«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сатушылардың кәсіпқойлығы сынға түседі

2015 жылғы 11 Тамыз
- Атырау облысы
10155 просмотров

Үздік бол – «Сауда үздігі!» байқауына қатыс

Атырауда сауда кәсіпорындарының «Сауда үздігі» республикалық байқауына қатысуға кәсіпкерлер өтінімдерін қабылдау жалғасып жатыр. Қазақстанда 2004 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың басты мақсаты сауда кәсіпорындарының табысты тәжірибесін анықтау және тарату, саланың жағымды имиджін қалыптастыру, кәсіби шеберлікті және сауда саласы қызметкерлерінің беделін көтеру, сауда саласындағы сервис деңгейі мен қызмет көрсету сапасын көтеру.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Қайранбаев кәсіпкерлермен кездесу кезінде «Сауда үздігі» байқауының шарттары мен артықшылықтары жайлы сөз етті. Оның айтуынша, биыл байқау «Еуропа-Азия – шекарасыз ынтымақтастық» XIV Қазақстан-Ресей өнеркәсіптік көрмесінің аясында 23-24 қыркүйекте Ақтөбе қаласында өтеді. Жеңімпаздар алты номинацияда анықталмақшы:

  • Үздік бөлшек сауда кәсіпорны;
  • Үздік шетел компаниясы (ҚР нарығындағы сауда кәсіпорнын дамытудағы жеке табысы үшін шетелдік кәсіпорын басшыларына табысталады);
  • Үздік көтерме сауда кәсіпорны;
  • Үздік сауда-сауықтыру орталығы, кешені, сауда үйі;
  • Үздік жол бойы сервисі және демалыс аймағы;
  • Жылдың үздік басшысы.

«Байқауға қатысу үшін осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына қатысуға сауалнама-өтінім беру қажет. Сонымен қатар байқау комиссиясы мүшелері кәсіпорын қызметімен көрнекі түрде танысу үшін, 2-3 минуттық бейнеролик даярлау қажет. Байқауға қатысу «Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығына» 50 мың теңге мөлшерінде ұйымдастыру жарнасын төлеуді көздейді. Жарна сомасын аталмыш байқаудың негізгі ұйымдастырушысы болып табылатын Қауымдастықтың өзі белгілеп отыр», - деп ақпарат берді Ербол Қайранбаев.

Палата өкілі атап өткендей, «Еуропа-Азия – шекарасыз ынтымақтастық» XIV Қазақстан-Ресей өнеркәсіптік көрмесінің аясында «Сауда үздігі» байқауын ұйымдастыру қатысушылар алдына өзара тиімді ынтымақтастықты жөнге салуға және нығайтуға, басқа қатысушы кәсіпорындармен тауар айналымын жақсарту және өсіру үшін белгілі бір жағдайларды талқылауға үлкен мүмкіндіктер ашады.

«Бүгінгі күні Палата алдағы байқау жайлы ШОБ субъектілерін ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. Әзірше тіркелген қатысушылар жоқ, бірақ кәсіпкерлер арасында үлкен қызығушылық байқалады. Оларға, әрине, барлық қажет көмекті көрсетеміз. Біздің кәсіпорындар кез-келген номинацияға лайық. Сондықтан да сіздерді байқауға қатысуға әрі республика деңгейінде облысымызды лайықты түрде танытуға үндейміз», - деп Ербол Қайранбаев кәсіпкерлерге жүгінді.

«Сауда үздігі» байқауы кәсіпкерлердің кәсіби қызметіне берілетін жоғары баға болып табылады. Ол үздік кәсіпорындар мен үздік басшыларды анықтайды әрі олардың жағымды тәжірибесін басқа бизнес субъектілері арасына таратады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер