«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қосылған құн салығын бұрмалау инвестицияның жылыстауына әкеледі!

2015 жылғы 03 Қыркүйек
10895 просмотров

Салық Кодексіне енгізіліп жатқан өзгертулер әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келуі мүмкін, деп есептейді ҰКП сарапшылары

Биылғы жылдың 29 тамызында ҚР Үкіметі ҚР Парламентінің Мәжілісіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілік ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын енгізді.

Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің сарапшылары өзгертулерге талдау жасай келе, бірқатар ұсынылып отырған нормалардың салмақты түйткілдерге әкелуі мүмкін деген қорытынды жасады.

Мысалы, заң жобасында ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін шекті мәнді 59,4 млн теңгеден 6,4 млн теңгеге дейін төмендету және ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қоюды қысқарту ұсынылады.

Сондай-ақ, заң жобасында ҚҚС бойынша есепке қоюға арналған шек 3234 АЕК мөлшерінде ұсынылған (әрекеттегі шек 30 000 АЕК). Айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1 982 теңгеге тең екенін еске саламыз.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті берген ақпарат бойынша, жаңа енгізу нәтижесінде ҚҚС төлеушілер саны 60 %-ға көбейеді (97 мыңнан 161 мыңға дейін).

Алайда, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаменті сарапшыларының ойынша, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, себебі ҚҚС бойынша есепке қою қажеттілігі патент негізінде арнайы салық режимін қолданушылардан басқа шағын бизнестегі барлық субъектілерде дерлік туындайды (жеңілдетілген декларацияны қолданатын кәсіпкерлер саны - 400 мыңнан асады).

Сарапшылар ҚҚС бойынша тіркеу есебіне міндетті қою үшін шектік мәнді төмендету ҚҚС төлеушілер санының күрт өсуіне, құжат айналымының ұлғаюына және қиындауына алып келеді деп есептейді. Қатаң салықтық әкімшілік ету және салықтық қысым жағдайында бұл шаруашылық етуші субъектілердің капиталды материалдық өндірістің орнына сауда-делдалдық салаларға ауыса отырып «көлеңкелі» экономикаға көшу тәуекеліне әкеледі.

Сонымен қатар, салық сауаттылығының төмендігін ескере отырсақ, әсіресе шағын бизнес субъектілері арасындағы және ауылдық жердегі, салық міндеттемелерін есептеу кезінде кейін мемлекеттік табыс органдары тарапынан айыппұл шараларын қолданумен болатын қателесулер тәуекелі өседі. Ал бұл, өз кезегінде, шағын кәсіпкерлік арасында әлеуметтік шиеленістің өсуіне сеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар ұсынылып отырған ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қоюды алып тастау Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, себебі жаңадан құрылып жатқан заңды тұлғалар-инвесторлар инвестициялық жоба аяқталғанға дейін және оны жүзеге асыру басталғанға дейін ҚҚС бойынша тіркеу есебіне тұра алмайды (ірі инвестормен арада болатын жағдайда, заңды тұлғаның тіркелген сәтінен бастап дайын өнімді өткізу басталғанға дейінгі мерзім 5 жылға дейін созылуы мүмкін, осы мерзім бойында инвестор құрылыс нысанына келетін сатылып алынған тауарлар мен қызметтер бойынша ҚҚС-ты есепке қою құқығынан айрылады).

Сарапшылар қазіргі жағдайда ҚҚС бұрмалау талпыныстары кері әсер беріп, бюджетке түсімді көбейтудің орнына салықшылар «көлеңкелі» экономика өсуін, күйреген кәсіпорындар, ел экономикасынан инвестициялардың жылыстауын ғана алады деп есептейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер