«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет пен бизнес – бір толқында

2016 жылғы 03 Ақпан
- Маңғыстау облысы
14711 просмотров

ҚР ҰКП-ның стратегиялық мақсаты – елде бизнес-ахуалды жақсарту және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту

«Маңғыстау индустриалдық палатасы» ЗТБ төрағасы, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Ғалымжан Балтілеу соңғы жылдары қазақстандық бизнесте көп жаңалықтар бар екеніне және бизнестің мүмкіндіктері ұлғая түскеніне сенімді. Оның сөзі бойынша, біреулер өз бизнесін табыспен дамытып жатыр, ал біреулердің жолы болмай жүргені де рас. Және де, мұндағы ең бастысы – қолдау сұрап қайда және кімге бару керек екендігін білу. Іс жүзінде, бүгінгі күні бизнесмендер тап болатын бүкіл проблемамен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысуда. Өз бизнесіңді ашу бір бөлек, ал, сол ісіңді қорғай білу – мүлде басқа мәселе. Алайда, өз штатында сауатты заңгерлер мен бухгалтерлерді, ІТ-мамандарын және т.б. ұстау елдің бәрінің қалтасына сай келе бермейді. Елімізде құрылған ірі бизнес-қауымдастық және оған күрделі өкілеттіктерді беру мемлекеттің бизнестен нақты әріптесін көргісі келетінін дәлелдейді, – дейді Ғалымжан Балтілеу.

– Ғалымжан Айдарбайұлы, Сіз басқаратын Маңғыстау индустриалдық палатасының мақсаты мен міндеттері туралы айтып берсеңіз.

– Маңғыстау индустриалдық палатасы заңды тұлғалардың бірлестігі болып табылады және облыстың жетекші ұйымдарының бастамасымен құрылған. Біздің ұйымның негізгі мақсаты – өз мүшелеріміздің мүдделерін қорғау, мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекеттесу, сыртқы экономикалық қызметті дамытуға көмектесу және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту. Қызметіміз іскерлік, инвестициялық ахуалды және тұрақтылықты жақсартуға, және де елде бизнесті жүргізу шарттарын дамытуға бағытталады.

– Сіздердің ұйым қандай қызмет түрлерін көрсетеді?

– Біз бухгалтерлік есеп, салық салу, заң қызметтері, бизнес-жоспарлау, ақпараттық технологиялар жөніндегі қызметтер, мемлекеттік сатып алу қызметтері және т.б. бойынша барлық мәселелерде консалтингтік қызметтер көрсетеміз. Бизнесті қолдаудың және дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында біз 2014 жылы 404 қызмет көрсетсек, ал 2015 жылы – жаңадан бастаған және жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 650 қызмет көрсеттік. Барлығы – мыңнан астам кәсіпкер тегін тәжірибелік және консультациялық көмек алды.  

– Бизнеспен айналысқысы келетін қарапайым халықтың пікірі бойынша, қысқа мерзімді сабақтар ештеңе бермейді, және де, бизнесті бастау үшін, қаржы болуы жеткілікті. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, шынымен солай ма?

– Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Курстар көп нәрсе беретіні рас. Біздің өмірімізде білімсіз алысқа бара алмайсың. Талдау бойынша, өңірдегі «Бизнес-кеңесші» барған сайын әлеуетті кәсіпкерлердің көпшілігін қамти бастады. Курстарда тыңдаушыларды іс жүзінде кәсіпкерлер тап болатын бүкіл мәселелерді шешуге дайындайды. Сіз әзірше курсқа бармасаңыз, онда бизнес-жоспар немесе маркетинг турасында ештеңені түсіне алмайсыз. Оқу біткен соң берілетін сертификат мемлекеттік бағдарламаларға қатысу құқығын береді. Кәсіпкерлер үшін өзекті тақырыптарға тегін семинарлар мен тренингтер өткізу – біздің кәсіпкерлік әлеуетті күшейту үшін істеп жатқан әрекетіміздің басым бағыты болып табылады. Біз барлық ірі компаниялармен жұмыс істейміз және бухгалтерлер, кадр бөлімдері, орта буын менеджерлер, мемлекеттік сатып алу мамандары, бірінші басшыларға арналған оннан астам семинарлар мен тренингтер өткіздік. Семинарды өткізу үшін біз нағыз тәжірибелі лекторлар мен өз ісінің кәсіпқойларын – Алматы мен Астанадан бизнес-тренерлерді шақырамыз. Осылайша, ШОБ-тің 260-тан астам өкілдері мен қатысушылары оқудан өтті. Бұл білімдер оларға қажет және олар қайтадан курстардан өтуге тілек білдіруде. Шынымен де, бизнесте табысқа жету үшін, қалтаңда ақшаң болуы жеткіліксіз.   

Бизнесмен пайызсыз несие алуға үміт арта алатын балама нұсқалар бар ма?

– Әлбетте. Бізде мұндай бірнеше жоба бар. Біз ауыл кәсіпкерлері үшін пайызсыз гранттар беру жөнінде «Бизнесті дамыту» жобасын іске асырдық. Біз 15 бизнесменге өз жобаларын іске асыру арқылы міндетті түрде жаңа жұмыс орындарын құруды талап ете отырып көмектестік. Гранттардың ең жоғарғы сомасы жарты миллион теңгені құрады. Жобалардың түрлері сан алуан болды: мал шаруашылығын дамыту, наубайхана құру, жиһаз цехын кеңейту, киіз басу өндірісі, құс фабрикасын кеңейту және т.б. Соның нәтижесінде гранттардың жалпы сомасы 82 500 АҚШ долларын құрады, 20-дан астам жұмыс орны құрылды. Аталмыш жоба БҰҰДБ қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

– Бизнестегі басты әріптеспен, яғни, РФ-мен сауда-экономикалық қатынастар қалай жүруде?

– Біз РФ-ның көптеген бизнесмендерімен кездестік, әсіресе біздің өңірге Астрахан, Волгоград, Тюмень және басқа облыстардың бизнес-делегациясы жиі келеді. Сыртқы экономикалық қызметті дамыту мақсатында біз ҚР-да  Томск облысының (РФ) шағын және орта бизнес субъектілерінің халықаралық бизнес-миссиясын ұйымдастырдық. Ақтау мен Томскінің іскерлік топ өкілдерінің кездесуі екіжақты биржа-байланыс форматында өтті. Томскілік делегация «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын аралады, «ҚарақұдықМұнай» ЖШС, «Buzachi Operating LTD» ЖШС және «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ мұнайгаз кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті. Өзара байланыс мәліметтерімен алмасты, алайда нақты уағдаластыққа жетпеді, бірақ, бұны уақыт шешеді деп ойлаймын. Барлық сұрақтар реттелген кезде, мұнай бағасы да қайтадан көтеріледі, біз сол кезде келісім үстеліне отырамыз және баянды жұмыс істейтін боламыз. Ең бастысы, ресейлік әріптестеріміз біздің кәсіпорындармен ынтымақтаса жұмыс істеуге даяр екендігін мәлімдеді.

– Ғалымжан Айдарбайұлы, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық туралы не айта аласыз?

– Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы дирекциясының шешімі негізінде біздің ұйымға аккредитация туралы сертификат берілді – бұл біздің қызметіміз стандарттарға лайық деп ресми танылуын білдіреді. Біз Кәсіпкерлер палатасына ынтымақтастығы мен көрсеткен сенімі үшін ризашылық білдіреміз.   

– 2016 жылға перспективалар қандай?

– Жыл енді ғана басталды, біздің жоспарларымыз да ауқымды. Қазіргі жағдайда бизнес шетте қалмайтынына сенімдімін. Бүгінгі күні жаңа қазақстандық бизнестің дәуірі туып келеді, ол өзінің күшті позициясын паш етуі тиіс. Әлемді дағдарыс биледі, бірақ бұл уақытша қиындықтар. Елбасы айтқандай, «шағын және орта бизнесті дамытқанда ғана орта тапты көбейте аламыз, ол Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізіне айналады».

Қазір бизнесмендер жаңа экономикалық саясат жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер серпінді дамып келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төңірегінде бірігуді жалғастыруы қажет деп есептеймін, және де, біріккенде ғана бәсекеге қабілетті болып қана қоймай, сонымен бірге өз отанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына салмақты үлес қосуға болады. 

– Өзіңіздің әріптес-бизнесмендерінізге айтар тілегіңіз бар ма?

 – Мемлекет бизнеске бетін бұрды, енді кәсіпкерлерден де қайтарым болуы тиіс, яғни, дұрыс бағытта жүру, ел заңнамаларын қатаң сақтау және т.б., сонда ғана өз бизнесің үшін алаңдамауға және болашаққа нық сеніммен қарауға болады.

Мемлекет әрдайым адал ниетті кәсіпкерлерді қолдайды, адал адамдардың қолынан бәрі келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дүниеге келуімен бизнесмендер мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі бүкіл тапсырмалары жүзеге асырылатынына деген сенімділікке ие болды.

Ұлттық палатаның миссиясы – кәсіпкерліктің өсуіне және одан әрі дамуына жәрдемдесу, ал ҚР ҰКП-ның стратегиялық мақсаты – бизнес-ахуалды жақсарту және елімізде кәсіпкерлік бастамаларды дамыту. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер