«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түкпірдегі ауыл тұрғындарының өз қаймағы мен сүті, айраны бар

2016 жылғы 11 Ақпан
- Маңғыстау облысы
15105 просмотров

Бейнеу ауданында жаңа сүт зауыты ашылды

Зауыт 25% қаймағы алынбаған құрғақ және майлылығы 1% сүтпен жұмыс істейді. Сүт Беларусьтен сатып алынады.  

Зауыттың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Кәсіпкерлер палатасы Бейнеу аудандық филиалының директоры Нұржігіт Хайруллаев ауданда осындай заманауи қайта өңдеуші өндіріс құрылысы ашылуының маңыздылығын атап өтті. Өйткені бұл жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және оны сатып өткізуден жақсы табыс табуға мүмкіндік береді.

Зауытта сүттің бүкіл пайдалы қасиеттерін сақтай отырып әзірленетін экологиялық таза өнімдер шығарылатын болады. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Қазіргі уақытта мұнда 30 адам жұмыс істейді. Қайта өңдеу көлемі ұлғайған сайын штат та кеңейетін болады.

Зауыт қазіргі заманғы құрал-жабдықпен жарақталған, бұл келешекте өнім көлемі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ, өңірдегі сүт өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі.

Зауыттың өндірістік қуаттылығы әзірге тәулігіне 500 л қаймақ, 500 л айран және 500 л сүт шығаруға есептелген.

Сүт зауытының өкілдері хабарлағандай, сүт даярлау кезінде құрғақ сүтке 35-50°C температурасындағы су қосылады. Содан кейін ол пастерлеуші қондырғы арқылы айдалады, мұнда 90°C температурада және 4°C салқындықта пастерленуден өтеді.  

Ал, айран әзірлеу кезінде майлылығы 3,2% сүт қолданылады және 40°C температурада ашытқы қосылып, 20 минут бойы араластырылады. Осыдан кейін барып сүт немесе айран 1 литрлік немесе жарты литрлік полиэтилен шөлмектерге құйылады. Құйылған соң айран пісіп жетілуі үшін термостатқа салады.

Кең де жарық бөлмелер мен жаңа құрал-жабдық өндіріс көлемін ұлғайтуға және шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейтуге ықпал етері анық. Зауыт  бұдан әрі де өнім ассортиментін кеңейтуді және банан, құлпынай, таңқурай, өрік түрлерінен сұйық йогурттер, сондай-ақ шалап, шұбат, ірімшік пен басқа да сүт өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.

«Бейнеу сүт зауыты» ЖШС директоры Ислам Ташевтің айтуынша, компанияның жоспарлары орасан және олар қазірдің өзінде өз өнімдерін көрші елдерге экспорттауға дайын. Қазіргі уақытта кәсіпорын экспортқа шығару үшін СТ-KZ тауардың шығу тегі туралы сертификатты алу жөніндегі қажетті құжаттарды жинап жатыр, бұл құжатты Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасы береді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер