«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұрсұлтан Назарбаев: «Табыспен жұмыс жасайтын экономика қағидаты – мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы, оны лайықты деңгейде қорғау»

2016 жылғы 06 Қаңтар
13427 просмотров

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақорда сайтында жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осылай деп мәлімдеді

Оның айтуынша, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды.

«Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады», - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, жаңа арманымызға қарай жақындауды Елбасының жарлығымен құрылған Модернизациялау жөніндегі Ұлттық комиссияның басшылығымен жүргізілген Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын жасаудан бастадық.

«Бес институционалдық реформа Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық қиындықтардың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде ерекше маңызды. Біз оларды экономикалық өсімнің сенімді қарқынын қалпына келтіру мен бүкіл халыққа берік әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы кең ауқымды шараларының басты құрамдасы ретінде қарастырамыз», - деп атады ҚР Президенті.

Бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалған.

Мемлекеттік қызмет, сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалармен бірге ауқымды жұмыс үшінші реформаторлық бағытқа – индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртулар кешенімен байланысты.

«Біздің ұзақ мерзімді ұстанымымыз экономика қызметіндегі транзакциялық шығындарды ұдайы қысқарту болуы тиіс. Олардың көлемі, ең алдымен, мемлекеттік институттардың қалай жұмыс істейтініне байланысты. Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар зор маңызға ие болады. Біріншіден, бұл арада әңгіме салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру туралы болып отыр. Бірте-бірте электронды пішімге көшірілетін тауарлы-көліктік жүкқұжат бақылауы енгізіледі. Сондай-ақ, құжаттардың сәйкестендірілуі пішіні негізінде салықтық және кедендік тексерулер ресімі оңтайландырылады. Тексерулерге шағым беру ресімі біртұтастандырылады», - деп атады Мемлекет басшысы.

Табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен көшу қарастырылады. 2017 жылы декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері – бұл шамамен 1,7 миллион адам – ұсынатын болады. 2020 жылдан бастап жалпыға ортақ декларациялаумен барлық жеке тұлғалар қамтылады.

Салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосылған құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы мәселесі қарастырылып жатыр. қолданыстағы салықтық режімдерді оңтайландыру жоспарланып отыр, онда 2017 жылдан салықтық кірістер мен шығыстардың есебі міндетті түрде енгізілетін болады. Бұл көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, табысты жұмыс істеп тұрған экономиканың маңызды қағидаты мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы, оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жайлар бизнестің оңалтылуы мен банкроттығының жаңғыртылған құқықтық қырлары бар Кәсіпкерлік кодексінде көрініс тапқан», - деп атады Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келеді. Оның қызметінің заңнамалық негізі де Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген.

Бұдан бөлек, онда мемлекеттік монополияға қарсы қызметтің құқықтық шеңберлері ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес егжей-тегжейлі баян етілген.

Жаңартылған монополияға қарсы қызмет еркін бәсекелестікті жан-жақты дамытуға бағдарлануы тиіс.

Мемлекет басшысы жаңалықтар жайлы айта келіп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап доминанттар тізілімі тек реттелетін рынок бойынша жүргізілетінін, ал 2017 жылдан бастап толықтай алынып тасталатынын атады. Тиісті тауарлы рыноктарға субъектілердің үлесін ұлғайтуға мұндай іс-қимылдар бәсекелестікті шектеу белгісі болмаған кезде ғана жол берілетін болады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеу алынып тасталады, оның орнына тек монополияға қарсы реттеу мен бақылау құралдары ғана пайдаланылады.

Монополияға қарсы қызмет жанынан жаңа институт – монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ететін келісім комиссиясы құрылатын болады.

«Мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара іс-қимылы мен әріптестігінің жаңа қағидаттары Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңның жаңартылған редакциясында көрініс тапқан. Олар өнімді сату үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл, сондай-ақ, Қазақстанда жаңа жоғары технологиялы өндірістер құруға қызмет ететін болады», - деп атайды мақаласында Мемлекет басшысы.

Фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды.

«Жаңа құқықтық нормалар жұмыс істеп тұрған 224 мыңнан астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне олар жалға алған 97,4 млн. га жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, кадастрлық құнының 50 %-ы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп-бөліп төлеу қарастырылған.

Бұдан бөлек, 102 млн. гектар запас жердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған 85,3 млн. гектарын да Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жекеменшікке аукцион арқылы сатып ала алады», - дейді мақаласында ҚР Президенті.

Мүлікті заңдастыру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандыру шаралары қабылданды. Құпиялылықты сақтауға, сондай-ақ,  Қылмыстық және әкімшілік қудалаудан қорғауға кепілдік беріліп отыр.

«Бұл капитал ағынын ұлғайтып, көлеңкелі экономика деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Заңды тұлғалардың оңалтылуы мен банкроттығы ресімдері заңнамалық деңгейде нақты және түсінікті бекітілген. Компаниялардың банкроттығы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпорындардың жұмысшыларын қысқарту арқылы тоқтап қалуына алып келмеуі тиіс», - деп қорытты Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, өндірістің өміршеңдігі мен жұмыс орындарын сақтау үшін төлеуге қабілетсіздікті сотқа дейінгі тәртіпте реттеудің жаңа тетігі жасалды. Ол борышкер мен кредиторға кәсіпорынды қаржылық сауықтыру мақсатында қайта құрылымдау мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Инвесторлар өздерінің шығындарын азайтуға, қалпына келтіруге мүмкіндік алады. 

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіруді белсенді ете түсу үшін жекешелендіруден, активтерді әділ нарық бағасы бойынша сатудан, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік инвесторларға жекешелендіруге барынша қатысуға жағдай жасау үшін шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданды.

Жекешелендірудің шешуші тетігі акцияларды қор рыноктарына ашық аукциондар арқылы орналастыру болады.

2016 жылдың І тоқсанында мүліктен айыруға жататын нысандардың тізімі қысқартылып, барлық акционерлердің квазимемлекеттік секторда иеліктен шығарылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды қарастыратын заң жобасы жасалатын болады.

Жаңа тетіктерді есепке ала отырып Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру басталды.

Осы құжат шеңберінде бәсекелесті ортаға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ пен «ҚазАгро» АҚ-тың мемлекеттік меншіктегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың құрамына кіретін 173 еншілес және тәуелді ұйымдары берілетін болады.

Сондай-ақ, 545 ұйымнан тұратын Жекешелендіру нысандарының қолданыстағы тізіміне өзекті сипат беріледі.

2016-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ активтерінің бір бөлігі бәсекелесті ортаға өткеннен кейін олар ықшам холдингтерге қайта құрылатын болады.

«Пайдасын ұлғайтуға мүдделі жеке бизнес қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, өнімінің сапасын жоғарылатады, бәсекелестік өсетін болады, демек – ұсынылатын қызметтің бағасы төмендейді», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, аграрлық секторда әкімшілік кедергілер қысқарады.

«Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді. Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», - деп атады Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы баса көрсеткендей, экономикалық өсімнің жаңа бастауын қалыптастыру мен қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда бүгінде «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасы маңызды шара болып отыр.

«Оған қатысушылар – импорт алмастыруға бағыт ұстанған өндіріс секторының аса перспективалы компаниялары. 32 компания – «ұлттық чемпиондар» 2019-2020 жылдарға қарай ішкі тікелей инвестицияларды шамамен 750 млн. доллар көлемінде өсіруді, шамамен 15 мың жұмыс орнын құруды, еңбек өнімділігін 30-50 %-ға арттыруды және шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін 260 млн. долларға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді», - деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер