«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның үздік тауары: «Блэк» ЖШС ағаштан жасалған өнімдері

2015 жылғы 17 Тамыз
11624 просмотров

Ақмолалық компания ағаштан жасалатын бұйымдарды игеріп, үй салу ісін де қолға алды

Астау, қымыз жиынтықтары, оюмен зерленген түрлі тостағандар, интерьер заттары — «Блэк» ЖШС өңірде және одан тысқары жерлерде ұсынатын өнімдерінің тізбесі осындай.

Сонымен бірге - асадал, кебеже, түрлі мөлшерлердегі сандықтар. Қазақы бесік өзі жеке бір орында тұр. Ұлттық дәстүрге көрсетілетін ерекше құрмет ретіндегі ежелгі қазақ мәдениетінің басты элементі — тамаша оюмен нақышталған құндаққа салынған домбыра.  

Барлық бұйымдар – авторлық жұмыстар. Олар ағаштан, қолдан жасалады әрі үлкен махаббатпен асқан шеберлікпен әзірленеді. Шеберлер өз құпиясын, жылдар бойы жинақталған тәжірибесі мен ағаш өңдеудегі білімін қолданады. Бастапқыда кәсіпорында бар-жоғы үш маман еңбек етсе, бүгінде ұжым көлемі қырық адамға жеткен. Олар — нағыз өз істерінің кәсіпқойлары. Сұрыпталым, дизайнерлік шешімдер үнемі жаңартылып және жетілдіріліп тұрады. Жаңа идеялар қағаздағы нобайлардан ерекше эксклюзивті дүниелерге айналады.

2007 жылы кәсіпорын жаңа бағыт – желімделген діңгектен үй салуды дамыта бастады. Ал 2011 жылы еншілес кәсіпорын – Көкшетау ағаш үй салу зауытының тұсауы кесілді. Жоба инвесторы «Есiл» ӘКК болды. Қаржылай қолдаудың арқасында шығарылатын өнім көлемін бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы жабдық сатылып алынды.

Кәсіпорынның республикалық «Қазақстанның үздік тауары-2014» байқауының жеңімпазы, көптеген халықаралық көрмелерге қатысушы әрі лауреат, көптеген беделді марапаттардың иесі болып табылатынын атап өтейік.

«Блэк» ЖШС директоры Юрий Никитенконың айтуынша, кәсіпорын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін даярлауға белсенді түрде тартылған.

«Кәсіпкер ретінде мені Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске көрсеткен қолдауы ерекше ынталандырады. Бұл күллі қазақстандық экономиканың бұдан арғы дамуына зор серпін береді. «ЭКСПО-2017» аясында «Этно-ауыл мәдени-туристік орталығы» жобасын жасап шықтық. Оны Астанаға жақын жерге орналастыру жоспарланып отыр. Аталмыш жобаны іске асыру маңызды қызмет көрсету салаларының бірі – туризмді дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін», - деп баса көрсетті Юрий Никитенко.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер