Тимур Құлыбаев: «Бөліп төлеу» арқылы жекешелендіру
«Атамекен» ҰКП басшысы нысанды бірден сатып алуға мүмкіндігі жоқ отандық кәсіпкерлерге қол ұшын созу керек деп есептейді
Бүгінгі күні кәсіпкерлік қызметті жүргізуге кедергі болып отырған теңге өтімділігінің жетіспеушілігі жекешелендіру үдерісін баяулатады. Сол себептен бұл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін түрлі құралдар енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды болып отыр.
«Бүгінде жекешелендіру аясында отандық кәсіпкерге басымдық берілуі тиіс. «Атамекен» өкілдері жекешелендіру жөнінде құрылған барлық комиссияға кірулері керек. Қазіргі күрделі экономикалық жағдайда әрбір жауапты кәсіпкердің кәсіпорын сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін түсіне отырып, біз «бөліп төлеу» немесе «сенімді басқару» төлем механизмін ұсынып отырмыз», – деп мәлімдеді Алматы кәсіпкерлерінің II жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» Палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» басшысы жекешелендіру нысандары тізіміне енбеген республикалық, сонымен қатар коммуналдық меншік саналатын кәсіпорындарды тиімді басқару мәселесін қозғады. «Осыған байланысты бірлескен жұмыс тобын құруды және мысал ретінде Алматы қаласындағы барлық коммуналдық меншікке талдау жасап, барлық нысандар бойынша тыңдалымдар ұйымдастыруды ұсынамыз. Бәсекелестік ортаға немесе сенімді басқаруға берілуі тиіс кәсіпорындарды анықтау қажет. Бұл қадам кәсіпорындар тиімділігін арттырып, оларға жұмсалатын әкімдік шығындарын қысқартатынына сенімдімін», – деп қорытындылады сөзін Тимур Құлыбаев.
ҰКП басшысы бастамасын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қолдады. 2016 жылы тек қана Алматы қаласында мемлекеттік меншікке жататын 20 нысан жеке қолға беріледі деп жоспарлануда. Оның басым бөлігі бүгінгі күні шығынға батқан. «Былтыр жабылу алдында тұрған, мойнында қыруар қарызы бар «Алматыэлектротранс» мемлекеттік кәсіпорны жекешелендірілді. Биыл бұл кәсіпорын аяққа тұра алды, қаладағы жолаушылар тасымалы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, жұмыс орындары сақталып қалды және қарызы өтеле бастады».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: