«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заңда орын алған пікір алалығы

2015 жылғы 29 Шілде
9833 просмотров

Заңнамада бір-біріне қайшы келетін және бір-біріне жол бермейтін нормалардың болуы бизнес қызметіне кері әсерін тигізеді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін реттейтін бірқатар нормативтік құқықтық актілерге талдау жасады. Нәтижесінде түрлі қаулылар, бұйрықтар мен басқа да құжаттардың қатарлас әрекет ету деректері анықталды. Атап айтқанда, алдыңғысының күші жойылғаны жайлы қаулы етілмей жатып, жаңа құқық актісінің күшіне ену оқиғалары белгіленген.

Мысал ретінде Импортталатын тауарлар тізбесін келтіруге болады. Олар бойынша қосылған құн салығы Салық Кодексінде белгіленген тәртіптегі есептеу әдісімен төленеді. Оның қалыптасу ережелері Үкіметтің 2003 жылғы 19 наурыздағы №269 қаулысымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 13 ақпандағы №93 бұйрығымен қатар бекітілген.

Бұл жағдайда заңнама логикасы мен нормативтік-құқықтық актілер иерархиясына сәйкес Үкімет қаулысын қолдану қажет сияқты. Ал егер №269 қаулымен бекітілген Тізбеде 2013 жылғы тамыз айынан бергі Сыртқы экономикалық қызмет тауарлық номенклатурасында жоқ тауарлар коды бар болып шықса, не істейміз. №269 қаулыға өзгертулер енгізу бойынша сәйкес жұмыс жүргізілмеген, осыдан келіп бизнес қандай әрекет жасарын білмей отыр: қай актіні бетке ұстау қажет?

Ақырында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар 35 тауар жайғасымы бойынша ҚҚС-ты есепке алу әдісімен төлеу заңды құқығын қолдана алмайды.

Келесі бір нормативтік-құқықтық акт – Кеден органдары лауазымды тұлғаларының тауарларды кедендік тазартуды жасау қағидаларымен де осындай жағдай орын алып отыр. Аталмыш құжатты Қазақстан Республикасы Үкіметі 2010 жылғы 12 қазандағы № 1058 қаулысымен, ал Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2015 жылғы 31 наурыздағы №246 бұйрығымен бекіткен.

Тағы бір мысал. Тауарлардың импорты бойынша есепке алу әдісімен төленуге тиіс қосылған құн салығының сомасын қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда көрсету жөніндегі және оларды мақсатты пайдалану туралы міндеттеменің нысанын Қазақстан Республикасы Үкіметі 2011 жылғы 22 желтоқсандағы № 1578 қаулысымен, ал Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2015 жылғы 20 наурыздағы №196 бұйрығымен бекіткен.

Палата сарапшылары жасаған қорытынды үкіметтегі заңгерлердің жұмысындағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. 

«Атамекен» Кәсікерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке қалыптасқан жайдың басын ашып, уәкілетті мемлекеттік органдарға сәйкес шаралар қолдануға тапсырма беруді сұрап, хат жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер