Сергей Терещенко: «Ұлы дала тауары» бренді жоғары сапа белгісіне айналуға тиіс»
Экс-премьер қазақстандық тауар белгісін құрудың өзектілігі мен қажет екені жайлы сөз етті
Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі, қазірде кәсіпкер Сергей Терещенко түрлі бағыттарда еңбек етеді. Оның компаниялары күркетауық етін, балық, бал өндіреді, алма өсіреді. Өнімнің үштен бірі экспортқа шығарылады. Отандық тауарға деген сұраным, оның айтуынша, ішкі нарықта да, шетелде де жыл өткен сайын өсіп келеді. Тауар өндіруші ретінде Сергей Александрович қазақстандық өнімнің отанымыздан әлдеқайда тысқары жерлерде оңай танылуын қалайды.
“Үнемі сатып алушының қажеттілігіне қарай қимылдаймыз. Күркетауық етін, тіпті ол еттен қазы жасауды да үйреніп алдық және бұл шұжық ресейліктердің көңілінен шығып отыр. Оның үстіне, бүгінде қазақстандық бал Гонконг, Корея, Еуропа, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Қытай оның көтерме жеткізілуіне мүдделі. Осындай бізде ғана өндірілетін, не болмаса ерекше жоғары сапада жасалатын мұндай тауарлар баршылық. Біздің өнімімізді күллі әлемдегі тауар сөрелерінен оңай таныта алатын брендті шығаратын уақыт келді. Сондықтан да Мемлекет басшысының қазақстандық тауар шығару туралы бастамасына алғашқылардың бірі болып үн қаттым. Ол сонымен қатар халықаралық сахнада еліміздің имиджін көтереді деп санаймын”, - дейді Сергей Терещенко.
Мемлекет басшысының биылғы жылдың шілде айында өткен жалпы ұлттық телекөпір барысында елімізді күллі әлемде танытатын Қазақстандық бренд құру қажеттігі жайлы мәлімдегенін еске саламыз. Тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «Конституция: бірлік, тұрақтылық, гүлдену» ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөз алып, Қазақстанды «Ұлы дала елі» деп атауды ұсынған еді. Сергей Терещенко өз кезегінде жаңа бренд атауының бірден бірнеше нұсқасын ұсынды - “Ұлы дала өнімі”, “Ұлы дала тауары”. Идеяға 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» Сыйлығын өткізу аясында жекелеген «Ұлы дала тауары», «Ұлы дала қызметі» номинацияларын қосуды ұсынған Қазақстан тауар өндірушілерінің І Форумына қатысушылар да қолдау көрсетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: