Меценаттар клубы іріктеуді бастап кетті
Қостанайда Меценаттар клубы сыйлығының үміткерлерін іріктеу басталды
Биыл шығармашылық саласындағы зиялыларды марапаттау рәсімі он алтыншы рет өтпек
Тәуелсіз комиссия мүшелері 97 үміткерді қабылдап, мүмкіндіктерін бағалайтын болады. «Мәдени мұра», «Бейнелеу өнері», «Театр өнері» және «Хореография» номинациялары бойынша үміткерлер өз жұмыстарын бірінші болып ұсынды. Барлық өтінімдер 12 номинация бойынша қабылданды, олардың қатарында «Әдебиет», «Журналистика», «Вокал», «Шығармашылық ұжым басшысы», «Ауыл жанашыры», «Музыка», «Ғылым», «Білім беру», «Театр өнері» секілді номинациялар да бар.
«Көптеген жаңа қатысушылармен қатар, өткен жылдардағы үміткерлер де бар. Біз екінші рет қатысу үшін араға 5 жыл тастау керек деген шектеуді алып тастадық. Бұл шығармашылық болғандықтан, лайықты жұмыстар көптеп кездеседі. Десек те қатысушылар үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр»,– деді Қостанай облысы Меценаттар клубының тәуелсіз комиссия төрағасы Мұрат Әбенов.
Жеңімпаздарды анықтау байқау қатысушылары түгелдей сыннан өткен соң, дауыс беру арқылы анықталмақ. Сыйақы көлемі мен кезекті салтанатты рәсімнің өтетін күні Меценаттар клубының отырысында белгілі болады. 2015 жылы «Қазына» сыйлығының (35 жастан үлкен үміткерлер үшін) көлемі 1 млн.теңге, ал «Шабыт» сыйлығы (жас үміткерлерге арналған) 500 мың теңгеге тең болған.
Қостанай облысы Меценаттар клубы Қазақстанда аналогы жоқ бірегей жоба. Оның мақсаты – өңірдегі шығармашылық дарын иелерін қолдау, ауыр науқасты балаларды емдеуге, мұқтаж жандарға көмек беру.
Бүгінгі күні Клуб құрамына өңір Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы, «Иволга-Холдинг» ЖШС-нің директоры Василий Розиновтың басшылығымен облыстағы 23 кәсіпкер енген. 15 жылғы тарихында сыйлықтарды 399 адам мен 35 ұжым иеленіп, жалпы сомасы 185,5 млн.теңге сыйақы берілген.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: