«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдағы әйелдердің бизнеспен айналысуына не кедергі?

2016 жылғы 16 Ақпан
- Шымкент қаласы
13467 просмотров

Отырар ауданы Іскер әйелдер кеңесі мүшелері Кеңестің алғашқы көшпелі отырысында осы мәселені қарастырды

Кездесуге ауыл бизнес-ханымдары ғана емес, сондай-ақ өз орынбасарларымен бірге аудан әкімі мен жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілері де келді.

Бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрған ауылдағы нәзікжандылар әйелдерге тән делінетін (тұрмыс, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету) салаларда ғана емес, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты ауыл шаруашылығының басты салаларында да жұмыс жасайтыны белгілі болды. Әйелдер қауымы шағын кәсіпкерліктің түрлі формаларын меңгеруді белсенді жүзеге асырып келеді. Олардың көп бөлігі нан пісіру, киім тігу шағын цехтарын, дүкендер мен шаштараздар ашып алған.

Әйелдер проблемаларының ұшығы бір. Барлығының айтатыны, кәсібін дамыту мақсатында банктердің несие бермеуі немесе өтінімдердің тым ұзақ қаралатыны. Шенеуніктер тарапынан көрсетілетін әкімшілік кедергілер де айтылды.

Мәселен, отырарлық кәсіпкер әйел ұзақ уақыт бойы үйін кондитерлік цех түрінде заңдастыра алмай жүр, оған себеп шенеуніктер тарапынан  қойылған кедергілер. Минералды бұлақ маңынан қоғамдық монша салған тағы бір бизнесвумен оны сауықтыру кешені ретінде үлкейтуді жоспарлаған. Алайда тағы да мемлекеттік органдар істі созып бағуда. Үшінші кәсіпкер әйел сән салонын ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетпек ниетін жүзеге асыра алмай дал. Ол ешқандай қаржылық демеусіз-ақ ісін бастап кетуге әзір тұр, тек бизнес нысанды салатын жер алса болғаны. Бірнеше жыл бойы көптеген мекеме табалдырығын тоздырған ол, әлі күнге дейін жер телімін ала алмай келеді.

Отырар ауданына жаңадан әкім болып келген Ерлан Айтақановтың айтуынша, ақшаның құнсыздануы, мұнай бағасының құлдырауы, жалпы әлемдік дағдарыс жағдайында экономика өсімін ынталандыру үшін қолдан келген мүмкіндікті жібермеу керек. Ал әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың әлеуеті зор. Айтылған бизнес проблемаларының барлығы да негізінде шешілетін мәселелер деді ол.

«Бүгінгі күні бизнес әрдайым осылай жергілікті атқарушы органдарға қол жайып жүре алмайтынын билік түсінуі керек, – деді ол. – Түрлі рұқсат құжаттарын алу өте аз уақытта жүзеге асуы тиіс. Мемлекет басшысы жергілікті органдардың алдына кез келген жаңа өндіріс орындарын, мейлі ол шағын немесе ірі болсын, ашу міндетін қойып отыр емес пе? Бұдан келер нәтиже көп болатынын түрлі деңгейдегі әкімдер түсінуге тиіс».

Әкім аудандағы әйелдер кәсіпкерлігіне барлық жағынан қолдау көрсетілетінін айтты.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева әйелдер ұйымының міндеттері мен мақсаттарын айта келе, Кеңестің облыс өңірлеріне шығып, аудан әкімдері және кәсіпкер әйелдермен кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Кеңес өз жұмысын жергілікті атқарушы органдармен, түрлі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе атқармақ. Себебі, өз қызметі барысында кездесетін проблемаларды бірге шешу нәтижелі болмақ. Ал ауылда нені дамыту керектігін жергілікті әкімдерден басқа кім біледі?

«Біз өткізген кездесулерімізді талдау арқылы арқылы әйелдер бизнесі мәселелерінің барлық түйіні құқықтық, салықтық және қаржылық сауаттылықтың жоқтығында жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі кездесу ауылдағы кәсіпкер әйелдердің алдында тұрған көптеген мәселелердің басын ашты. Кейбіреулер бизнестің дамуы, сондай-ақ өзге де шешімдер мемлекеттік органдар өкілдерінің ізгі ниеті нәтижесінде мүмкін болады деп ойлайды. Алайда билік бизнес-қоғамдастықтармен жасалған ынтымақтастықтың жалпы өңірді дамытуға сеп болатынын түсінуі қажет», – деді Алма Арқабаева.  

Іскер әйелдер кеңесінің басшысы бұл кездесуді облыс бойынша бірінші болып ұйымдастырып, кәсіпкер әйелдер айтқан проблемаларды  шешуді өз бақылауына алған Ерлан Айтақановқа алғысын білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер