Дүниежүзілік сауда ұйымынан жасалған импорт төңірегінде
Қостанайлық фирмаға ДСҰ төмендетілген мөлшерлемесімен әкелінген тауықтың сан еті үшін 19 млн теңгеге кедендік төлем мен салық үстеп салынған
Фирманың аталмыш шешімнің күшін жоюға қол жеткізуіне облыстық Кәсіпкерлер палатасы көмектеседі.
Өткен жылдың соңында «Алта XXI век» ЖШС ұшырасқан түйткілді мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысының аясында қаралды.
15 желтоқсанда компания облыс аумағына тауықтың сан етінің ірі топтамасын алып келеді және оны ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес кедендік ресімдеуден өткізеді. Құжат Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты 15 желтоқсаннан бастап кедендік әкелу баждары төмендеген тауарлар тізбесін растаған болатын.
Алайда 18 желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігінің басқа бір бұйрығы шығарылып, ол Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің арнайы Шешімі күшіне енгенге дейін алдыңғы бұйрықтың әрекетін тоқтатып қойған еді.
Осыған орай облыстың Мемлекеттік кіріс департаменті камералдық кедендік тексеріс негіздемесінде фирмаға 19 млн. 176 мың теңге мөлшеріндегі бажды, ҚҚС және өсімпұлды үстеп салған. Палата сарапшылары мемлекеттік орган әрекетін заңсыз деп атады.
«Қазақстандық заңнамаға сәйкес, жауапкершілікті орнатушы немесе күшейтуші, сонымен қатар азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтік актілер кері күшке ие болмайды. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасындағы Кеден ісі туралы» Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу үшін кедендік декларация тіркелген күні әрекет еткен мөлшерлеме қолданылады. Кеден одағының Кедендік кодексінде де осыған ұқсас норма әрекет етеді», - деп мәлімдеді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Манарбек Бермұханбедов.
Оның үстіне, «Атамекен» ҚР ҰКП берген деректер бойынша, қазақстандық бірқатар кәсіпорындар осындай түйткілге тап болып отыр екен. Осыған байланысты Кеңес облыстық Палата сарапшыларының «Алта XXI век» ЖШС-ға үстеме төлем туралы шешімге шағымдану процесіне жәрдем көрсетуді ұсынды. Қалған кәсіпкерлер де ҰКП қолдауына сүйене алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: