Электронды шот-фактуралар міндетті болуда
Қағида 2017 жылдан бастап барлық ҚҚС төлеушілер үшін міндетті болады
Салық және Кеден кодекстеріне түзетулер енгізілуде, оған сәйкес электронды шот-фактураларға көшу мүлтіксіз талап болып отыр.
2016 жылдан бастап электронды құжаттамаға сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушылары – уәкілетті экономикалық операторлар, уақытша сақтау қоймаларының иелері және т.б. көшуге тиіс, 2017 жылдан бастап – барлық ҚҚС төлеушілер.
Мұндай нормалар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мәжілістің алқа отырысында депутаттар мақұлдаған салық салу және кедендік әкімшілік ету мәселелері бойынша түзетулер пакетінен тұрады.
Ұлттық экономика министрлігі ұсынатын жаңалықтар арасында тауарларға электронды жөнелтпе құжатты қолдану да бар. Ол 2016 жылдан бастап алкоголь және ЖЖМ импорттауда, сонымен қатар темекі айналымы кезінде қосымша енгізіледі, 2017 жылдан бастап – барлық тауарларға.
Министрлік сонымен қатар уәкілетті экономикалық операторлардың сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде тауарларды міндетті тәртіпте алдын-ала декларациялауын ұсынады. Ал кедендік тазартуға құжаттарды тек электронды нұсқада ғана беруге тиіс.
Заң жобасында жеңілдіктер де бар, мысалы, екінші деңгейдегі банктер үшін. Ұлттық экономика министрлігі 2016 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ипотекалық және тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру жөніндегі Бағдарламасына түсетін қарыздарды кешірген жағдайда олардың жеке табыс салығын төлеуден босатылуы мүмкін деп есептейді.
Заң жобасының авторлары аэродромдары мен терминалдары бар заңды тұлғалар үшін мүлікке салынатын салық мөлшерлемесін 1,5 пайыздан 0,1 пайызға дейін төмендетуді ұсынады. Жеңілдік Астана мен Алматы әуежайлары үшін әрекет етпейтін болады.
Салық босаңсытулары еліміздің әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына да қатысты өзгертілуі мүмкін. Олар үшін жеке табыс салығын төлеу ұйғарылатын табыс шегі 55-тен 75 ең төменгі еңбекақыға дейін көтеріледі. Сандарға қайта есептеумен берсек: 1 175 020-дан 1 602 300 теңгеге дейін. Заң жобасында нормалардың әрекет ету мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту ұсынылады, оларға сәйкес ҚҚС төлеу тауарды импорттау кезінде есепке алу әдісімен жүргізіледі.
Отарлық мал шаруашылығымен айналысатын шаруа, фермерлік қожалықтарды да жақсы жаңалық күтіп тұр. Олар үшін ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдерінің жиынтық алаңының шекті мөлшері ұлғайтылуы мүмкін.
Заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сонымен бірге депутаттардың жұмыс топтарында бірқатар нормаларды талқылау барысында олардың Үкіметтің қосымша сараптамасына берілгенін хабарлады. Үкімет ұсынып отырған жерасты суларын өндіруге салынатын пайдалы қазбаны өндіруге салық (ПҚӨС) мөлшерлемесін 1 айлық есептік көрсеткіштен АЕК-тің 25%-на дейін төмендету, теңгерімнен тыс қорлар бойынша ПҚӨС төлеудің күшін жою, геологиялық барлау жұмыстары кезеңінде жинақталған ҚҚС-ты бес жыл ішінде қайтару туралы айтылып отыр.
Мәжілісмендер сонымен қатар бағамдық айырмашылықты есепке алу бойынша түзетулерді 2009 жылға таратуды ұсынды.
«Аталмыш түзетулер талқылау, қосымша пысықтау және Үкіметтің бірыңғай ұстанымын дайындау қорытындысы бойынша үкіметтік қорытындымен назарларыңызға ұсынылатын болады», - деді Ерболат Досаев.
Үкіметтегі заң жобасын екінші рет баптар бойынша оқуда депутаттық ұсыныстарға жауап берілуі мүмкін.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
Унгварбаева И.С.