«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғани Қасымов: «Бизнесте екінші кезекті мәселе деген болмайды»

2015 жылғы 05 Қараша
- Жетісу облысы
10871 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесі алғаш рет аудан орталығында өтті

Жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатына қарамастан, неліктен әкімдіктер қоқыс полигондарын салмайды? Талғар ауданының әкімі не себептен жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңнаманы бұзады? Алматы облысы Панфилов ауданы ауылшаруашылық бөлімінің кәсіпкерлердің субсидия алуға тапсырған өтінімдерін қабылдаудан бас тартуына не себеп?

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Талғар қаласында ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Ғани Қасымовтың қатысуымен өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысында осы және басқа да мәселелер талқыланды.

Түйткілді мәселелерді талқылауға сонымен қатар мемлекеттік органдар өкілдері мен өңір кәсіпкерлері шақырылды.

«Бүгін алғаш рет Кеңестің көшпелі отырысын облыс орталығында емес, ауданда өткізіп отырмыз. Бұдан былай кәсіпкерлер түйткілдерін жалпы ел бойынша да, сондай-ақ мемлекетіміздің жеке алынған аудан орталықтарында да көпшілікке жария қылып отыратын боламыз, себебі екінші дәрежелі түйткілдер деген болмайды, - деп атады ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов отырыс жұмысын аша отырып. – Бір аудандағы лауазымды тұлғалардың анықталған бұзулары мысалында мұндай бұзулар басқа да аудандар мен қалаларда бар деген заңды қорытынды жасауға болады. Біз үшін бизнестің дамуына кедергі келтіретін жүйелік түйткілдерді ашу және жою, сонымен қатар әрбір кәсіпкерге оның түйткілі жоғарыдағылардың құлағына шалынып, оны шешу жөніндегі шаралар қолданылатынына деген сенім беру маңызды».

Жиналыста 2015 жылы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер құқығын бұзудың нақты деректері бойынша 100-ден астам өтініш келіп түскені аталды. Оның ішінде Палата қызметкерлері жағдайлардың жартысынан астамында оң нәтижеге қол жеткізе алды. 2015 жылдың өзінде Палата 110 миллионнан астам теңге сомасына шағын бизнестің мүддесін қорғап қалған.

Отырыстың бірінші мәселесі Алматы облысы әкімдіктерінің бюджеттік және экологиялық заңнама талаптарын орындамау түйткілі болды.

Ұлттық палата өкілдері бюджет заңнамасына сәйкес бюджет комиссиялары құрамына енгізілуге тиіс болатын. Алайда заң бұзылып, аталмыш талап 16 аудан мен 3 қаладан тек қана 2 аудан мен 1 қалада ғана орындалған. Қорытынды ретінде, бизнес бюджет қалыптасуы мен облыстың да, аудандардың да бюджеттерінің нақтылануы және орындалуы бойынша ұсыныстар дайындауға қатысу мүмкіндігінен айрылып отыр.

Аталмыш дерек бюджет қаражатының игерілмеуі сияқты бұзуларға біршама дәрежеде себін тигізеді. Мәселен, Алматы облысында әкімдіктің сәйкес қаулысымен полигондарды орналастыру үшін 300-ден астам орын белгіленген. Алайда, Экология департаменті берген деректер бойынша, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған 8 ғана заңды полигон функция жасап тұр. Және де бұл қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға ақша, техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама дайындауға бюджеттен ақшалай қаражат бөлінгеніне қарамастан орын алып отыр. Нәтижесінде экологиялық эмиссияны төлемегені үшін заңсыз түрде жауапкершілікке тартылатын қарапайым кәсіпкерлер зардап шегеді.

Күн тәртібінің келесі мәселесімен Талғар ауданы әкімдігінің жер қатынастары саласындағы бұзулар анықталды. Аудан әкімі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң талаптарын бұза отырып, өзінің Талғар ауданы әкімдігінің жер мәселелері бойынша қаулысына қол қою уәкілеттігін орынбасарына берген.

«Тәжірибемізде әкімдіктер жұмысындағы бұзулар салдарынан әкімдіктердің белгілі бір кезеңдегі жер телімдерін беру туралы барлық қаулыларының күші жойылған оқиғалар да болған. Бұл кәсіпкерлер үшін жағымсыз салдарға әкелетін еді: жер телімдерін сатып алу-сату шарттарының күші жойылады, телімдер мемлекетке қайтарылады, ал адал ниетті сатып алушы – кәсіпкерлік субъектілері ақшасыз әрі жерсіз қалатын», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев. Оның айтуынша, Ұлттық палата жүйесіне келіп түсетін өтініштердің 20%-ы дәл осы жер қатынастары саласына келеді.

«Көбінесе бизнесмендер әкімдіктердің жергілікті атқару органдарына берілетін өтініштерін қарау мерзімдерін бұзуына, қандай да бір мемлекеттік қызметті көрсетуден заңсыз бас тартуына, қалаларда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауына және т.б. ұшырасып отырады», -  дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Кеңес отырысы күн тәртібіндегі қорытынды тармақ жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілердің субсидия алу мәселесі болды. Көбінесе уәкілетті органдарға қаржылай қолдау алу мақсатында жүгінетін кәсіпкерлер бірқатар бюрократиялық кедергілерге, кейде тіпті заңның көпе-көрнеу бұзылуына тап болып жатады.

Уәкілетті орган субсидия беруден негізсіз бас тартатын, не болмаса кәсіпкерлерден заңда көзделмеген құжаттарды сұрататын жағдайлар кездесіп тұрады. Алматы облысы агроөнеркәсіп кешені саласында осындай бұзулардың тұтас бір бөлігі анықталды.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің бастығы Ерлан Датқаев хабарлағандай, ауыл шаруашылығының басым бағыттарын субсидиялау жағынан заңнаманы бұзу негізінде облыстағы Панфилов, Райымбек және Қарасай аудандарында байқалады.

«Мемлекеттік органдар кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасайды. Олардың әрекеттері кәсіпкерлікті қолдау жөнінен Мемлекет басшысының саясатына қайшы келеді», - деп мәлімдеді өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелеріне сәйкес, субсидиялар тауар өндірушілерге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сонымен қатар мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін көтеруге төленеді. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыспен айналысатын тауар өндірушілерді субсидиялау басым орында. Кәсіпкердің өтінімі түскен күннен бастап бес жұмыс күні бойында қаралуға тиіс, ал уәждемелі бас тарту жағдайында оған екі күн ішінде ақпарат беру керек. Іс жүзінде мал өсірушілерге субсидия беруге ғана емес, құжаттарын қабылдаудан да бас тартылады.

«Селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізу» бағыты бойынша субсидия алуға өтінім қабылдаудан бас тарту сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзу болып табылады деп пайымдаймыз», –  деп түйіндеді Ерлан Датқаев.

Төраға Ғани Қасымов Кеңес отырысына қорытынды жасай отырып, «Палата жер-жерлердегі ірі шенеуніктердің ашықтан-ашық шектен шығуларын ғана емес, аудан деңгейіндегі сорақы заң бұзу деректеріне де жұртшылықтың көзін ашатын болады», - деп атады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер