«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бастысы кәсіпкерлікті мамандық ретінде қабылдау қажет

2016 жылғы 08 Ақпан
6086 просмотров

«Бизнестегі ең бастысы – ерік-жігер және орасан зор еңбек», – дейді зергер, кәсіпкер Алмас Мұстафа

Біздің кейіпкеріміз ой-пікірімен бөлісуге әрдайым ашық және дайын. Егер де сіз зергерлік өнер саласында бизнес бастауды жоспарлап жүрсеңіз, онда Алмас зергердің кеңестері мен тәжірибесі сізге өте қажет. Бұл кеңестер жаңа бастағандарға тән көптеген қателіктерден алдын ала сақтандырады және өз күшіңіз бен шамаңызды анық бағалап алуға көмектеседі.

Алмас Серікұлы, дәл осы қазақтың ұлттық зергерлік өнеріне бет бұруға итермелеген не нәрсе? Бұл шешімді қашан және қалай қабылдадыңыз?

Менің зергерлік өнерге бет бұруыма көп  жағдайлар ықпал еткені анық. Алдымен он жылдай  ағашты көркемдеп өңдеп, ұлттық саз аспаптарын жасаумен айналыстым.  Екі жыл бұрын мамыр айының 24-і күні тура туған күнім қарсаңында аяқ астынан ауруханаға түсіп қалдым.  Ота жасалғаннан кейін біраз уақыт  жұмыс істемей үйде отыру керек болды.  Дәрігерлер ауыр жұмыс жасауға және ағашпен жұмыс істеуге қатаң тыйым салды. Бір  аптаға әрең шыдаған мен досымның шеберханасына барып, зергерлік өнерге ықыласым ауды. Зергерлік өнердің бір  ерекшелігі – ол адамнан физикалық күшті талап етпейді. Қолдың ептілігімен, төзімің мен зейініңе күш салып,  керемет дүниелер тудыруға болады. Жалпы, бұл өнер менің нағашыларымның ата кәсібі болған екен. Осылайша,  ата-баба кәсібі менің де нәсібіме айналды.

Зергерлік бизнестің қандай ерекшеліктері бар?

Зергерлік бизнестің ең ерекше тұсы – шағын ғана өндіріспен қыруар қаржы көзіне қол жеткізуге болады, бірақ басты талап – сапалы бұйымдар өндіру. Тағы бір ерекшелігі – бұл барша әйел затына ортақ көзқуаныш. Әсемдікті, сұлулықты сүймейтін, оған қызықпайтын әйел заты болмайды. Сондықтан да, көзін тапсаң өндірген өніміңді тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерге де өткізіп, табыс табуға болады.

Бизнесті жаңадан бастаған кезде тап болған қиындықтар жайында айтып берсеңіз.

Мен зергерлікті бастағанда аса көп қиындыққа кездестім деп айта алмаймын. Өйткені, бұған дейін  тұтынушысы өте аз саналатын ұлттық саз аспаптар өндірумен айналысып, біршама тәжірибе жинақтаған едім. Яғни, бұл сала маған жат емес. Оған қоса, кәсіпті бастамай тұрып, зергерлік өнер жайлы мол ақпарат жинадым. Мұның бәрі маған осы кәсіпті алып жүруде көп көмегін тигізді. Енді сол жинақталған тәжірибе мен білімді, жаңа ақпаратты жүйелі түрде дамытып, жетілдіріп отыруды көздеймін. 

Сіз алғашқы салған қаражатыңыздың қайтарымын қанша уақытта көрдіңіз?

Мен қаражатты әлі де салу үстіндемін.  Өйткені мұндай кәсіпте бүгін салған қаржы ертең қайта салады деу тым үстірт болар еді. Бұл таза сатып алу-сатуға негізделген сала емес. Мұнда шығармашылық ізденіс, көркемдік бағытқа баса назар аудару қажет. Ал, егер бұл өндірісті жылдар бойы тұрақты түрде қаржыландырып, бірізділікке түсіретін болсаң, онда  жеті ұрпағыңа  жететін ұлттық құндылықтың ордасына айналады.  Десе де, зергер бағалы материалдармен жұмыс істейтін маман, содан да ол салған қаржыны аз уақытта еселеп қайтарып алатын қауқарға ие екені де рас. Зергерлік бұйымдар қай кезде де өте жоғары сұранысқа ие емес пе?

Осы бизнес қаншалықты пайдалы?

Егер көзін тауып, ерінбей-жалықпай сапалы өнім өндіруге көңіл бөлсең, мұның пайдасы шаш-етектен. Біріншіден, бұл – жеке кәсібің. Екіншіден, бұл да Қазақстандағы өндірістің бір саласы. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отырған отандық өнім өндіру, өндіруші ел болу дегеннің өзі – тұрақты дамуға жол ашу.

Маман таңдауда не нәрсеге назар аударған дұрыс?

Маман таңдаудағы ең басты қағида – ол адам тек ақшаны көздемеуі тиіс. Ондай адамнан дұрыс команда жасақтай алмайсың. Осы өнерге құштарлығы, талабы болуы, жұмысынан, жасаған затынан ләззат алуы маңызды.

Зергерлік өнерге қажетті құрал-жабдықтар табу жағынан қиындықтар болды ма?

Әрине, қиындықтар болады. Бірақ, аспаптар мен құралдар біртіндеп жиналады. Қазақстанға қазір қай елдің құрал-сайманын  алдыртам десең де жол ашық. Әлемде логистика  жақсы дамыған. Тек сол алдырған құрал-сайманды орнымен қолдана алсақ болды.

Ең алдымен, қажетті орын, мекенжай тауып, жұмыс орныңды ыңғайлап алу керек. Зергерге қажетті жабдықтарды арнайы дүкендерден немесе сайттар арқылы табуға болады.

Қазіргі экономикалық дағдарыс сіздің бизнеске қаншалықты әсер етуде?

Теңге бағамының айнымалы болуы, соның салдарынан пайдаланатын материал бағасының қымбаттауы біздің салаға да зиянын тигізіп отыр. Өндіріске қажет заттар, шикізат құны үздіксіз жоғарылауда. Әсіресе, кейбір ерік-жігері төмен адамдарға бұл ауыр соғады. Қазір бізге керегі – төзім мен шыдам, өз ісіңе берілгендік, сонда ғана уақытша қиындықтарға төтеп бере аламыз деп есептеймін.

Сіз өз өнімдеріңізді қалай ілгерілетіп жүрсіз? Оны жылжытудың басты көздері қандай?

Менің өз өнімімді өткізуде әзірге интернет мүмкіндіктерін пайдаланамын. Сол арқылы осы бұйымдарға сұраныстың қаншалықты екендігін болжап, тұтынушы пікірін зерттеу үстіндемін. Және де соған бейімделе жұмысымды жүргіземін. Сапаға көп көңіл бөлу қажет.

Бұл бизнесте жұмыс қызбай, тоқтаңқырап қалатын кездер бола ма? Мұндай проблемаларды қалай шешесіз?

Бұл бизнесте тоқырау болмауы үшін барлық қимылды алдын ала  қамдап отыру қажет. Олай жасамаса  кез келген бизнес сәтсіздікке ұшырайды. Уақыт талабы мен тұтынушы сұранысына сай болу үшін көп іздену керек.

Сіздің бизнесте бәсекелестік бар ма және жалпы осыған қалай қарайсыз?

Зергерлік өнер – нағыз бәсекенің қайнап жатқан қазаны. Бағалы металды сәндеу арқылы одан үлкен пайда табуға болады. Мұны көпшілік біледі. Бірақ бәсекеге қабілетті болудың ең басты шарты – әрқашан ешкімге ұқсамайтын жаңа өнімдермен елді таң қалдырып отыру. Сол кезде тұтынушының да сеніміне ие боласың, олар сенен жақсы әрі сапалы бұйым күтеді.

Жұмыс барысында сіздің кәсіпкерлік құқықтарыңызға байланысты жергілікті қадағалаушы органдар тарапынан қандай да бір проблемалық мәселелер туындаған кездер болды ма? Оларды қалай шештіңіз?

Ия, ондай ұйымдардан келіп қадағалап тұратындар бар. Қалалық экология бөлімінен келіп тексеріп тұрады. Өкінішке орай, мұнда кейбір теріс үрдістер де бар, жемқорлыққа итермелейтін сәттері де болады. Қадағалаушы органнан келетіндер әрбір қимылыңнан кінә іздеп, айыптауға бейім тұрады. Бұл – бүкіл қадағалаушы органдардың беделін түсіріп отырған құбылыс.  Тағы бір кереғарлық, әлгі тексерушілер қандай да бір кемшілік таба қалса, алдымен белгілі бір уақытқа дейін ескертумен шектелмейді, бірден айыппұл салуға асығады. Ал, ол айыппұл сенің өндірісіңнің бірнеше айлық табысына тең.

Алмас, сіз мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы бизнесіңізге көмек алу жолдарын білесіз бе?

Мен өзім «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының жұмысымен таныспын. Бірақ, мен жеке кәсіп ашуда ешкімнің көмегіне арқа сүйемеуге тырыстым. Алмақтың да салмағы бар. Несие алудың да өзіндік шарттары бар. Әсіресе,  мен сияқты өз кәсібін бастаған жастардың  жеке меншік мүлкі, үйі, кепілге қоятын құндылығы бола бермейді. Сондықтан, мен өз күшіме сенуге тиіспін. Жалпы, менің ойымша, дәл қазір еліміздің дамуы тек жекелеген азаматтардың сапалы білімі,  іскерлігі және отансүйгіштігіне келіп тіреледі.

Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, жаңадан бизнес бастағандарға қандай ақыл-кеңес бере алар едіңіз?

Кәсіпкерлікті енді бастайтындарға айтарым, кез келген уақытта өзіңе ұнайтын салаға барып бизнес ашып көруге болады. Қашанда тәуекелге бара білу қажет. Нартәуекел жасамаған адам еш қателеспейді, ал, қателеспесең алға жылжи да алмайсың. Алған беттен қайтпау керек және біліміңді үнемі жетілдіріп отыру керек. Білімің жеткілікті болса кез келген жерде өз дегеніңе жете аласың. Ол кез келген ақшадан да қымбат.  Уақытты дұрыс пайдаланған абзал. Бастысы кәсіпкерлікті мамандық ретінде қабылдау қажет, сонда ғана ісің өрге басады. Мықты бизнес жүргізу үшін қызыл диплом болуы шарт емес. Ең бастысы, қазіргі қоғамға керек дұрыс сала таңдай біл, және бұл өміршең дүниелердің дамуына жол ашады.

Алмас, алтын уақытыңызды қиып, әңгімелескеніңізге көп рахмет. Кәсіпкерлік  шыңын бағындыра беруіңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан Дина Имамбаева


Еншілес ұйымдар

Серіктестер