көмек сұрап жергілікті органдарға барған. Өкінішке орай, әлі күнге дейін мемлекеттік көмекке қол жеткізе алмай келеді.  «Жамбыл облысындағы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдігіне бас сұқтым. Өкініштісі, олар қойып отырған талапқа менің жағдайым келмейді. Себебі, менің үйім сабан үй болғандықтан, оны банкке кепіл ретінде қоя алмаймын. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесіне де бардым. Ендігі үмітті осы мекемеден күтіп отырмын».

Жеке кәсіпкер дағдарыс жағдайында кілем тоқу бизнесінің тоқырап қалмайтынын айтады. Себебі, Қазақстаннның түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер саны толастар емес: «Соңғы жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндердің қатары көбеюде. Қазақ­станда қолмен кі­лем-портрет тоқитын тек біз ғана. Көбіне тапсырысты қазақтың даңқты тұлғаларын бейнелейтін кілемдерге аламыз. Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Шәм­ші Қалдаяқов сияқты тұлға­лардың портретін бірнеше мәрте тоқыдық. Әсіресе, Батыс Қазақстанның қызығушылығы жоғары. Мәселен, біраз уақыт бұрын Әбілқайыр ханның бейнесін 30 дана кілемге, ал Махамбет Өтемісұлының кескінін 20 дана кілемге тоқу жөнінде тапсырыс алдық. Ендігі мәселе, кілемді қолдан тоқитын  бізге сұранысты дер кезінде орындау қиындап барады. Сондықтан  кәсібімізді бір жолға қойып, осы заманғы құрылғылармен жабдықтап, жаңа технологияны енгізу үшін мемлекет көмек қолын созса екен»,– деген арман-мақсатын жеткізді кәсіпкер. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер