Базар үшін кәсіпкерлер жауап береді
Полиция бұдан былай елді мекендер көшелерінде сауда-саттық жүргізіп тұрған кәсіпкерлерді жазамен қорқытпайтын болды.
Алтынсарин ауданының әкімдігі халыққа тауар сатуға арналған нақты нүктелерді анықтайтын қаулы қабылдады.
Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы «Сейтенов» ЖК жүгінгеннен кейін сәйкес құжатты дайындап, қабылдауға бастама жасады. Кәсіпкер автомобилімен елді мекендерді аралап, базардағы бағадан төмен бағамен аяқ киім сатушы еді. Алайда Алтынсарин ауданында полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 204 бабына сілтеме жасай отырып мұндай саудаға тыйым салып, бизнесменді ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартады. Қайтадан бұзғаны үшін оған 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынатын еді.
«Шағын базар болғанда тыныш қана келіп саудамды жасар едім, алайда Силантьевкада ол да жоқ. Дегенмен, көліктер тұратын орында шағын ғана жерге орналасып, ешкімге бөгет жасамаған едім. Ол жерде саудасын жасап тұратындар баршылық: біреулер сүт сатса, біреулер май, ірімшік сатып жатады. Сондықтан да Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап бардым. Егер жағдай жасалмаса, ондай орынды жасақтау қажет», - дейді жеке кәсіпкер Сәкен Сейтенов.
Палата филиалы түйткілді зерттеп біліп, әкімдікке аудандағы елді мекендерде көше саудасына заңды орын бөлу қажеттігі жайлы ресми хат жолдап, ұсыныстарын берді. Осыдан соң «Көшпелі сауданы жүзеге асыруға арналған орындарды анықтау туралы» қаулы дайындалып, қабылданды. Филиал директоры Ксения Звереваның сөзінше, осыдан кейін полиция тарапынан кәсіпкерлерге бірен-саран қарсы келген жағдайлар да кездескенмен, құқықтық құжат көшірмесі көрсетілгенде райларынан қайтқан.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары берген деректер бойынша, осыған ұқсас қаулылар тек Сарыкөл, Жітіқара аудандарында, Боровское ауылы мен Қостанай қаласында ғана әрекет етеді. Басқа өңірлерде түйткіл өзектілігін жоймай отыр.
Мәселен, Федоров ауданында Палатаға шағымдар келіп түскен, бірақ оны «сырттан келген» бизнесмендер тарапынан тең емес бәсекелестік дерегі бойынша әрекет етуші дүкендер иелері жасаған. Бұл арнайы базары қызмет жасап тұрған аудан орталығына да, базары жоқ шағын елді мекендерге де қатысты болды. Ал сауда жасағысы келетіндер саны жеткілікті.
Палата қазір Қостанай облысының барлық аудандары мен қалаларында көше саудасына арналған арнайы орындарды анықтау қажеттілігі жайлы мәселені пысықтауда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: