«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Кооперация» операциясы

2016 жылғы 10 Ақпан
- Ақмола облысы
7971 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының  қолдауымен Ақмола облысындағы сүт өңдеуші бірқатар кәсіпорындар ауыл шаруашылығы кооперациясына бірігеді

Бірлестікке Көкшетау қаласындағы «Гормолзавод» ЖШС, «Айна» сүт зауыты, Бурабай айданындағы «Есіл-Агро» ЖШС  секілді өңірдегі бірқатар сүт өңдеуші кәсіпорындар кіреді. Мұндай шешім өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Уәлихан Ғабдуллин және осы сала өкілдерінің кезекті басқосуында қабылданды. «Гормолзавод» ЖШС-нің директоры Әсен Жақсылықовтың айтуынша, бұл қадамның негізгі мақсаты – өнімді өткізу нарығын кеңейту. Бірлестік мүшелері күш біріктіре отырып, астаналық нарыққа шығып, өздерін мойындатуды көздеп отыр.
Қазірдің өзінде бұл кәсіпорындардың  өнімдері сапалы және өңірлік нарықта көшбасшыға айналған. Алайда бірлестікке бірігу арқылы нарық аясын кеңейте отырып, жаңа деңгейге көтерілу оларға болашақта өзге де отандық және шетелдік өндірушілермен бәсекелесуге көмектеседі.

«Нарықта, дәлірек айтқанда, Астана қаласының дүкендерінде «А» категориялы тауарлардың артық шығындары (тауар салымы, литро-ұпай, акциялар өткізу және т.б.)  бағаның көтерілуіне алып келеді. Сонымен қатар, оның өз бағасына делдалдардың айырмасы да әсер етуі мүмкін. Сауда орындарындағы өнімнің салымын қадағалау, сақтау талаптары мен жарамдылық мерзімін бақылау, тұтынушылар нарығына сараптама жасап отыру өнімнің сапасын арттыруға ықпал етеді»,– дейді Әсен Жақсылықов.

Ұйымдастырушылар бұл бірлестікке мүше кәсіпорындарға  несие шарттары (ұзақ мерзімді инвестициялар, аз пайызды несие, субсидия, салық преференциялары) жеңілдетіле түседі деп үміттеніп отыр. «Осының есебінен бірлестік құрамындағы барлық кәсіпорындарға өнімді модернизациялауға, сүт өнімдері  алынатын фермаларды кеңейтуге, ірі қара санын арттыруға, жем-шөп базасын жасауға, сонымен қатар ауылшаруашылық кешені мамандарына жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға болады», – деп тоқталып өтті Әсен Жақсылықов. Бұл шаралар өнімділікті арттырып, шикізат сапасын жақсартады деп күтілуде. Нәтижесінде, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғарылай түспек. 

«Ауылшаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заңның арқасында бұл үрдістің қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда: бірлестіктерге бірігу арқылы өнімділікті арттырып, сүтті қайта өңдеуге болады. Алайда, көптеген өндірушілердің, әсіресе шағын фермерлердің мемлекеттік қолдау туралы хабары аз. Өңірлік палата билік пен бизнес арасындағы реттеуші ретінде мұндай бастамалардың жүзеге асуына жан-жақты ықпал ете алады», – деп баса айтты ӨКП директоры Уәлихан Ғабдуллин.

Айта кетер жайт, өңірлік кәсіпкерлер палатасы аудандарды аралау жөнінде бастама көтеріп отыр, онда жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, сарапшылар  заңның жаңа тәртіптерін түсіндіруде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер