«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер ҰКП жанынан адвокаттар пулын құруды ұсынады

2015 жылғы 09 Қараша
8819 просмотров

Адвокаттар сот тәртібінде шенеуніктер озбырлығынан қорғайды деп болжануда

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Мир круп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен хат келіп түсті. Кәсіпкерлер қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріпті. Компания «Астана – жаңа қала» Арнайы экономикалық аймағында 2 млрд теңге сомасына азық-түлік өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жобаны жүзеге асыруды бастапты. Алайда кеден органдары АЭА аумағында өндірістік нысандар құрылысы үшін әкелініп жатқан материалдарға заңсыз кедендік баждар мен салықтар салып, компания жұмысына бөгет жасаған. Ақырында бұл шетелдік инвестордан айрылуға алып келген.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізіп, сот отырысына тікелей қатысқан ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаменті қызметкерлерінің қолдауы мен кәсіби әрекетінің арқасында мүддемізді қорғап қала алдық. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешімді біздің пайдамызға шығарды», - деп аталған құжатта.

Хатта сонымен қатар ҰКП құрылымында «кәсіпкерлерді қорғап қана қоймай, сот тәртібінде еліміздегі бизнеске кедергі жасап жүрген шенеуніктерді жазалауға қол жеткізетін» кәсіпқой сот адвокаттарын құру қажеттігі туралы ұсыныс айтылған.

Кәсіпкерлер фискалдық органдардың кәсіпкерлерге қарсы сот дауын соңғы инстанция – Жоғарғы сотқа дейін жеткізу теріс тәжірибесі іс жүзінде бизнеске қысым жасаудың заңды механизмі болып табылатынын баса көрсетеді. «Сот 2 жылға созылуы мүмкін, және де осы уақыт бойында кәсіпкерлер кеден, салық органдары және прокуратура тұлғасындағы мемлекеттік машинаның күллі қуатына қарама-қарсы жалғыз қалады. Олар уақыты мен ақшасын бизнесті дамытудың орнына сотқа құртуға мәжбүр. Ал нақты лауазымды тұлғалар мен олардың басшылары тіпті сотта жеңілген жағдайда да ешқандай жауапкершілікке тартылмайды», - делінген хатта.

Компания ҰКП Төралқа басшысы Тимур Құлыбаевқа, сондай-ақ Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовке Ұлттық палатаның бизнес құқығын және мүддесін қорғау саласында жүргізіп отырған жұмысы үшін алғыс білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер