«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес мемлекеттік монополизм шырмауында

2015 жылғы 17 Қыркүйек
9137 просмотров

Мемлекеттің бәсекелес бизнес саласында мемлекеттік кәсіпорындар құруға ұмтылысы Парламент депутаттарының заңды қауіптерін тудыруда

Туристік операторлар мен туристік агенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыруға көшу – дұрыс шешім. Бірақ сонымен бірге туристік компаниялар неліктен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті жанынан құрылатын бірыңғай мемлекеттік кәсіпорын-туристік операторға төлеуге тиіс?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев алқа отырысында сұрақты төтесінен қойды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ол бірқатар түйткілдерді жайып салды.

Азат Перуашев «негізінде, жауапкершілікті сақтандыру – бұл бизнес-қызмет, ол үшін сақтандыру компаниялары бар» екенін ескеріп өтті.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құрдық, онда зейнетақы төлемдері жинақталады. Енді Медициналық сақтандыру қорын құруды талқылап жатырмыз. Ол да нарықта емес, мемлекеттік органдар жанында. Оған туристік сақтандыру қосылып отыр, ол да мемлекеттік орган арқылы», - деп назаланды мәжілісмен.

Азат Перуашев «іс жүзінде мемлекеттік монополизммен алмастыра отырып, нарықтық механизмдерді ығыстырып отырмыз» деген сенімде. 

«Оның үстіне, мемлекеттік органдар жанынан нарық қатысушыларынан қандай да бір міндетті алымдарды алу құқығы бар қандай да бір қорлар құру механизмі – мұндай шешімдердің жемқорлыққа тәндігі тұрғысынан белгілі бір күмән тудырады», - деп есептейді Азат Перуашев.

Депутат инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевті «нарықтық механизмдер жайлы ұмытпауға» және бұл ұстанымды екінші, яғни заң жобасын баптар бойынша оқуда ескеруге шақырды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер