«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Индонезиялық елші Ақтөбеге ат басын бұрды

2016 жылғы 22 Ақпан
- Ақтөбе облысы
11257 просмотров

Ақтөбелік кәсіпкерлерге индонезиялық әріптестерінің ұсынары бар

Индонезияның Қазақстандағы елшісі Фостер Гулт өңірдің әлеуетімен танысу үшін және Қазақстан мен Индонезияның болашақтағы өзара экономикалық қарым-қатынасының көкжиегін анықтау мақсатында Ақтөбе облысын аралады.

Сапар барысында индонезиялық қонақ Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановпен кездесті. ӨКП жетекшісі елшіні Палата жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырды, сондай-ақ облыстың экономикалық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. Сонан соң Фостер Гултқа инвестицияға мұқтаж жобалар көрсетілді.

Шағын және орта бизнестің жергілікті өкілдері онға тарта өміршең жобаларды ұсынды.

Палата директоры Индонезиялық тараптың ақтөбелік кәсіпкерлермен тізе қосып жұмыс істеуге ықыласты екенін айтады.

«Елші біздің бизнесмендермен кездесуге және ортақ мүмкіндіктерді  бірге талдауға қызығушылығы бар екенін білдірді. Индонезияда тамақ, тоқыма, темекі, химия өнеркәсіптері, машина өндірісі жақсы дамыған. Бас консул резеңке техникасы, жиһаз өндірісі салалары бойынша өзара экономикалық әріптестікті дамытқысы келеді», – дейді ол.

Кездесу диалог түрінде өтті, әңгіме барысында бизнес өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтар болсақ, «Рамазан» ЖШС ұн өнімдерін Индонезияға экспорттауға, «Жаңа Әлжан» диірмен-ұн комбинаты ЖШС тез дайындалатын кеспелер дайындау жөнінде бірлескен өндіріс құруға мүдделілік танытса, «КазӨнеркәсіп БҚ» ЖШС автомобиль дөңгелектері өндірісі саласында әріптестік орнатуды жоспарлап отыр.

Фостер Гулт 2016 жылдың мамыр айында Астанадағы Индонезия елшілігінде қазақстандық және шетелдік бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен форум өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді, оның сөзіне сенсек, тараптар кездесуі B2B форматында өтпек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер