«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыдағы ірі нарықтарға өңірлік өнімдер шығарылуы керек

2016 жылғы 10 Ақпан
2924 просмотров

Тимур Құлыбаев келесі конференцияны Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарымен бірлесіп өткізуді ұсынды

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы қаласы кәсіпкерлерінің II жыл сайынғы конференциясында жиналғандарға жаңа ұсыныс айтты.

«Бүгін әр түрлі салаларға қатысты сұрақтар қойылды. Әр саланың өз жауапкершілігі бар екенін де айтқым келеді. Ал Кәсіпкерлер палатасы әрдайым барлық салаларға қолдау жасап келеді. Мен кәсіпкерлердің келесі конференциясын Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлерімен бірлесіп өткізуді ұсынамын. Статистика көрсетіп отырғандай, Алматы қаласына келіп жатқан өнімдердің үштен бірі осы облыстардан келеді. Ол жақтан көбінесе ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі. Сол себепті олардың өнімдерінің Алматыдағы ірі нарықтарда сатылуына қолдау көрсетуіміз керек», – деді ол.

Сондай-ақ, Тимур Құлыбаев импорттық тауарларға деген тәуелділікті ауылшаруашылығы өнімдері арқылы азайтуға болатынын айтты. «Біз инфляция бойынша сырттан әкелінетін импорт тауарларға қатты тәуелдіміз. Алматыға импортталатын өнімдердің шамамен 40 пайызы Қытайдан тасымалданады. Бұл проблеманы әзірге тек ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолдау көрсету арқылы шешуге болады. Шамамен, наурыз айында кәсіпкерлердің жиналысы өтеді. Сонда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қаржы құюды қарастырамыз. Біз Алматы өңірлік Кеңесінде мынадай мысал келтірдік: Ресейде импорттық өнімдерге тәуелділік мейлінше аз. Өйткені олар ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін өздері өндіреді. Біз де осындай жағдайды қалыптастыруымыз керек», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы.

Конференцияға қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Тимур Құлыбаевтың ұсынысына қолдау білдірді. Ол Алматы қаласы кәсіпкерлерінің келесі конференциясын өзге облыстармен тізе қосып өткізуге дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер