«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Теріден жасалған өнімдерді таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны енгізу

2015 жылғы 30 Қазан
12058 просмотров

Үстіміздегі жылдың 30 қазанында Ұлттық палатада мемлекеттік органдар, негізгі импорттаушылар мен өндірушілердің қатысуымен теріден жасалған өнімдерді таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру мәселелері бойынша жиналыс өтті. Жиналыс барысында Қазақстанның пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы дайындығы жайлы пікір және ақпарат алмасу орын алды. Бизнес өкілдері сонымен қатар Келісімде, сонымен қатар бекітуге жоспарланып отырған құжаттар жобаларында берілген нормаларды тәжірибеде қолдануға қатысты өз ұстанымдарын ортаға салды.

Қазақстандық тараптың талап етуімен тауарларды таңбалау пилоттық режимде енгізілетінін еске саламыз. 8 қыркүйекте Беларусь Республикасы Гродно қаласында 2015-2016 жылдары «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар жайғасымы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазірде аталмыш Келісімді мемлекет ішінде ратификациялау процедуралары жүргізілуде.

Келісім нормалары Тізбеге енгізілген тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерінсіз сатып алуға, сақтауға, пайдалануға, тасымалдауға және сатуға тыйым салады. Пилоттық режимде күзен, құндыз, поляр түлкісі, түлкі, көжек/қоян, жанат және қой терісінен жасалған киімдер заттары таңбалауға жатады (СЭК ТН 7 он таңбалы коды).

Келісімнің тікелей бизнес мүддесін қозғайтынын және кәсіпкерлік қызмет шарттарына әсерін тигізетінін назарға ала отырып Ұлттық палата Келісім нормалары мен пилоттық жобаны Қазақстанда жүзеге асыру механизмін талқылауды бастамалады.

Үстіміздегі жылдың қараша айында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде Келісімді жүзеге асыруға пилоттық жобаны іске қосудың ұлттықтың үстіндегі нормативтік-құқықтық негізі болатын техникалық құжаттарды бекіту болжанып отырғанын атап өту керек. Аталмыш құжаттар теріден жасалған өнімдерге таңба болатын бақылау белгілеріне қойылатын бірыңғай талаптарды, сонымен қатар теріден жасалған өнімдерді импорттаушылар мен өндірушілерге қойылатын талаптарды реттемелейді.  

Ұлттық палата ұлттықтың үстіндегі заңнама талаптарының пилоттық жобаны жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлер үшін ауыр әрі тым күрделі болып табылатынын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Жалпы Одақтағы таңбалауды енгізудің ақтық мақсатқа сәйкестігі пен табысы негізгі құжаттарда жазылған жүзеге асыру шарттарына тәуелді болатынын түсіну қажет. Палатаның ресми ұстанымдарын таңбалауды енгізу жөніндегі құжаттар жобалары нормаларын келісу бойынша өткен келіссөздер мен жұмыстар барысында Экономикалық интеграция департаментінің сарапшылары да, Басқарма Төрағасының орынбасары Жүнісова Дана да жеткізген еді.  

Бақылау белгілері жайлы айтар болсақ, бұл жерде мұндай белгілерге қойлатын талаптардың RFID - Radio Frequency Identification (радио жиілікті сәйкестендіру) технологиясын пайдалануды болжайтынын атап өткен дұрыс болар. Аталмыш ұсыныс Одақ аумағындағы тауар айналымы кезінде бақылау белгілерін тану мақсатында ресейлік және белорустық тараптың талап етуімен кіргізілді.    

RFID-белгілер – бұл заманауи ақпараттық технологиялар, бірақ RFID технологиялардың кең таралмауына орай Қазақстан үшін, мұндай белгілерді өндіру жөнге салынған көршілермен салыстырғанда, RFID-белгілерді қолдану белгілі бір қиындықтар тудыратынын түсіну керек.  

Сонымен қатар RFID-белгілерді қолдану мұндай бақылау белгілерінің ақтық құнына тікелей әсерін тикізетінін, ал оның ақтық тұтынушыға арналған өнім құнынан көрініс беретінін естен шығармау керек. Және де бүгін бәрі де ең басты сауалға жауап бере алмай қиналуда: кәсіпкер үшін бақылау белгісінің құны қанша болмақшы? Бақылау белгісінің бағасы тон құнына «еніп кететініне» сену ғана қалады.

Таңбалаудың ақпараттық жүйесінің жұмысы да аса маңызды болып табылады. Ол әрбір теріден жасалған өнімді импорттаушы/өндіруші жүйеге кіруін және жеке кабинетте тауарлар туралы барлық деректерді енгізіп отыруын болжайды (14-ке жуық түрлі мәліметтер).

Ең қызығы осы кезеңде басталады. Таңбалаудың ақпараттық жүйесі Дүниежүзілік GS1 Автоматтық сәйкестендіру қауымдастығының стандарттарына негізделген. Теріден жасалған өнімдерді импорттайтын және өндіретін кәсіпкерлер Global Trade Item Number (GTIN) және GLN Идентификатор жүйесіне GS1 Қауымдастығы жасақтайтын тауарды әзірлеушіні беріп отыруға тиіс.   

Анықтама үшін: GS1 бұл әлемдегі 108 елде ұлттық ұйымдар ұсынған ерікті коммерциялық емес Қауымдастық. 2005 жылы 2005 EAN (European Article Numbering) және UCC (Uniform Code Council) жүйелері бір тұтас болып біріккеннен кейін Қауымдастық жаңа атауға ие болды.  Global Standards One (GS1) атауы - GS1 мүшелері болып табылатын 1 миллионнан астам компания қолданатын бірыңғай стандарттардың қолданылуынан хабар береді

GS1 өнім, қызмет, кәсіпорын, көлік бірліктері, мекенжай деректері жайлы мәліметтерді сәйкестендіріп, олар туралы ақпарат беруге мүмкіндік беретін тауар нумерациясы мен штрихті кодтау стандарттарының көп салалы халықаралық жүйесін басқарады

Қазақстанда GS1 Kazakhstan Автоматты сәйкестендіру қауымдастығы бар. Аталмыш қауымдастық GS1 Бас Сертификаттау талаптарына сәйкес GS1 Kazakhstan-да берілген және тіркелген 487 санынан басталатын тауарлар мен қызметтердің сәйкестендіру нөмірлерін береді.

Бұл кодтарды алу үшін Қауымдастық мүшесі болып, 150-350 АҚШ доллары дәлізінде өзгеріп отыратын деңгейдегі кіру және жыл сайынғы мүшелік жарналарды төлеп отыру қажет екенін атап өтеміз. Осылайша, тауарды таңбалау құнына бақылау белгісінің бағасымен бірге GS1 стандарттарын пайдалану құны да қосылады.    

Қазақстанда таңбалауды енгізудің болжамды тәсілі туралы ақпарат берілгеннен кейін, талқылау барысында бизнес өкілдері теріден жасалған өнімдерді импорттау кезінде кедендік қоймаларда кедендік тазарту кезінде тауарларды таңбалау жөніндегі барлық қажет процедураларды өткізу мүмкіндігі ең оңтайлысы болар еді, деген ой айтты. Мұндай әрекеттестік формасы импорттаушылар үшін қолайлы болып табылады және кәсіпкерлер үшін артық шығындардың болмауына мүмкіндік береді.   

Мемлекеттік органдар мен «ҰАТ» АҚ өкілдері берген ақпарат бойынша, Қазақстанда пилоттық жобаны жүзеге асырудың бірқатар мәселелері реттелмей қалып отыр. Қазірде пилоттық жобаны жүзеге асырумен байланысты ұлттық заңнамаға жасалатын қорытынды өзгерістер мен ықтимал нұсқалар талқылануда. Олар Ұлттық палата қарауына ұсынылады.

Қазақстандық теріден жасалған өнімдер сауда-өнеркәсіптік қауымдастығының басшысы Ведяшев С.А. «сұрқай» импортпен және көршілес мемлекеттерден Қазақстан нарығына контрабандалық өнімнің ықтимал ағылуына байланысты салмақты қаупін жеткізді. Қаржы министрлігінің өкілдері өз кезегінде таңбалаудың тауарларды заңсыз әкелумен күресте тиімді құралға айналуға тиіс екенін және тауарлардың Қазақстан аумағындағы қозғалысын бақылауға ғана емес, трансшекаралық саудада мүше мемлекеттермен таңбаланған тауарлар туралы ақпарат алмасуға да мүмкіндік беретінін баса көрсетті.

Дей тұрғанмен алда атқарар жұмыс жеткілікті. Пилоттық жобаны енгізу мерзімі аса тығыз – 2016 жылғы 1 сәуірде таңбалаудың ақпараттық жүйесі қызмет жасай бастауға тиіс. Жиналысқа қатысушылар Қазақстанда тауарлардың таңбалануын енгізудің бизнес үшін оңтайлы әрі қолайлы нұсқаларын біршама егжей-тегжейлі талқылау үшін бір айдан кейін тағы бір кездесу өткізуге келісті.

Анықтама үшін: Қазақстан Республикасында таңбалауға жататын тауарлар Тізбесіне кіргізілген тауар жайғасымдары бойынша теріден жасалған өнімдердің импорты 2013 жылы жалпы сомасы 6 634,9 мың АҚШ долларына 59 637 дананы құрады. 2014 жылы аталмыш көрсеткіш 3 222,8 мың АҚШ долларына 27 150 дананы құрады. Үстіміздегі жылдың 8 айында 1 874 мың АҚШ доллары сомасына теріден жасалған өнім әкелінген.

Аталмыш жайғасымдар бойынша ЕАЭО елдеріне (Ресей) теріден жасалған өнімдер экспорты 2013 жылы 2 338,3 мың АҚШ доллары сомасына 13 210 дананы құраған, 2014 жылы – 1 478,7 мың АҚШ доллары сомасына 34 126 дана және 2015 жылғы 8 айда – 1,7 мың АҚШ долларына 208 дана. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер