Ресейлік кеденшілердің заңсыз әрекеттері туралы бейнежазба авторы қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін
Қазақстандық тасымалдаушы қазақстандық жүк көліктерінің ресейлік шекарада толық кедендік тексермелеуге қалай тартылып жатқанын түсіріп алған
Жүк көліктерін тексерудің ЕАЭО және Кеден одағы аумағында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді еркін алып өту туралы барлық келісімдерді бұза отырып жүргізіліп жатқанын еске саламыз. Түйткіл, шамамен жарты жыл бұрын, Ресей Федералдық кеден қызметі қазақстандық тараптың пікірін елемей, бір жақты тәртіпте ХЖТ (TIR) халықаралық автомобиль тасымалдау жүйесіне қатысудан бас тартқанда туындаған еді.
«Қазір біздің қолымызда тасымалдаушы түсіріп алған 4 бейнежазба бар. Қауіпсіздік мақсатында оның аты-жөнін айтпаймыз. Ол тікелей бізге жүгінген болатын. Қолда бар деректер бойынша, Федералдық кеден қызметі және РФ өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны қылмыстық сипаттағы шаралар қолдану мақсатында іздестіруде», - деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП экономикалық интеграция департаментінің директоры-басқарушы директоры Дана Жүнісова.
Бейнежазбалардың бірінде «Самара» кеден бекетінің жауапты басшысы қазақстандық жүк көліктерін тексерудің «жоғарыдан» келген нұсқау бойынша жүргізіліп жатқанын ашық мойындайды.
Дана Жүнісованың айтуынша, енді тасымалдаушы рұқсатсыз бейнежазба жасағаны үшін айыпталуда. Қазір бейнежазба авторы Отанына оралуға тырысуда.
ҰКП сарапшысының сөзіне сүйенсек, бейнежазба – РФ ФКҚ қызметкерлерінің басшылық нұсқауымен жасап жатқан өктемдігіне жалғыз дәлел емес, «Бізде өтініштер бар, басқа да тасымалдаушылар жіберіп жатқан квитанциялар, кедендік тексеріс актілері бар», - деп жалғады сөзін ол.
Департамент директоры түсіндіріп өткендей, ресейлік кеденшілердің ЕАЭО және Кеден одағы аясында жасалған келісімдерді бұзып жүргені туралы ақпарат 8 қыркүйекте ЕАЭО мүше мемлекеттер премьер-министрлерінің деңгейіндегі Еуразиялық үкіметаралық кеңес өтіп жатқан Белорусь Республикасының Гродно қаласында ресми түрде айтылды.
«Алайда, көріп отырғанымыздай, бүгінде машиналар саны өсіп барады және ФКҚ тарапынан түйткілді жою бойынша еш шара қолданылып жатқан жоқ», - деді ол.
Дана Жүнісова бейнежазбада бекет қызметкерлерінің өзі мұндай бұйрыққа түсінбестік танытып жүргені анық байқалатынын атады, себебі машиналар ағынынан кептеліс пайда болады. «ФКҚ басшысы (Андрей Бельянинов – ред.еск.) шығарған аталмыш бұйрық автотасымалдаушылар қолына берілмейді, ол «ішкі қолдануға» арналған деп түсіндіріліпті», - деп қорытты Дана Жүнісова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
алмаз
Мурат
Алексей
Жулдыз