«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қағазбастылық азайса, жұмыс та өнімді болмақ

2016 жылғы 18 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
12666 просмотров

Рұқсаттар мен хабарландырулар туралы заңнаманың орындалуына талдау жасау қаншалықты маңызды әрі өзекті?

Жамбыл ауданы прокуратурасы мен Солтүстік-Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында осы мәселе талқыға салынды.

Отырыс Палата филиалы мен кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі аудандық прокуратураның өзара әрекеттестігі аясында өткенін айта кету керек. Отырысқа аудандық әкімдік, жергілікті атқарушы және аумақтық органдар өкілдері мен бизнес субъектілері қатысты.

«Жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттар мен хабарландырулар туралы заңнаманы орындауы» тақырыбын біз кездейсоқ таңдағанымыз жоқ. Бүгінде рұқсат беру үшін өкілетті органдар сұрайтын анықтамалардың, келісімдер мен қосымша құжаттардың көптігі, әр уақытта әр түрлі сылтаумен негізсіз әрі дәлелсіз қабылдамау, мерзімдерді созу, саны көп сарапшы мен жұмыс комиссияларын құру сияқты өзге де факторлар елдегі бизнестің дамуына айтарлықтай кері ықпалын тигізуде», – деп ескертті Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Наталия Лазарева.

Аудандағы жергілікті атқарушы органдар қызметінің рұқсаттар мен хабарландырулар туралы заңнаманы пайдалануы кезіндегі заңдылық деңгейін талдау мәселесі өзекті. Аудандық прокуратура прокуроры Алмаз Асаинов «бұл түрлі рұқсаттар алу кезінде туындайтын әкімшілік кедергілерді азайтуға септігін тигізетінін» жеткізді  

Ескерте кетейік, «Рұқсаттар мен хабарландырулар туралы» заң Қазақстанда 2014 жылдың қарашасынан бері әрекет етеді. Оның жасап шығарылуына рұқсат жүйесін құқықтық реттеу бойынша халықаралық тәжірибені талдау түрткі болған. Бұл тәжірибені зерттеу арқылы заңдағы рұқсат процедураларын реттеудің ең озық үлгілерін іске асыру мүмкін болды. Олардың қатарында барлық рұқсат құжаттары тізімі мейлінше толықтырылды, рұқсат беру процедураларын жүзеге асырудың бірыңғай үлгілері бекітілді, «бір терезе» және «үнсіздік – келісім белгісі» қағидалары анағұрлым кең қолданыла бастады.

«Жүргізілген жұмыстар рұқсат құжаттарын мейлінше азайтуға мүмкіндік берді. Заң қабылданғанға дейін 733 құжат болса, қазір ол 481-ге қысқарған. Оған қоса 2014-2015 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар рұқсат құжаттарын тағы 50%-ға қысқартуға бағытталған жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күні ҚР Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «рұқсат беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасалды. Бизнеске әкімшілік қысымды азайту мақсатында жасалған заң жобасы қайталанатын және артық рұқсаттарды алып тастап, оларды хабарландыру тәртібіне ауыстыру мен рұқсат беру процедураларын оңтайландыруды қарастырады. Бұл үшін тағы да 48 нормативті құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Барлығы 195 рұқсат құжаттарын қысқарту көзделіп отыр, демек, қолданыстағы 1 және 2 категориядағы 481 рұқсаттың 286-сы ғана қалады», – деді Алмаз Асаинов.

Отырыс барысында қатысушылар кәсіпкерлер құқығын қорғауға, әкімшілік кедергілерді анықтау және жоюға бағытталған Палата жұмысымен танысты.

Жекелей алғанда, Палата филиалына былтырғы жыл бойынша бизнесті қорғау бағытында 24 өтініш келіп түскен. Олардың 54%-ы салық саласына қатысты  өтініштер болса, 17%-ы жер-құқықтық қатынастар, сәулет пен құрылысқа қатысты өтініштер.

Айта керу керек, кәсіпкерлердің айтуынша соңғы жылдары түрлі рұқсат құжаттарын алу айтарлықтай оңтайланған. Енді кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын құжаттар саны 3-5-тен аспайды. Рұқсат алу өтінімдері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы беріледі, ал орындалу мерзімі оңтайлы әрі уақытылы жүзеге асуда.

Алайда кәсіпкерлерге сенсек, рәсімдерді одан ары оңтайландыра түсу мен кейбір құжаттардың орынсыз сұралуы секілді назар аударуға тұрарлық проблемалар әлі де бар.

Дөңгелек үстел барысында ветеринария саласындағы, елдімекен ішінде құрылыс салуға арналған жер телімін рәсімдеу кезіндегі және жер телімінің мақсаттылығын өзгерту кезіндегі  рұқсат процедураларын  жеңілдету және оңтайландыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Ал жеке кәсіпкер Владимир Берников кәсіпкерліктің жаңа нысандарын ашуда пайдалануға болатын бос жер телімдерінің бар-жоғы туралы ақпарат баршаға қолжетімді болса деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге электр энергиясы қуаттылығы бойынша инженерлік коммуникация мен техникалық мүмкіндіктер  сызбасы туралы ақпараттың да қажеттілігі сөз болды.

Барлық айтылған ұсыныстар өңірлік кәсіпкерлер палатасының қарауына берілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер