Астанада қырғыз көкөнісі арзандайды
Ерте пісетін экологиялық таза көкөністерді көрші елден тасымалдау жүйеленетін болады
«Атамекен» ҰКП Сауда комитетінің бастамасымен Қырғыз Республикасының Ош облысы фермерлер делегациясымен бизнес-кездесу өтті.
Бұл шара ерте пісетін көкөністерді өткізу және жеткізудің ұзақ мерзімді келісім-шартын жасауға мүмкіндіктер іздеу үшін Астанадағы сауда кәсіпорындары мен қырғыз фермер шаруашылығы өкілдері арасында әріптестік орнату мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу нәтижесінде Кара-Суу ауданы өкілдерімен келісімге қол жеткізілді. Бұл ауданда жыл сайын 45-48 мың тонна көкөніс, 11-12 мың тонна бақша өнімдері, 12 мың тонна жеміс өндіріледі. Барлық өнімдер экологиялық таза, гендік-модификациялық өзгеріске ұшырамаған. Кара-Суу ауданының жеміс-жидегі мен көкөністері Астанаға қарағанда шамамен 20-30 күн ерте піседі.
Кездесуге қатысушылар Астанадағы «Big Шанхай» сауда орталығын Қырғызстаннан әкелінетін көкөніс өнімдерін үлестіруші орталық ету жөнінде келісті.
«Бағаларды ұстауға, тұрақты түрде тауар алып тұруға мүмкіндік бермейтін түрлі факторлар бар. Айталық, бір аптада қызанақтар көп келсе, екінші аптада мүлде келмейді. Мысалы, Астанада қызанақтарға сұраныс көп дегенді естиді де, оны үйіп-төгіп әкеледі. Нәтижесінде, бағасы төмендейді. Келесі аптада тасымалданбайды, себебі оларға Астанаға қызанақ апарудың қажеті жоқ деген әңгімелер жетеді. Тапшы тауарға баға қайтадан көтеріледі. Бағаның құбылуы көтерме бағамен сатып алушылардың ғана емес, біздің тұтынушылардың да жүйкесіне тиеді», – деді ҰКП Сауда комитеті хатшылығының басшысы Жібек Әжібаева. Сонымен қатар, барлық тұстары жан-жақты қарастырылған, яғни өнімнің қалай жеткізілетіні, қандай мерзімде, қандай бағада болатыны мұқият есептелген сауатты жүйе құру қажет екенін атап өтті. «Себебі, алғашқыда қол алысып, қолайлы баға белгілеп, біраз уақыттан кейін баға шарықтап, достығымыз алшақтап кетпеуі керек», – деді Ж.Әжібаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: