«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтаудағы ноу-хау

2016 жылғы 23 Ақпан
- Маңғыстау облысы
13892 просмотров

Ақтаудағы супермаркеттерде астық бұйымдары бұдан былай экологиялық таза қағаз пакеттерге оралып сатылады

Олар санитарлық-гигиеналық талаптарға толықтай сай келеді. Бұл пакеттер пайдаланып болған соң, қайта өңдеуге жарамды және экологиялық зиянсыз екендігі дәлелденген. Аталмыш технологияның патенті «Home info» сауда маркісіне жатады. Бұл Ақтау қаласында енгізіліп жатқан алғашқы жоба, яғни ноу-хау деуге болады.

«Home info»-ның Ақтау қаласындағы өкілі Сандуғаш Жанапбергенованың айтуынша, мұндай қағаз пакеттер әзірге тек нан өнімдері үшін шығарылады.

«Оларды пайдаланушылар саны артатынына сенім мол. Шаһардағы «Атаба» супермаркетімен келісім-шарт жасап үлгердік. Келер наурыз айынан бастап, облыс орталығындағы өзге де ірі азық-түлік дүкендерінен тұтынушылар бұл пакеттерге салынған нан өнімдерін алатын болады», – дейді компания өкілі.

Экономикалық тиімділік туралы сөз қозғаған Сандуғаш Жанапбергенова, пакеттерге химикатсыз сулы бояумен жарнамалар жазылып, оның барлық өндірістік шығындары өтелетінін тілге тиек етті. Экожоба жетекшілерінің мақсаты, пластикалық пакеттерді айналымнан толықтай шығарып тастау. Алғашқыда пакеттер тиражын 10.000 данаға, соңынан 20.000 данаға жеткізу көзделіп отыр. Бұл жоба еліміздің жиырма қаласында табысты жүзеге асып келеді.     

«ЭКО пакет» жобасы тұтынушыларды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және еліміздің азаматтарын пластикалық пакеттерден бас тартып, экологиялық қағаз пакеттерін пайдалануға үгіттейді. 

Полиэтилен пакеттерінің пайдасынан бұрын, зиянының көп екендігін көп салалы коммерциялық емес «Қолдау-Қазақстан» холдингінің «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының жетекшісі Әділбек Қозыбақов растап отыр.

Қазірдің өзінде әлем мұхитының төрттен бірі полиэтилен пакеттеріне толып біткен. Ал бір жылда әлем бойынша кем дегенде 100 миллиард пакетке дейін өндіріледі екен.

«Полиэтилен пакеттерінің адам ағзасын айтпағанда, су жануарларына айтарлықтай зияны бар екендігі туралы экологтар сан мәрте дабыл қағып жүр. Әсіресе итбалық, кит, тасбақа, су жылан, балықтың барлық түріне теңізге жиналған пакеттер айтарлықтай зиянын тигізіп отыр, себебі теңіз жануарлары пакеттерге оратылып немесе жұтып қойып жаппай қырылып жатқаны жасырын емес. Пактеттерді өртеу арқылы жоямыз дегеннің өзі бос әурешілік, себебі түрлі жағымсыз иістер пайда болып ауа райы бұзылады және өртке оранған пакеттер жерді ластап, өсімдіктердің өсуіне жол бермейді. Ең бастысы, полиэтилен жасау үшін мұнай пайдаланылады, ал мұның зияны туралы айтудың өзі артық», – дейді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов.    

Полиэтилен пакеттері әлемдік нарықта шамамен 20 жылдай пайдаланылып келді. Алайда өткен ғасырдың 90-жылдары, полиэтилен пакеттерін шығаратын өндірістерге салық төлеу міндеті бірнеше есеге өскен болатын, сол себепті бірқатар мемлекеттерде бұл бизнестің дамуына жол берілмеді. Қазірдің өзінде Қытай, Австралия, Бангладеш, Тайвань секілді елдерде мұндай пакеттерді пайдалануға тыйым салынған.

Сол себепті бүгіннен бастап зияны жоқ өнім пайдаланған дұрыс. Оның үстіне, бұл қағаз пакеттері кәсіпкерлерге тегін таратылады.

Жеке кәсіпкер Сандуғаш Жанапбергенова өзінің бизнесін кеңейту мақсатында, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасының кәсіпкерлер қызмет көрсету орталығында болып, «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша білімін жетілдіру ниет білдірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта орталықта тегін қызмет көрсететін есепшінің, IT-маманы мен мемлекеттік сатып алу бойынша кеңесшілердің көмегіне жүгінбек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер