Ет те, май да болады
Қостанай облысы экспорттық өнімнің үлесін ұлғайтуға кірісті
Қостанай облысы азық-түлікті экспортқа өткізуді ұлғайту жөнінде үлкен жоспарлар қабылдады, әсіресе, мұнда ет өнімдері ерекше назарға алынды. Ет кластерін дамытудың перспективалары жайында бүгін аймақ әкімі Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Ет кластерін іске асыру 2020 жылға қарай мал бордақылау алаңдарын қазіргі 30% жүктемеден толық жобалық қуатына жеткізуге мүмкіндік береді және экспорт көлемін биылғы жылы 3 мың тоннаға дейін арттыруға көмектеседі, ал келешекте – 5,6 мың тоннаға өспек немесе 20 есеге артпақ», – деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Оған қоса, облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірнеше жобаны іске асыру көзделген. Мысал ретінде Архимед Мұхамбетов жақында Тегеранда (Иранның астанасы – Ред.) өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумына қатысқан облыс делегациясы сапарының қорытындыларын мысалға келтірді. Бизнес-форум барысында Қостанай облысы әкімдігі мен «Kaz-ir-Agro» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Әкім ирандық мамандардың Жітіқара және Қамысты аудандарының жерінде мақсыр өсіру ниеттерінің бар екендігін айтты, оған қоса, ирандық бизнесмендер Жітіқара қаласында мақсыр майын өндіретін зауыттың құрылысын жоспарлап отыр.
«Инвестиция көлемі 5 млн долларды құрайды», – деді әкім.
Бұдан бөлек, Тегеранда Қостанай облысының өкілдері екіжақты кездесулер өткізді, онда майлы дақылдарды өсіру және қайта өңдеу жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді. «Жалпы алғанда, облыстағы АӨК-де өткен жылы жалпы сомасы 6,5 млрд теңге тұратын 40 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, жаңадан 333 жұмыс орны құрылды», – деді Архимед Мұхамбетов.
Иран жағы сонымен бірге, он темір рудалы жобаға бірлесіп қатысу туралы ұсынысты қолдады («Соколовка» ЖШС «Zaman» және «Sedr Tamin Investment» компанияларымен бірге). Ирандықтар «СарыарқаАвтоПром» базасында Renault платформасындағы автокөліктерді құрастыру жұмыстарын шоғырландыруға көмектесетін болады.
Анықтама: Мақсыр дегеніміз - тармақталған тік сабақты, біржылдық өсімдік. Мақсырдың бірнеше атауы бар: жабайы бозғалдақ, америкалық немесе қызыл мақсыр және т.б. Мақсырдың тұқымшаларынан май алынады. Мақсыр майы күнбағыс майынан кем түспейді. Оның майы тағамға және техникалық мақсатқа пайдаланылады. Мақсырдың тұқым ұны төрт түлік үшін күнжара түріндегі малазық болып саналады. Мақсырдың сабағы мен жапырақтары сүрлемге салынып, малға беріледі. Күлте жапырақшалары да бағалы. Олардан қызыл және сары бояу өндіріледі. Аспаздыққа да пайдаланылады. Мақсыр - өте пайдалы өсімдік.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: