Екі жылдан кейін есіне түсті
Ет әкелуге квоталардың күші жойылғаннан кейін кәсіпкерлерге миллиондаған үстеме салық салынды
«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесі отырысында кедендік әкелу баждарының сараланған тарифтік мөлшерлемелерін қолдану кезіндегі кәсіпкерлер түйткілдері қаралды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден мемлекеттік табыс органдары қызметкерлерінің Қазақстанға 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі белгіленген тарифтік квоталар аясында әкелінген «жаңа мұздатылған ет» тауарына қатысты заңсыз әрекеттеріне шағымдар келіп түсті («IVY INTERTRADE» ЖШС, «UNITED INDUSTRIES» ЖШС, «КазРосс-2» Сауда үйі» ЖШС, «Фахрад» ЖШС).
«Сонымен, 2013 жылға квоталарды 38 компания алған, оның ішінде жартысынан астамына Мемлекеттік табыс комитеті қосымша үстеме салық салып отыр. Мәселенің мәні неде? Компаниялар 2013 жылдың соңына дейін әрекет еткен квоталарды алды. Аталмыш квоталар әрекеті аяқталғанға дейін алдын-ала декларация беріліп, жүктер әкелінді де, сәл кеш, қаңтар айында шығарылды. Оның үстіне Мемлекеттік табыс комитеті мен кеден органдары қызметкерлері бұл тауарларды босатып, квоталар әрекетін заңсыз деп таныды. Осыдан соң 2 жылдан кейін камералдық тексерістер өткізіп, 2 жыл ішінде квоталар күшін жойды да, өсімпұлды есептегенде, барлық төлемдерді толығымен қайта есептеді. Квота болғанда 27% мөлшерлеме, квотасыз 80% төлейтініңізді атап өткім келеді. Яғни үстеме төлем, әрине, аса көлемді. 4 компания бойынша ғана 650 млн. теңгеден асып түсті», - деп жеткізді ҰКП кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған компаниялар алдын-ала декларациялау құқығын пайдаланған. «Кеден заңнамасында алдын-ала декларация беру мәселесі аса анық мәлімделген. Алдын ала декларацияны қайта қарауға болатын екі жағдай ғана бар – бұл, егер тауар қандай да бір себептермен әкелінбесе және, егер бұрын мәлімделмеген жаңа тыйымдық шектеулер енгізілсе. Бұл жағдайда ондай ештеңе де болмаған», - деп атады Дина Мамашева.
«Мемлекеттік табыс органдарының аталмыш мәселелерді мұқият қарауын және үстеме төлем бойынша ақтық шешім қабылдағанға дейін аталмыш сомалардың кәсіпкерлерден үстеліп алынуы жөніндегі әрекеттерді тоқтата тұруын сұраймыз», - деп мәлімдеді ол.
Кеңес төрағасы Ғани Қасымов өз кезегінде мынадай қарар ұсынды: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Мемлекеттік табыс комитетіне мемлекеттік табыс органдарының тарифтік квоталар аясында ресімделген кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша қарыздарын жабу туралы хабарламаларының күшін жоюы туралы мәселемен жүгінуін ұсынамыз», - деді ол.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: