«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қостанайдың автобус парктері шығынға ұшырауда

2015 жылғы 30 Шілде
- Қостанай облысы
13631 просмотров

Қостанайлық автобус компаниялары жолаушыларды заңсыз тасымалдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді талап етуде

Бағдарларда өз еріктерімен қожайындық жасап жүрген «браконьерлер» құқықтық алаңда жұмыс жасап жүрген тасымалдаушыларды шығынға әкелуде.

Палатаға ресми тасымалдаушы компаниялардан келген өтініштер жиілеп кетті. Олар микроавтобустарымен есік алдына дейін жеткізіп салу қағидаты бойынша ыңғайлы сервиспен клиенттерді өз жағына алып кетіп жүрген ресейік және отандық жеке меншік жүргізушілерді көптен бері жөнге сала алмай отыр. Нәтижесі – тең емес бәсекелестік және табыстан айрылу. Ал заң бойынша ресми жайлы бағдарлардың ыңғайлылығына қарамастан, олар жолаушыларды мекенжайларына тарата алмайды. 

Кәсіпкерлер әкімшілік полицияның жеке меншіктегілерге қатысты қолданып жүрген шараларының тиімсіз екеніне сенімді. Егер бір ғана «Қостанай-Челябі» сапары үшін ондай жүргізушінің орташа алғанда 75-80 мың теңге табатынын ескеретін болсақ, онда айыппұл төлеп, кәсібін әрі қарай жалғастыра беруіне болады. Оның үстіне қауіпсіз де емес: жүргізуші де, көлік те міндетті медициналық және техникалық тексеруден өтпейді.

Бизнесмендер Палатаға жүгіне отырып, заңсыз тасымаладушыларды анықтаудың бірден бірнеше нұсқасын ұсынды. Олардың қозғалысын шекарада тіркеу, ал қажет болған жағдайда радикалды әкімшілік шараларға бару.

«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте 463 бап бар. Оған сәйкес полиция рұқсат ету құжатынсыз жолаушыларды тасымалдағаны үшін көлік құралын тәркілей алады. Әкімшілік полиция өз уәкілеттігін толық көлемде қолдануға тиіс, деп есептейміз», - дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы құқықтық қолдау бөлімінің бастығы Ренат Давлетпаев.  

Бірақ тәртіп сақшылары бұған басқаша қарайды. Олар жазаламай тұрып, жеке меншік жүргізушінің табыс тауып жүргенін дәлелдеу қажеттігін айтады. Бірақ бұл оңай емес.

«Әрбір сапар алдында жүргізуші жолаушыларға «полиция тоқтатса, маған ақша төлеген жоқсыздар, қонаққа апара жатырмын» деген сияқты нұсқау беріп алады. Тіпті істі сотқа дейін апарғанымызда оның ақша үшін жұмыс жасап жүргенін дәлелдей алмадық. Демек бұзу құрамы жоқ», - деп мәлімдеді Қостанай облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы Виталий Штер.

Ақырында, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері полицияға бұзушыларды анықтау жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Нұсқа ретінде «тексеру сатып алуын» жүргізу, және де оларды іс үстінде құрықтау ұсынылды. Бастысы, Палата директоры Мұрат Әбенов баса көрсеткендей, заң деңгейінде шешу жолдарын іздеу. Бәсекелестік барлық жағдайда да әділ болуға тиіс.

Қостанайдағы автобус компанияларының бюджетін шығындандыратын салмақты түйткілдердің бірі – каботаждық тасымалдауларды жүзеге асырудың мүмкін еместігі. Қарапайым тілмен айтқанда, жүргізушілер Ресейдің көршілес өңірлеріне бара жатқанда, бос орындар болған жағдайда да, жолай жолаушылар ала алмайды.

Сонымен бірге, ресейлік фирмалар каботажға тыйым салынғанын елемейді, және де сапарларында еш жаза шекпейді. Олар мұны Қазақстан мен Ресейдің ресми түрде ратификациялаған Халықаралық тасымалдаудағы көлік құралдарын қолданудың ерекшеліктері жайлы келісім нормаларымен түсіндіреді. Ал құжатта мұндай шектеу жайлы айтылмаған. 

Палата бизнесмендердің тасымалдаушы компаниялардың онсыз да қиын қаржылай жағдайын одан сайын нашарлатып отырған кезекті кедергіге тап болып отырғанына сенімді. Енді сарапшылар еліміздің заңнамалық базасын халықаралық келісімге сәйкестендіруді алға тартуда және автобус фирмаларының болжамды табыстарынан айрылмастан, жолай адамдарды заңды түрде алуына қол жеткізбекші.

Автобус фирмаларының қаржылай жағдайын аз да болса түзете алатын – бұл әлеуметтік маңызды, залалды бағдарлар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау. Ол жергілікті бюджеттен жүзеге асырылуға тиіс, алайда қостанайлық компаниялар, басқа өңірлерге қарағанда, көмекті көріп отырған жоқ. Мұндай бағдарлар тізбесін жыл сайын әкімдік құрыстырып, мәслихат бекітуге тиіс. Бірақ бүгінде ондай құжат жоқ. Демек ақша да жоқ. Оны фирмалар автопаркті жаңартуға қолданар еді. 

Кеңес мүшелері Палатаға мемлекет көмегі арқылы мәселені соңына жеткізе пысықтауды ұсынды. Ұсынылған нұсқа — сапарларға болмаса да, ауыл шаруашылығындағыдай жанармайға субсидия бөлу. Қалай болса да, ресми әрі заң жүзінде жұмыс жасайтындарға қолдау болар еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер