«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның үздік тауары: Олег Цой: «Автомобильдеріміз тарихта қалады»

2015 жылғы 18 Қыркүйек
9055 просмотров

Жақында ғана Қостанайда құрастырылған Toyota Fortuner автомобилі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының аясында өндірістік мақсаттағы үздік тауар деп танылды.

Кәсіпорын басшылығы бұл жеңіске еңбектерінің сіңгенін еш жасырмастан айтады.

Жергілікті авто өнеркәсібінің тұтынушы сеніміне қалай кіргені жайлы, республикалық деңгейде танылуға мүмкіндігі бар ма, palata.kz  «АгромашХолдинг» АҚ басқарма төрағасы Олег Цоймен осы төңіректе сұхбаттасты.

- Олег Викторович, біріншіден, жеңіске жетулеріңізбен құттықтаймыз!

- Рахмет!

- Toyota made in Қостанай – салыстырмалы түрде жаңа өнім. Беделді байқауға қатысуға жүрексінбедіңіздер ме?

- Сонау 2013 жылы ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығын «Индустрияландыру көшбасшысы» санатында жеңіп алған едік. Онда SsangYong Nomad автомобилін ұсақ торапты құрастыру жөніндегі жобаны ұсындық. Бұл алғашқы әрі маңызды марапат болды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы жайлы естіген соң бірден материалдар жинай бастадық, себебі бұл да белгілі бір сынақ, өзіңді тағы бір танытудың мүмкіндігі. Жалпы, «Қазақстанның үздік тауары» байқауын қазіргі жағдайда өткізу ерекше маңызды. Еліміз Еуразиялық экономикалық кеңістікке кірді. Оның аясында отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуы қажет. Байқау тауарларымыздың басымдылығы мен сапасын бағалау мүмкіндігін береді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл тұрғыдан отандық өнімді халық алдында біршама танымал етуге айтарлықтай көмегін тигізуде.

- Жеңетіндеріңізге сендіңіздер ме? Танымал, белгілі брендтің кәсіпорын мүддесіне сай келе қалғаны түсінікті. Дей тұрғанмен, сараптау комиссиясы тауарды экспортқа бағдарлану, жергілікті мазмұн пайызы және т.б. критерийлердің күрделі жүйесімен бағалады. Негізгі бәсті қай басымдылыққа тіктіңіздер?

- Жобамыз, шанақты дәнекерлеу мен бояуды, инновациялылық пен мамандар біліктілігін қоса алғанда, толыққанды өндіріске көше алатынын дәлелдеп шықты. Және де, әрине, бұл Toyota-ның Орталық Азия аумағындағы алғашқы, ТМД елдеріндегі екінші өндірістік алаңы. Осының өзі лайықты сенім болып табылады. Байқауға қатысудан күткен үмітіміз ақталды. Қостанайлық авто өнеркәсібінің барлық жағынан алып қарағанда алғашқы екенін сезінудің өзі бір ғанибет. Енді таңбаны республикалық деңгейдегі сараптау комиссиясының алдында ұсыну ғана қалды. Кәсіпорын үшін – бұл үлкен мақтаныш, одан да жоғары мақсаттарға жетуге түрткі. Шығарылатын өнімнің сапасын қолға алғанбыз, және де мұны қазақстандықтардың да мойындайтыны көңіл қуантады.

- Мойындайды дейсіз, демек қазіргі қиын уақытқа қарамастан шынымен де таңдауын жасап жатыр ма? Негізі, қазақстандықтар арасындағы осы таңбалы автомобильдерге деген сұранысты, танымалдықты қадағалап отырасыздар ма?

- Сатып алушы Fortuner – лайықты жол таңдамайтын сипаттамасы бар көлік екенін, сенімділік, қолайлылық әрі жоғары сапа көрсеткіші екенін түсінеді. Автомобиль өндірісінде сапаға ерекше көңіл бөлінеді. Ол Қазақстан жағдайына ерекше сай келеді.

Өндіріс басында 810 бірлік сатылды. Соңғы сатылу деректері бойынша, осынша қысқа мерзімде Fortuner D/E-SUV сараланымында екінші жайғасымды ала алды. Ол тек атышулы «ағасы» - LC Prado-ға жол беріп отыр. Аталмыш сараланымдағы оның үлесі 12% құрайды. Осының бәрі халық арасындағы тартымдылықтың жарқын куәсі болады.

Кәсіпорнымызда ұсақ торапты әдіспен Toyota Fortuner және Ssang Yong Nomad құрастырылады. Екеуі мүлдем әртүрлі, өзара бәсекелеспейтін брендтер, және де әрқайсысының әлемдік нарықта адам сенгісіз жетістіктері бар. Автомобильдеріміз қазақстандық машина жасау тарихына шығарылуы толыққанды өндіріс технологиясы бойынша жөнге салынған алғашқы авто ретінде енетін болды.

- Кезінде құрамдастарды Қостанайға алып келіп, танымал маркадағы автомобильдерді құрастыру идеясын шүбәмен қабылдаған сыншылар көптеп табылған еді. Тұтынушылық сұранысқа қарағанда, санада белгілі бір өзгеріс бар сияқты...

- Қазақстан үшін осынша қысқа уақыт ішінде автомобиль өнеркәсібін дамыту – өзінше бір теңдессіз оқиға екенін түсіну керек. 90 жылдарды еске түсіріңіз. Ол кезде отандық машина жасау ешкімнің де ойына келмеген еді. Бүгінде, жоғары технологиялы жабдық қолда барда, автомобиль өнеркәсібі инновациялар мен дамуға жол алып, едәуір алға кетіп отыр. Бұл технологиялар трансферті, бұл, ең ақыры, жаңа жұмыс орындары.

- Дегенмен тәуекелсіз болмайды. Бағамдық айырмашылық салдарынан Ресейден автомобильдер әкеліне бастаған өткен жылдың соңы мен осы жылдың басы өндіріске күтпеген әрі түсініксіз соққы болды.

- Бұл жағынан мемлекет жергілікті авто өнеркәсібін қолдау бойынша маңызды қадамдарға барды. «Нұрлы жол» экономикалық саясатын жүзеге асыру аясында жеңілдікпен автокредиттеу белгілі бір көлемде сатып алушылар қызығушылығын қайта жандандыруға көмектесті. Бұл кәсіпорынның сәл бұрын өндіріліп қойған автомобильдерді өткізуіне және өндіріс көлемін былтырғы жыл деңгейінде сақтап тұруға мүмкіндік берді. Және де, ең бастысы, еңбек ұжымының толық жұмысбастылығын қамтамасыз етіп, қызметкерлер санын сақтап қалуға сеп болды. Бір айта кететіні, бағдарлама тиімді шартпен қазақстандық жаңа автомобиль сатып ала алған қарапайым қазақстандықтардың пайда көруімен де бірегей емес пе.

- Кәсіпорныңыздың әлеуметтік жауапкершілігі еңбек қатынасымен шектеліп қалмайтын шығар?

- Әрине. Қиын кездерге қарамастан, зауыт қайырымдылық акцияларына қатысып тұрады, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсетеді. Кәмелетке толмағандарға арналған Бейімдеу және оңалту орталығы бірнеше жылдан бері компания қамқорлығында. «Үміт - Надежда» қоғамдық бірлестігін барынша қолдауға тырысамыз. Азаматтардың жүгінуіне қарай үн қатып, халыққа қажет көмек көрсетіп отырамыз. «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысу кәсіпорынның дәстүріне еніп кетті. Жалпы, қаладағы қоғамдық қайырымдылық қозғалыстарды қадағалап отырамыз және мүмкіндігінше қол ұшын беріп, оларға тікелей ат салысуға тырысамыз. Әлеуметтік жауапкершілік – ірі бизнестің маңызды құрамдасы. Біз мұны түсінеміз және осы қағидаттардан бас тартпаймыз.

- Рахмет! «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында облысты лайықты түрде танытуға тілектеспіз.

- Тырысамыз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер