«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тиімділік және кеңінен қамту

2016 жылғы 29 Қаңтар
12833 просмотров

1715 шағын және орта бизнес субъектісіне сервистік қолдау көрсетілді

2014 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» төртінші бағытының аясында әрекет етуші бизнесті сервистік қолдау жергілікті атқару органдарының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілді. Бұл жұмыстың Жамбыл облысында қалай атқарылып жатқаны жайлы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова әңгімелейді.

- Қарлығаш Әмірқызы, жыл өткен сайын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Өңірлік палатаның ролі артып келеді. Осындай күшею факторларының бірі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысу болып отыр. Өткен жылы әрекет етуші бизнеске сервистік қолдау қандай деңгейде көрсетілді?

- Қорытындылар жайлы айтпас бұрын, экономиканың барлық секторларында жұмыс жасаушы субъектілерге сервистік қолдаудың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тегін ұсынылатынын атап өткім келеді. Қолдауды алдымен ауылдық кәсіпкерлер, сонымен бірге облысымыздың ең шалғай жерлерінде әрекет етушілерге сезінсе дедік. Қызметтер сегіз бағыт бойынша консалтингтік компанияларды тартусыз көрсетіледі. Атап айтқанда, бухгалтерлік және салық есебімен, менеджмент жүйесін енгізумен байланысты қызметтер, кедендік процедуралар бойынша қызметтер, заңгерлік және басқа да қызметтер.

- Бастапқы кезеңде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

- Әрине, бірінші кезекте кәсіпкерлердің түсінбеушілігі мен білместігі. Олардың көпшілігі сервистік қолдаудың қандай бағыттар бойынша көрсетілетінінен хабарсыз болды және, ең бастысы, ол тегін сипатта екені. Сондықтан да бизнес өкілдерінің палатаға бас сұғуын күтпестен, көпшілік арасына аттандық. Аптасына үш рет көтерме-бөлшек сауда базарларына бардық, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтармен түсіндіру жұмысын жүргіздік. Жергілікті радиорубка көмегімен үгіт-насихат жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік берген «Ауыл Береке» базары әкімшілігінің сындарлы ұстанымын атап өту керек. Бұған қарамастан, күлкілі сәттер де болып тұрды. Мұнтаздай боп киініп алған жастарды көрген саудагерлер оларды бақылаушы мемлекеттік құрылымдар өкілдері деп ойлап қалып, ақтала бастады: салық бойынша қарызымыз жоқ, барлық заңдарды сақтаймыз деген сияқты… Сенбеушілікті жоюға да біраз күш кетіп, бұл ақырында әрекет етуші бизнесті сервистік қолдау жөніндегі науқан нәтижелеріне оң әсерін тигізді.

Аталмыш нәтижелер мынадай болды: 2015 жылы 1715 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 2558 қызмет көрсетілді. Олардың арасында танымалдары: заңгерлік қызметтер – 921, қаржылық және бухгалтерлік – 827, маркетинг мәселелрі бойынша қызметтер – 523.

- Қандай салалар өкілдері палата көмегіне көбірек жүгінді?

- Егер қызмет алушыларды құрылымдайтын болсақ, 800 ден астам субъект көтерме-бөлшек саудада жұмыс жасайды, ең азы – екі кәсіпорын – тау-кен өндіру өнеркәсібімен және карьерлерді дайындаумен байланысты салада.  

Көрсетілетін көмектің тиімділігін мына дерек растайды: дайындалған 80 бизнес-жоспар ішінен 37 кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарынан қарыздық қаражат алуға сеп болды.

- Қарлығаш Әмірқызы, нақты мысалдар келтірсеңіз.

- Барлығын тізбелеп шығуға біршама уақыт кетеді, сондықтан да кейбірін атап өтейін. Мысалы, Тұрсымбет Спаналиевтің шаруа қожалығы «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы 2,8 миллион теңгеге «Famazol Z511-тюковый» баспа-сұрыптағыш сатып ала алды. Жеке кәсіпкер Анар Жиенбаева Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылында банкет залы бар мейрамхананы салуға «Қазақстанның Халық банкі» АҚ жергілікті филиалынан 40,2 миллион теңге мөлшерінде кредит ала алды. Дәл сол банктен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен халық тұтынатын тауарларды сататын дүкен ашу мақсатында коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатып алу, жөндеу және қайта қалпына келтіру үшін Тәжібекова тоғыз миллион теңге сомасына кредит алды.

- Сервистік қолдау кәсіпкерлердің дүниетанымын кеңейтуге көмектесті деуге бола ма?

- Оған күмән жоқ. Кейбір кәсіпкерлердің Өңірлік палата ұсынатын бизнесті одан әрі дамыту жөніндегі оңтайлы шешімдердің бар маңызын түсінбеген тұстары да болып тұрды. Мәселен, жеке кәсіпкер Беркенов өзінің кәсіпорны өндіретін аспаздық өнімдерді жарнамалауға арнайы визитка-сайт ашу бастамасына шүбәмен қарады. Ақырында палата мамандары кәсіпорын туралы ақпарат қана емес, өндірілетін өнімнің әрбір жайғасымы бойынша бағалары жазылған көркем суреттер қойылған көп сатылы интернет-дүкен әзірледі.

«Тахир» ЖК, шұжық өндіретін «Нұр Алтын» ЖШС, шағын және орта кәсіпкерліктің басқа да субъектілерінің көңілінен шықтық.

- Басқа бағыттар бойынша қандай көмек көрсетілді?

- Жаңадан құрылған 12 кәсіпорын бойынша құжаттар тіркеуге даярланды, 27 кәсіпорын үшін қайта тіркеу, өзгерту енгізу, жою және басқа да тұстар бойынша жұмыс жүргізілді. Облыс кәсіпкерлері үшін 120-дан астам шарт жобасы жасалды: сатып алу-сату, жалдау, коммерциялық құпия туралы, қызметтерді ақылы көрсету және басқалары. 265 кәсіпорынға бухгалтерлік мәселелер бойынша салық есептері даярланып, 15 субъектіге интернетте бизнес жүргізу үшін визитка-сайттар жасалды.

- Қарлығаш Әмірқызы, үстіміздегі жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- Әрекет етуші бизнесті сервистік қолдаудың тағы бір ерекшелігі оның үздіксіздігі болып табылады: 2016 жылғы 25 қаңтарға дейінгі ахуалы бойынша 204 кәсіпорынға қызмет көрсетілді. Жалпы 2016 жылдың соңына дейін барлық сегіз бағыт бойынша 1706 кәсіпкерлік субъектісін қамтуды жоспарлап отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Даярлаған Дархан БАЙТУОВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер