«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қуатты күш

2016 жылғы 15 Ақпан
- Жамбыл облысы
15135 просмотров

2013 жылдың қарашасында Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы құрыла салып, Палатаның негізгі өкілетті органы – Өңірлік кеңес жасақталды, ол түрлі сала бойынша облыстың 25 алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерінен құралды. Кеңестің тұрақты жетекшісі – ірі өнеркәсіп иесі, «Қазфосфат»  ЖШС-нің Бас директоры, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының, Алтын жұлдыз және «Отан» орденінің иегері Мұқаш Ескендіров. Бүгін ол бізге Өңірлік кеңес қызметінің ерекшеліктері жөнінде айтып, жергілікті бизнес-секторды дамыту перспективаларына өзіндік болжам жасайды.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, Өңірлік кеңестің мақсаты мен міндеттері қандай?

– Өңірлік кеңес Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы болып табылады және кәсіпкерлік субъектілерінен, сондай-ақ, Ұлттық палата съезі бекіткен және әрбір облыс, республикалық мәндегі қала және астана үшін сараланған квота шеңберіндегі қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерінен құралады.

Өңірлік кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңын, облыстық Кәсіпкерлер палатасының жарғысын, Ережені және Съезд шешімдерін басшылыққа алады. Өңірлік кеңес айына бір рет мәжіліс өткізіп отырады.

Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 2013 жылдың қараша айында құрылды. Кеңестің құрамында 25 адам бар, оның ішінде 23 шағын  және орта бизнес өкілі, ірі бизнес пен үкіметтік емес ұйымнан бір- бірден өкіл бар. Кеңес мүшелерінің әрқайсысы нақты бір саланы білдіреді және өз саласын дамытуға қолдан келер көмегін көрсетеді: Өңірлік кеңес отырыстарында проблемаларды жеткізеді, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) алдына мәселе қояды. Басқаша айтқанда, Өңірлік кеңес мүшелері белгілі бір саланың бүкіл жай-жапсарын іштей білетін кураторға ұқсайды, шешу жолдарын іздестіреді және қажет болған жағдайда көмек сұрайды. Өндірістегі кадрлық мәселелерді шешу үшін дуальды білім беру жүйесінің кеңінен енгізілуіне ықпал етуді көздейміз.

– Өткен жылы қанша отырыс өткізілді?

– Барлығы 14  отырыс өтті.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, отырыстарда қандай мәселелер қарастырылады?

– Қарастырылатын мәселе өте көп. Басты міндеттің бірі – Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Әмірқызы Аралбекованың есептерін тыңдау. Айтпақшы, ол келгелі бері Палата қызметі едәуір серпінді әрі жүйелі сипат алды және жүргізіліп отырған жұмыс пен қаржылық есептілікке наразылықтар болған емес.

Сондай-ақ, Өңірлік кеңес мүшелерінің заң шығаруға, нормативтік-құқықтық актілерді сараптауға қатынасуы талқыланады, мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын әзірлейміз, оның ішінде өзекті проблемаларды шешу, бюджетті және Палатаның штаттық кестесін бекіту жұмыстары бар.

Өңірлік кеңес экономиканы әртараптандырудың негізгі басымдығы ретінде индустриялық парктерді құру мәселелерін шешумен де тығыз айналысады.

Кейбір кезде күн тәртібіне әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты проблемаларды енгіземіз. Бір сөзбен айтқанда, талқыланатын тақырыптар мен шешімдер жеткілікті. Бүгінгі күні Өңірлік кеңес, шын мәнінде, көптеген проблемаларды шешуге қабілетті қуатты күшке айналды, оның ішінде еліміздің орталық органдары арқылы шешілетін мәселелер де бар. Кейде  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хаттар мен марапаттар тапсыратын қуанышты сәттер де болып тұрады.

- 2015 жылы бұған дейін Өңірлік кеңес айналыспаған жаңа мәселелер болды ма?

– Өңірлік кеңестің және Өңірлік құқықтар кеңесінің құзырына облыстық «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарының берілгенін атап өтуге болады. Арнайы отырыста осы қажетті әрі өте пайдалы конкурстарды өткізудің бюджетін, бағдарламасы мен басқа да сұрақтарын бекіттік. Соның нәтижесінде аталған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті деп есептеймін.

– Қайырымдылықпен айналысасыздар ма?

– Әрине, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс. Мысалы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біз ардагерлерге демеушілік көмек көрсеттік. Мұндай акциялар тұрақты түрде және түрлі әлеуметтік топтармен ұйымдастырылады.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, сіздің әріптестеріңіздің арасында депутаттар бар ма?

– Иә, бұл біздің құрылымға қосымша міндеттер жүктейді. Айталық, «Talas Investment Company» ЖШС директоры Бақтияр Алдашовты айтуға болады, ол қазір Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесін басқарады. Сондай-ақ, «Мейірім» медициналық орталығының басшысы Гүлдара Нұрымова екеуміз облыстық мәслихаттың депутаттарымыз.

– Өңірлік кеңес мүшелерінің жұмысын бағалаудың критерийлері қандай?

- Өңірлік кеңес мүшелері белсенділігінің рейтингі деген көрсеткіш бар. Осы көрсеткіш нәтижелері бойынша өткен жылдың өзінде үш кәсіпкермен қоштасуға тура келді. Олардың орнына «Жамбыл Жарық Сауда – 2030» ЖШС-нің директоры Ж.Сабалақов,  «Дара MILL»  ЖШС-нің Бас директоры     Л.Қанаев және «Жамбылгипс» ЖШС-нің Бас директоры Қ.Құсайынов келді.

– Биылғы жылы қандай істер атқарылуда?

– Бүгінгі күні біз ауылдағы жобаларды несиелейтін микроқаржылық ұйымдар құру және индустриялық аймақтарда және ірі кәсіпорындардың төңірегінде ілеспе қызметтер көрсету жөніндегі жобаларды ашу идеяларымен айналысып жатырмыз. Бұл мәселеге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың оң көзқарас танытуы үміттендіріп отыр.

Қаңтар айында екі отырыс өткізіп, онда өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қ.Аралбекованың құрылымның 2015 жылғы қызметі туралы есебін тыңдап, ӨКП-ның консультативтік-кеңесшілік органдардың жұмысына қатысуы туралы мәселені қарастырдық, еңбегімен ерекшеленген адамдарға құрмет қағаздарын, медальдар табыстадық.  ӨКП-нің 2016 жылғы жұмыс жоспарын бекіттік, мемлекеттік сатып алулар, облыстың индустрияландыру картасы, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы мәселелерді талқыладық.

Белсенділік рейтингін анықтау нәтижесі бойынша кеңестің құрамынан тағы да екі адамды шығаруға тура келді, олардың орнын «Сәтті» мейрамханасының директоры К.Абдрахманова мен  «Смарт», «Метроном», «Тарго» супермаркеттерінің директоры А. Пак иеленді. Сонымен қатар, Талас және Жуалы аудандық филиалдарында кадрлық өзгерістер жүргізілді.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, соңғы сұрақ. Өңірлік кеңестің 2016 жылға жұмыс жоспары жайында айтсаңыз.

– Басым бағыттар мен қосымша міндеттер  бойынша ӨКП басшылығының, сондай-ақ Іскер әйелдер кеңесінің қызметі туралы есептерді тыңдайтын боламыз. Алдағы жоспарымызда ӨКП-ға келіп түскен кәсіпкерлердің өзекті проблемаларын қарау, оған Өңірлік кеңес мүшелерінің тарапынан көмек көрсету, соның ішінде бизнес-қоғамдастық өкілдерін консультативтік-кеңесшілік органдарына тарту жөніндегі мәселелер де бар. Сондай-ақ, сауда нарықтары, туризм саласы, химия, көлік, тағам және құрылыс салалары, аграрлық сектор бойынша өзекті мәселелерді қарастыру керектігін атап айтқан жөн. Тұтастай алғанда, жоспар 19 сегменттен тұрады.

Қазіргі таңда Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді, ол тұрақты орта таптың қалыптасуына түрткі болады және экономиканың да, бүкіл қоғамның да іргесін нығайта алады. Сол себепті мемлекеттік құрылымдар, ең алдымен, осы мәселені ескеруі тиіс. Шағын кәсіпорындар анағұрлым икемді және нарық сұранысына жедел жауап қата алады. Ал, мұның өзі бюджетті салықпен толықтыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Біз осыны естен шығармауға тиіспіз.

Сөз соңында кәсіпкерлерге айтарым, Палатамен белсенді ынтымақтаса жұмыс істеңіздер, өйткені мұнда бизнестің барлық бағыты бойынша нақты көмек көрсетуге дайын. Өңірлік кеңес өз тарапынан Палата қызметін қолдауға жан-жақты ықпал ететін болады.

Әңгімелескен Дархан БАЙТУОВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер