Сізден ақша – бізден жоба
Өңірлік палата Ақтөбеде индонезиялық бизнесмендермен бірлесіп кәсіпорын ашуға қолдау көрсетпек
Индонезия Республикасының ҚР-дағы тілшісі Фостер Гултома танысу сапарымен Ақтөбеге келді. Сапардың бірінші күні қонақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті.
Индонезия республикасы елшісімен кездесу барысында облыс әкімі өңірдің әлеуеті зор екенін айтты.
«Бұл ең алдымен сәтті географиялық орналасуы мен бірегей минералды-шикізаттық базаға байланысты. Облыс аумағында 340 кен орны бар, оның ішінде отандық хромның барлық қоры осында. Өңір хромит кенінің қоры жөнінен дүниежүзінде екінші орын алса, мыс кенінің қоры бойынша Қазақстанда үшінші орынға ие. Бұл – дамыған көлік айырымы бар және транзиттік мамандандырылған елдің маңызды стратегиялық торабы. Өңір аумағымен көп елдер үшін стратегиялық мәні бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді», – деді Бердібек Сапарбаев.
Бүгінгі күні облыс аумағында Қытай, Корея, Түркия, Ресей кәсіпкерлерімен 50 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда. Өңір басшысы Қазақстанда инвесторларды тарту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалғанын айта келе, елшіге мұнай және газ кен орындарын игерумен айналысатын БК құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Делегацияға бірнеше жоба ұсынылды. Олардың кейбірі никель, никель-кобальт концентратын, минералды тыңайтқыштар, көмірсутекті шикізат өндірісін ашумен байланысты. Индонезияда тоқыма өнеркәсібі жақсы дамығанын және Қазақстан киім мен жүн өнімдерін сол елден әкелетінін ескере келе, Бердібек Сапарбаев шетелдік бизнесмендердің назарына құны 12 млрд. теңгеге тең жүнді бастапқы өңдеу, көлік-логистикалық орталық салу жобаларына аударды. Ауыл шаруашылық саласында қой етін қайта өңдеу ет комбинатын, қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға тең құс фабрикасын, 3000 бас ірі қара малды жоғары технологиялық бордақылау кешенін салу жобалары ұсынылды.
Өз кезегінде Фостер Гултома Индонезия бизнес-қоғамдастығының тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау және білім беру салаларына аса қызығушылық танытып отырғанын айтты. Тоқыма және жиһаз өндірісіне басымдық берілген.
«Біз өңір мүмкіндіктерін көріп, танысу үшін келдік. Сіздің өңірдегі түрлі-түсті және қара металлургия, резіңке-техникалық материалдар мен шина өндірісінің, сондай-ақ тамақ өнеркәсібінің әлеуеті жоғары. Сонымен бірге біз сіздердің ЖОО-мен студенттер алмасу бойынша тығыз байланыс орнатқымыз келеді», – деді елші. Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы әлеуетті инвесторлар үшін жақсы жобалар іздестіруде. Ынтымақтастық мүмкіндіктері бүгін Өңірлік палата алаңында тараптармен талқыланады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: