«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Аудандарда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылады

2014 жылғы 05 Наурыз
3668 просмотров

Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары еліміздің әр ауданында жұмыс істейтін болады. Бұл туралы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуының барысы баяндалған Үкімет отырысында айтылды.

Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, Бизнестің жол картасы бағдарламасы өзін-өзі ақтады. Оған дәлел, елдегі әрбір бесінші жұмыс орны қазір осы бағдарлама шеңберінде ашылса, индустрияландыру картасының әрбір төртінші жобасы бағдарлама арқылы қолдау тапқан.

Жол картасын жүзеге асырудың нәтижесінде 229 мыңнан астам жұмыс орыны құрылды. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы шамамен 70 мың теңгеге жеткен.

Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Үкімет биылдан бастап аудан орталықтарында кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашпақ.

Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Қазір мұндай орталықтардың 17-і ірі шаһарларда, 27-і шағын қалаларда жұмыс істеп тұр. Осылайша, елімізде бизнесті ашу және жүргізу, мемлекеттік қолдау шарттары мен тетіктері бойынша бірыңғай бизнес инфрақұрылымы құрылмақ.

Үкімет басшысы Серік Ахметов мұндай орталықтарды аудандарда ашпас бұрын арнайы сараптама жүргізуді тапсырды. Яғни, сұраныс бар елді мекендерде ғана кәсіпкерді қолдау орталықтарын құру қажет, деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, жиында ұлттық кәсіпкерлер палатасы екінші деңгейлі банктерден несие алудың жолын оңтайландыруды сұрады. Нақтырақ айтқанда, кепілге қойылатын активтерді бағалаудың жүйесін өзгерту ұсынылды.

Серік Ахметов Өңірлік даму министрлігіне отырыста айтылған мәселелерді ескере отырып, наурыздың 15-не дейін бағдарламаны одан әрі жетілдіру мақсатында арнайы ұсыныс енгізуді міндеттеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер