«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкер үшін бизнес инкубатордың көмегі орасан

2016 жылғы 19 Ақпан
- Маңғыстау облысы
6531 просмотров

Маңғыстаулық кәсіпкер бизнес инкубатордың арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 137 000-ға жуық халық тұрады. Бұл өңірдегі тұрғындар саны бойынша көш бастап тұрған бес ауданның бірі. Жергілікті тұрғын Анар Ержанова алғашында 4 автокөлікпен такси қызметін ұсынуды қолға алып, «Da-da» такси қызметін ашты. Ал осыдан екі жыл бұрын «Ресей жинақ банкі» АҚ Ақтау қаласындағы филиалы арқылы 15 млн. теңге көлемінде несие алып, темір тұлпар санын онға жеткізді.

Такси қызметінің өз орталығы болуы шарт. Ауданда бизнес орталықтардың көп екендігіне қарамастан, кәсіпкер кеңсені жалға алуға асықпады. Оның себебі, қаражаттың жетіспеуі және ай сайын несие де төлеу қажет. Сол себепті Анар Ержанова Мұнайлы ауданы кәсіпкерлер Палатасының жанынан ашылған бизнес инкубатордан орын сұрап барған. Мұнда оның сұранысы қанағаттандырылды. 10 кабинеттің бірі оған аз мөлшерде жалға берілген.   

«Ауданда тұрғындар саны күн санап өсіп келеді. Сосын кәсіппен айналысқанды жөн санадым. Көп ойлана келе, такси қызметін ашу қажет деп шештім. Қателеспеген екенмін. Мәселен, облыс орталығына жету үшін салон жалдасаңыз, такси қызметіне 1500 теңге төлейсіз, ал ауыл арасы болса 300-1000 теңге аралығында. Барлығы арадағы қашықтыққа байланысты. Жалпы өз ісімді дөңгелетуге бизнес инкубатордың көмегі орасан болып отыр деп айта аламын», – дейді «Da-da» такси қызметінің жетекшісі Анар Ержанова.       

Алғашында өзі диспетчер болған Анар, қазір бала күтімімен үйде отыр. Бірақ жұмыс орнынан жылдам хабар алып тұрады. Оның қарамағында 12 адам жұмыс істейді. Оған демеу болған жанның бірі балаларының әкесі екен, ол алғашында таксист болып қызмет еткен.

Мұнайлы ауданы кәсіпкерлер Палатасының директоры Әділет Сәмидің айтуынша, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге бизнес инкубатордың көмегі зор. Себебі мұнда олар тек коммуналдық ақыға ғана ақша жұмсайды.   

«Қазіргі уақытта инкубаторда 10 кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Әр қайсысы кемінде 2-3 адамнан жұмыспен қамтып отыр. Кабинеттерді жалға алмайды, тек коммуналдық ақы төлемін мойнына алады. Мұнда тоңазытқыш, ғаламтор, телефон сияқты қажеттінің барлығы бар», – дейді ол.

Бизнес инкубаторда фотостудия, тігін цехы, шаштараз, такси қызметі, лаборатория, компьютер жөндеу және тағы басқа қызмет түрлері көрсетіледі. Айта кету керек, аталмыш инкубатордың әзірге облыста баламасы жоқ. Келісім шарт негізінде, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер 6 айға дейін бизнес инкубаторда жұмыс жасай алады. Аяққа тұрған соң, олардың орнына басқа кәсіпкерлер келеді.

«Бүгінде аудан кәсіпкерлері тарапынан инкубаторға деген қызығушылық артып отыр деп» сендірді аудандық кәсіпкерлер Палатасының директоры Әділет Сәми.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер