«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түрік бизнесмендері шикізат сапасын жақсартуды ұсынады

2015 жылғы 21 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
11867 просмотров

Қазақстандық шикізат сапасының төмендігі түріктің теріден киім тігушілерінің көңілінен шықпай отыр. Бірақ олар ынтымақтастыққа ерекше мүдделі, сондықтан да осы бағыттағы ұсыныстарды күтуге дайын.

Бұл туралы Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов хабарлады. Ол өңір делегациясының құрамында Стамбұл қаласына барып, Түрік Республикасының бизнес-қоғамдастығымен бірқатар келіссөздер мен кездесулер өткізіп келген еді.

Киім өндірушілердің айтуынша, теріден жүн қабатын алу кезінде жасалған көптеген ақаулар бар екен.

«Негізінде бұл табиғи жолмен болған кемшіліктер – малдар жайылады, сүзіседі, жараланады. Сонымен қатар, сапаның төмендігі елдегі климттық ерекшеліктерге де байланысты, олардың тамақтануы маусымға тәуелді. Жазда олар толыққанды жайылады, ал қысқы уақытта рациондары басқаша – олар қорланған азықпен қоректеніп, тойынбауы да мүмкін. Осының салдарынан малдың терісі бір жерінде қалың, екінші жері жұқа. Бұл да қайта өңдеушілер үшін белгілі бір түйткіл туындатады», - деді Мәдениет Божбанов түрік өндірушілерінің түсіндірулерін келтіре отырып.

ӨКП директорының сөзіне сүйенсек, біздің фермерлерге осы бағытта жұмыс жасау қажет – малды ұстау жағдайын, азық сапасын жақсарту, және де тері мен жүн экспортына қажет стандарттарға жақындау.

«Түріктің киім өндірушілері біздің шикізатқа аса мүдделі: олар үшін Қазақстан әлеуетті серіктес қана емес, бауырлас ел. Және де оларға экономиканың барлық салаларында дерлік бізбен қатынасты дамытудың маңызы зор. Оның үстіне түрік өндірушілері – еуропалық нарықтың сапа стандартына жауап беретін әрі онда тауарлар жеткізетін аз ғана елдердің бірі. Еуропа қытайларға, кәрістерге жабық, сондықтан да олар түрік компанияларымен бірлескен өндірістер құрады», - дейді Мәдениет Божбанов.

Біздің мақта да түрік тоқымашыларының талаптарына жауап бермейді. Қазақстандық мақтаға түрлі материалдарды араластыруға ғана болады, бірақ ол таза күйінде мата жасауға сай келмейді.

ӨКП директоры алған әсерімен бөлісе отырып, Түркия бизнесмендері үшін өндірісті кезең-кезеңмен дамыту, салық артықшылықтары жөнінен жақсы жағдай жасалғанын, технопарктер мен индустриялық аймақтар жұмысы жөнге салынғанын атап өтті.

«Оларда жергілікті атқару органдарына көптеген уәкілеттіліктер берілген, бұл олардың қысқа мерзімде бизнес үшін қандай да бір жеңілдіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Біз де осыған келе аламыз, тек біраз уақыт бұрын басталған билікті орталықсыздандыру жұмысын аяқтау қажет», - деді ол.

Қарағандылық бизнес-қоғамдастық өкілдерінен тұратын делегацияның Түркиядағы Стамбұл қаласында сауда-экономикалық миссиямен болып қайтты. Делегация құрамына Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы, облыс басшылығы, сонымен қатар экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар өкілдері кірді. Олар ынтымақтастыққа мүдделі түрік компанияларымен және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізді.

Сапар аясында Қарағандыдан барған делегация Стамбұлдың «Тузла» және «Икителли» атты екі индустриялық аймағында болып қайтты. Онда экономиканың түрлі салаларында жұмыс жасайтын өндірістер орналасқан. Түрік кәсіпорындарына бару бизнес өкілдері үшін тәжірибе алмасуға сеп болды. Сапар аясында дөңгелек үстел өтіп, оған Түрік Республикасының 100-ден астам әлеуетті инвесторы қатысты.

Сосын «Икителли» индустриялық аймағының базасында әлеуетті инвесторлар үшін Қарағанды облысының инвестициялық мүмкіндіктері, сонымен қатар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

Сапар аясында сонымен қатар түрік компанияларымен екі жақты кездесулер өткізіліп, олар Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі екендерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер