5% әлеуметтік салық – бизнеске жүктеме бола ма?
ШҚО кәсіпкерлері әлеуметтік салықты есептеудің және төлеудің бұрынғы нормасын қайтаруды сұрайды
ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкерлерден 2015 жылы әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу тәртібін өзгерту мәселесі бойынша арыз-шағымдар жиі келе бастады.
Бұрындары, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, әлеуметтік аударымның ең жоғары мөлшерінің нормасы әрекет еткен болатын. Ол дербес жұмысбасты тұлғалар үшін есептік кезеңдегі есептелген әлеуметтік салық сомасынан аспауға тиіс.
Алайда 2015 жылғы 17 наурызда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына есептелген әлеуметтік салықпен әлеуметтік аударымның ең жоғары мөлшерін шектеуді көздейтін норманы (14 баптың 2 тармағы) алып тастау жағынан өзгертулер енгізілді. Заң 2015 жылғы 30 наурызда күшіне енді.
«Өзгерту енгізілгенге дейін кәсіпкер табыстан 3% мөлшерінде ғана шығын көрген болатын. Қазір оған қосымша 5% әлеуметтік аударым қосылды, сәйкесінше, кәсіпкердің қаржылық жүктемесі табыстан 8% құрап отыр. ШҚО КП бұл өзгерістер кәсіпкерге айтарлықтай қаржылай жүктеме болады және арнайы салық режимдерінің жойылуына сеп болады деп есептейді, себебі әлеуметтік аударым сомасы салық сомасынан 2,5 есеге дерлік асып отыр», - дейді Палатадағылар.
Мәселен, егер бұрын жеке кәсіпкердің айналымы 2015 жылғы бірінші жарты жылдықта 1850000 теңге құрады десек, одан кәсіпкерлік қызметтен алынатын табыс салығы 27750 теңгені құрайды, әлеуметтік салық - 21342 теңге, зейнетақы аударымдары - 12816 теңге және әлеуметтік аударымдар - 6408 теңге. Кәсіпкердің барлық шығыны 68 316 теңге болып отыр.
Ал заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, жеке кәсіпкер 104 658 теңге шығын шегуге мәжбүр болады.
Іс жүзінде әлеуметтік аударымдар бойынша есептеу нысаны жеке кәсіпкердің таза табысы емес, толық айналымы болып табылатынын атап өту керек.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдында 2003 жылғы 25 сәуірдегі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының №405-ІІ Заңына өзгертулер енгізу жөніндегі мәселені көтереді.
ӨКП республикалық деңгейде бастама жасап, ҚР аталмыш заңы 14 бабы 4 тармағының күшін жойып, бұрынғы норманы қалпына келтіруді сұрайды.
Қазір «Атамекен» ҚР ҰКП «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының 14 бабы 2 тармағын өзгерту жағынан кең көлемді жұмыс жүргізуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: