«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жүк көлігінің иесі қайтадан жолға шықты

2015 жылғы 18 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
9986 просмотров

Алысқа қатынайтын жүргізушінің түйткілін шешуге көмек берілді

Алысқа қатынайтын жүргізуші Андрей Стрелецтің айтуынша, 8,3 тонна биогумус тиеген машина жол бойында Ақмола және Қарағанды облыстары көлік бақылау бекеттерінен ойдағыдай өткенмен, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Шығанақ бекетінде күтпеген түйткілге ұшырайды.

«Салмақ өлшеу кезінде артқы жартылай өсте 2,2 тонна мөлшеріндегі артық салмақ анықталды, - деп түсіндірді мәселенің мәнісін Андрей Стрелец. – Көлік инспекторлары хаттама жасап, 1 миллион 270 мың теңге сомасына айыппұл салды. Мен үшін бұл көп ақша, әрі екі облыстан ойдағыдай өтіп тұрып, бұзушы болып шыға келгеніміз қалай?»

Әділдік үшін айта кетсек, бұзушылық болғаны анық, бірақ мұнша көлемде емес. Бұл сәл кейін қайтадан салмақ өлшегенде анықталды. Андрей Стрелецтің жүкті уақытында жеткізуіне қалыптасқан жағдайда жүгінетін жерді дұрыс тауып, нақты бағдар алуы көмек болды. Яғни Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгінгені жөн болды.

«Белгі түскен бетте бірден облыстық прокуратураға хабар бердік, - дейді ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов. – Осыдан кейін Мойынқұм ауданы прокуратурасының базасында мобильдік топ құрылып, оқиға орнына жол шектік. Жағдай қайтадан өлшегеннен кейін ғана шешілді».

Андрей Стрелецтің сөзінше, қайтадан салмақ өлшеу 208 келі мөлшерінде ғана артық жүктелгенін көрсетті. Ал айыппұл 1 миллион 270 мың теңгенің орнына 39 мың теңгені құраған. Басқаша айтқанда, айырмасына қараңыз…

Айыппұлды төлегеннен кейін ауыр жүк тасымалдаушы MAN 627 бүгін түстен кейін оңтүстік астанаға жолын жалғастырды. Анықталмаған мәселе: бір ғана салмақ өлшегіш қалайша екі тоннаны да, екі жүз келіні де көрсете алатыны қалай?..   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер