Алда атқарар жұмыс көп
Биылғы жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасына 600-ден астам өтініш келіп түскен – бұл ӨКП жұмысының тиімділігінің куәсі
Өтіп бара жатқан жылға қорытынды шығарып, болашаққа жоспар белгілеу дәстүр болып қалыптасты.
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылды қандай нәтижелермен аяқтағалы отыр? Оның қызметі жергілікті бизнес-қоғамдастық үшін қаншалықты тиімді әрі пайдалы болды? Әрі алдағы жылда қандай келешек күтіп тұр?
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Уәлихан Ғабдуллин palata.kz-ке берген сұхбатында жұмыс нәтижелерімен бөлісіп, болашақ жоспарлар жайлы айтып берді.
Бір айта кететіні, Уәлихан Ғабдуллиннің Палата қалыптасуына қосқан жеке үлесіне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығы лайықты түрде баға берді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Уәлихан Ғабдуллин экономика мен жеке кәсіпкерлік дамуы жолында жасаған ерекше қызметі үшін «Атамекен» ҚР ҰКП ІІІ дәрежелі медалімен марапатталды.
- Уәлихан Мүташұлы, Кәсіпкерлер палатасы ҰКП құрылымы ретінде бизнес мүддесін қорғауда белсенді орында тұр. Жыл бойы маңызды да өзекті мәселелермен жұмыс жасалды. Алға қойылған қандай міндеттерді шешуге қол жеткізе алдыңыздар?
- Ең алдымен, «Атамекен» ҚР ҰКП басшылығына маған білдірген сенімі мен Палата қызметіне берген бағасы үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл ортақ мақсаттар мен міндеттер жолында топтасқан ұжымымыздың да еңбегі деп білемін.
Жақында ғана ӨКП дирекциясының есептік кездесуін өткізіп, онда атқарған жұмысымыз жайлы айтылған еді. Сұхбат алаңының жаңа форматын өңір қоғамдастығының қуана қарсы алғанын атап өтейін. Облыстың түрлі өңірлерінен 300-ден астам делегат жиналды. Олардың арасында кәсіпкерлер де, жергілікті атқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері де болды.
Қысқаша түрде атқарған жұимысымыздың тиімділігін сипаттайтын деректерді келтірейін. Биылғы жылы 600-ден асып түскен өтініштер саны ұйымымыздың сұранысқа ие екенінен хабар береді. Оның ішінде шамамен 400 өтініш бизнесті қорғау желісі бойынша тіркелген (жергілікті атқару органдарының заңсыз әрекеттері, жер қатынастары саласындағы даулы мәселелер, субсидия беру кезіндегі атқару органдарының әрекеттеріне шағымдар, кредит алу кезіндегі түйткілдер және т.б.). Әрбір үшінші мәселенің оң шешім тапқанын, кәсіпкерлер үнемдеген қаражаттың жалпы сомасы 128 миллион теңгеден асып түскенін атап өтейін. Ауызша өтініштер жайлы айтып отырған жоқпын. Біз мәселелерді «нон-стоп» режимінде, кейде тіпті жол-жөнекей шеше береміз. Мәселен, жақында ғана дөңгелек үстел барысында белгісіз себептермен жергілікті энергия бөлуші компания жарық беруді тоқтатқан кәсіпкер жүгінген болатын. Мәселе сол жерде телефоннан қоңырау шалынып, шешілді.
Басқа бір басымдылықты бағыт – бизнесті сервистік қолдау аясында 1 мыңнан астам ісін бастаушы кәсіпкер және кәсіпкерлік бастамаға ие тұлға «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, қаржылық есеп жүргізу, бизнес-жоспар жазу және т.б. бойынша қажет білімге ие болды. Бір айта кететіні, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында облыстың барлық аудандарында сервистік қызметті өз бетімізше көрсетуге шешім қабылдадық (мұндай жауапкершілікті тек 4 өңірлік палата ғана мойындарына алды). ӨКП бүгінде сервистік қызмет көрсету бойынша алға қойылған жоспарын асыра орындап, 1300-ден астам кәсіпкер бухгалтерлік, заңгерлік қызметтер, мемлекеттік сатып алулар және басқалары сияқты 8 бағыт бойынша тегін қызмет алды. Биылғы жылы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын ашып, облыс көлемінде 19 КҚО жұмыс жасап жатқанын атап өткім келеді.
Өңірлік даму картасын дайындау жұмыстары жалғасуда, Картаға енгізу үшін инвестициялық жобаларды іріктеу мақсатында өңір кәсіпкерлерімен кездесулер өткізілуде, әлеуетті инвесторлар іздестірілуде.
- Кәсіпкерлікті қолдау үшін тағы да қандай іс-шаралар бастамаладыңыздар?
- Биыл біздің ұжымымыз үшін маңызды оқиға орын алды. «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауының арқасында жұмыс жағдайын сапалы түрде жақсартуға қол жеткіздік – жаңа бизнес-орталыққа көштік. Бизнес-орталық инженерлік технологиялар саласындағы соңғы мүмкіндіктермен жобаланған әрі кеңселерге қойылатын барлық талаптарға жауап береді. Ол жарқын сәулетімен және сыйымды конференц-залы бар ішкі кеңістікті ұйымдастырудың айрықша тұжырымдамасымен ерекшеленеді. Бір айта кететіні, бұл осы базада тиімді сұхбат алаңын құруға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылдың тамыз айынан бері әр апта сайын мұнда белгілі бір салалар кәсіпкерлерінің мүдделі құрылымдармен, мемлекеттік органдар өкілдерімен толғақты түйткілдерді шешуге арналған кездесулері өткізіліп тұрады. ЖЖМ бөлшек сату саласындағы кәсіпкерлермен, жүк тасымалдаушылармен, ауылшаруашылық тауар өндірушілермен субсидиядау мәселелері жөнінде өткен кездесулер біршама тиімді әрі сындарлы болды. Ерекше қажеттілікке ие кәсіпкерлер түйткілдерін ӨКП «Көкшетау қаласы «Шанс» Мүгедектерді оңалту жөніндегі орталығы» қоғамдық бірлестігімен бірге көтерді. Аталмыш бірлестік төрағасы Василий Шиманский Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрамына кіргізілді. Өңірлік кеңес мүшесі Әсен Жақсылықовтың бастамасымен ай сайын ӨКП алаңында Ашық есік күні – кәсіпкерлер мен жергілікті атқару органдары басшыларының кездесулері өткізіліп тұрады.
Ақпараттық кеңістіктің маңыздылығын түсіне отырып, ҰКП жұмысын ашу мәселесіне жеке көңіл бөлеміз. «Бизнес-идея» телебағдарламасымен бірге жаңа медиажоба – «Кәсіпкер хабаршысы» іскерлік басылымы жақында жарық көрді. Оның негізгі міндеті интернетке кіре алмайтын шалғайдағы ауылдық округтер тұрғындары мен кәсіпкерлерді бизнес жаңалықтары жайлы ақпараттандыру болып табылады.
- Жаңа жылда қандай келешек күтіп тұр?
- Мемлекет басшысымен кездесу барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы – ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен Палата Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың ҚР Президентіне 2015 жылғы Ұлттық палата қызметінің қорытындылары жайлы, сонымен қатар алдағы кезеңге арналған жоспарлар жайлы ақпарат бергені белгілі. Осының аясында ҰКП келесі жылы қосымша жаңа басымдылықтарды енгізуде. Жаңа жылда осы тұрғыдан атқарар жұмысымыз жеткілікті.
Сонымен бірге, ауылшаруашылық кооперация аясында жергілікті нарықты зерттеуге бағытталған кешенді шаралар жүйесін құру, тауар өндірушілер қажеттіліктеріне, олардың экономикалық қызметінің тиімділігіне, өңір аумағындағы инвестициялық климатқа талдау жүргізу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қатысушыларының тізілімін қалыптастыру және көптеген басқаларын жасау қажет.
- Дәстүр бойынша, жаңа, 2016 жылы жерлестеріңізге қандай тілек айтасыз?
- Жаңа жылда шын жүректен ерекше көңіл-күй, әрбір бастамаға ерекше шабытпен, күш-қуатпен кірісуді тілегім келеді. Алда отбасыңызға молшылық, амандық, ертеңгі күнге деген сенімділік, зор денсаулық және қарапайым ғана адам бақытын әкелетін керемет оқиғалар күтіп тұрсын!
Пікір қалдыру:
Пікірлер: