«Гектарына» төленетін субсидия жойылады
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялаудың жаңа механизмдері, тарифтерді төмендету, жұмыс берушілер үшін өтемақылар – бұл Қазақстан Үкіметінің бүгінгі отырысында талқыланған басты тақырыптар.
Алдымен сөзді күн тәртібінде тұрған жаңалықтан бастасақ. Үкімет «ҚазАгро» ұлттық холдингінің жарғылық қорын қосымша капиталдандыруға қомақты сома бөліп отыр. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың хабарлауынша, оның 25 млрд. теңгесі арнайы үкіметтік қордан бөлінбек. «Алыс-беріс сыйымдылығын арттыру және АӨК жобаларын қорландыруға қосымша қаражат тарту мақсатында Үкіметтің арнайы резервінен 25 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл сома «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ жарғылық капиталын арттыруға жұмсалатын болады», – деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу саласындағы жаңалықтармен бөлісті. «2016 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша АӨК саласын реформалау аясында өсімдік шаруашылығындағы «гектарына» төленетін субсидиядан бас тарту және мал шаруашылығындағы «көлемге» төленетін субсидия көлемін азайту көзделіп отыр. Оның орнына ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің артуы мен технологиялық модернизацияның жүзеге асуына септігін тигізетін «жасыл себет» аясындағы қолдау шараларына көшеміз»,– деді Е.Досаев.
«Экономиканың базалық салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында» шаралар пакеті жүзеге асатын болады.
«Өнеркәсіп салаларын қолдау аясында бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға жүк тасымалы мен электр энергиясы үшін МТЖ қызметі тарифтерін уақытша төмендету коэфициенттері ұсынылып, ішкі нарықты қорғау шаралары іске асырылады, сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен және т.б. ұзақ мерзімді шарттар жасалады»,– деді министр.
Қазақстандықтарды жұмыспен қамтуды қолдау үшін де қомақты қаржы бөлінбек. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016 жылы құрылған Үкіметтің Арнайы резервінен (Ұлттық Қордан мақсатты трансферттер бойынша бағамдық айырма есебінен туындаған 2016 жылға арналған 225,5 млрд.теңге) 98,9 млрд.теңге бөлінетін болады»,–деді министр.
Сонымен бірге «Жұмыспен қамту-2020» жол картасын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылға қарастырылған 37,8 млрд.теңгеге қосымша тағы 63 млрд.теңге бөлінеді. Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымдар мен ТКШ нысандарын жөндеу жобаларын іске қосуға тағы 37 млрд теңге арналмақ. Бұл жобалар 2009-2010 жылдардағы «Жол картасы» аналогиясы бойынша 18,3 мың жұмыс орнының құрылуын қарастырады.
«Шағын несие көлемін арттыруға 20 млрд. теңге бөлініп, оның 10 млрд. теңгесі несие көлемін 3-тен 6 млн. теңгеге дейін арттыруға бағытталатын болады. Бұл несиелер жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауар өндірісін ұйымдастыру үшін берілмек», – деді министр.
Ұлттық экономика министрлігінің есебі бойынша қазақстандықтар 5 мың шағын несие ала алады, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.
Бұдан басқа, «2,5 млрд. теңге жұмыс берушілердің 20 мың адамның жұмыс орнын сақтап қалуына (0,9 млрд.теңге) мен оларды оқытуына (1,6 млрд. теңге) кететін шығындарын субсидиялауға арналған».
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: