«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салық органдары «Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясын банкрот қыла жаздады

2015 жылғы 23 Қыркүйек
14039 просмотров

Салық кодексіндегі олқылық ірі сусын өндірушіге қатысты негізсіз алым-салық салынуына алып келді.

«Салық қызметінің органдары соңғы уақыт бойында бірқатар кәсіпкерлерге ірі салық сомасын, атап айтқанда, жер асты суларына байланысты пайдалы қазбаларды өндіруге салықты төлеу туралы хабарламалар жіберуде. Біз Кока-Кола Алматы Боттлерс, ОБИС компаниясы, Golden Rill Trade, Terra NOVA, Libella bottlers, Асем-Ай, GALANZ bottlers сияқты кәсіпорындар жайлы айтып отырмыз. Бұл бүтін бір сала. Даудың мәнісі неде? Сусын өндірушілердің барлығы өз қызметінде суды, бірқатар жағдайларда коммуналдық суды қолданатыны түсінікті. Бірақ заң бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты төлеуге тиіс жер қойнауын пайдаланушылар да баршылық. Алайда есептеу әдістемесінің өзі анық емес, сондықтан да кәсіпкерлер мен салық органдары арасында дау туындады», - деп атады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рүстам Жүрсінов Бас прокуратурада өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, фискалдық органдар есептеу кезінде салық сомасына бөтелке, этикетка, қалпақшалар және өзгелерінің құнын қосады. Кәсіпкерлер мен Ұлттық палата салық жер бетіне көтерілген судың өзінің құнына қарай құралуға тиіс деп есептейді.

«Өткен аптада «Атамекен» ҰКП Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті және ҚР Бас прокуратурасымен бірге «дөңгелек үстел» өткізіп, онда әдіснама жөніндегі мәселелер талқыланды. Сонда Палата пайдалы қазба өндіруге салынатын ренталық салықты есептеу кезінде тікелей шығындар ескерілмеуге тиіс деген ой айтып, оған салықшылар келіскен болатын. Қазір аумақтық органдарға сәйкес әмір берілді, бірақ, өкінішке орай, жазалау механизмі іске қосылып қойды. Мәселе шешімін тапқанмен, кәсіпорын басшылары бірқатар оқиғалар бойынша экономикалық тергеу қызметіне, прокуратура органдарына шақырылып та жатыр. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрі жанындағы Үйлестіру кеңесіне шығарылады деген келісуге келген едік. Осы уақытқа дейін салық алуға бағытталған қандай да бір әрекеттер қолдану, біздің ойымызша, қате болып табылады. Бас прокуратура мен Қаржы министрлігіне, аталмыш мәселе шешілмейінше, салық төлетуді тоқтатуды сұрап жүгіндік», - деп жалғады сөзін Рустам Жүрсінов.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары сонымен қатар мүлікті, шоттарды тұтқынға алу және басқа да шаралардың кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуына немесе банкроттыққа алып келетінін баса көрсетті. «Мыңдаған жұмыс орны! Және де бұл ағымдағы экономикалық ахуал жағдайында орын алып отыр», - деп мәлімдеді ол.

ҚР қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәселеге түсінік беріп кетті. «Салық кодексінің қолданыстағы редакциясы, менің пікірімше, анық емес. Әрине, ол түрлі талқылауды тудырады да, дау осыдан шығады. Қазір Салық кодексіне сәйкес түзетулер енгіземіз», - деді ол.

Қаржы министрлігі басшысының орынбасары сонымен бірге, мәселе толық шешілгенше, 2-3 апта бойында кәсіпкерлерге қатысты қандай да бір жазалау шараларының қолданылмайтынын айта кетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер