Кәсіпкерлер неге банктерден кредит ала алмайды?
Екінші деңгейдегі банктер бизнесмендерді қаржыландыруға мүдделі болуға тиіс
Бұл туралы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасында екінші деңгейдегі банктер мен «ҚазАгро» институтының қатысуымен өткен жиналыста сөз болды.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Олжас Қаржауов атап өткендей, осындай қиын да дағдарысты уақытта кәсіпкерлерді қолдау қажет. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджерлері 700 тегін қызмет көрсеткен. Консультанттар сүйемелдеуімен банктер жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге 48 бизнес-жобаны қаржыландырған. Көптеген кәсіпкерлер банктерден кредит ала алмай жүргенін айтады. Шағын және орта бизнеске барлық банктер бірдей кредит бере қоймайды. Біреуі негізгі түйткіл пайыздық мөлшерлемеде десе, басқалары – кепілдемеге қойылатын тым жоғары талаптарда дейді.
«Банктерге мына кәсіпкерге кредит бер деп нұсқай алмаймыз. Біз қаржы институттары мен бизнес өкілдері арасындағы көпір тәріздіміз. Банктермен де, жергілікті атқару органдарымен де өзара түсіністік орнатқанбыз. Қазір меморандумға қол қою керек деген келісімге келдік», - деді Олжас Қаржауов.
Кездесуге қатысушылар қаржылай көмек алғысы келетін кәсіпкерлер өтінімдерін алдын-ала қарау механизмдерін талқылады.
«Енді бизнесмендерге Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінсе болды, онда менеджерлер қажет құжаттар пакетін даярлап беріп, бір уақытта Ақтау қаласындағы 17 банкке электронды нысанда жолдайды. Егер бұрын кәсіпкер бір банктен екіншісіне жүгіріп, айлар бойы мақұлдауды күтіп, аяқ тоздырған болса, қазір бәрі де керісінше. Яғни біз дайындаған механизмнің арқасында банктер клиент үшін күреседі. Бұл кәсіпкер үшін ғана емес, бизнесменді қаржыландыру мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысатын банктер үшін де ыңғайлы», - деді Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры.
Кездесу қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы мен екінші деңгейдегі банктер ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы шешім қабылдады. Тараптардың пікірінше, меморандум кәсіпкерлік қоғамдастық пен банктер арасында сындарлы сұхбат жасалуына мүмкіндік береді. Бірлескен әрекеттер басымдылығы қаржы секторындағы тұрақтылықты қолдау, экономикалық өсім сапасын, қаржылай қызметтер қолжетімділігін көтеруге жәрдемдесу, шағын және орта бизнес өкілдерінің қаржылық сауаттылығы деңгейін көтеру және т.б. болып белгіленеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: