«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бес пайыздық зейнетақы аударымы кәсіпкерлердің түбіне жетеді!

2015 жылғы 10 Шілде
10175 просмотров

«Атамекен» ҰКП қазақстандық бизнес онсыз да ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр деп есептейді

Парламент қабылдап қойған, бірақ 2018 жылы күшіне енетін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақылық қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайлы сөз болып отыр. Сонымен, түзетулердің бірі жұмыс берушілер есебінен міндетті бес пайыздық зейнетақы аударымдарын енгізуді көздейді.

Ұлттық палата әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскеновтың айтуынша, қазақстандық бизнес бүгінде онсыз да қиын жағдайға тап болып отыр.

«Валюта бағамындағы диспаритет Ресейден келетін импорттың айтарлықтай өсуіне алып келді. Қазақстандық басты өндірушілер өндіріс көлемінің айтарлықтай төмендегенін көрсетіп отыр… Капитал нарығының қусырылуы, Қытайдағы экспорттық нарықтардың қусырылуы, экономика қарқынының баяулауы орын алып отыр. Ресейде өз кәсіпкерлері үшін анық протекционизм бар. Кәсіпкерлеріміз сауда шектеулерін бастан кешіп отыр, рубль тұрақсыз және еңбек нарығына қысым жасалуда. Осылайша, Қазақстан бизнесіне әсер ететін факторлар айтарлықтай жеткілікті. Осы тұстарды ескере отырып, бизнесті қосымша әлеуметтік міндеттемелермен жүктеуге болмайды», - деді ол комитет отырысында.

ҰКП әлеуметтік-еңбек қатынастары департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова хабарлағандай, заң жобасының тұжырымдамасы Ұлттық палатаның теріс қорытындысына қарамастан бекітілді.

«Бұл жобада шартты-жинақ компонентін енгізу емес, әлеуметтік салықтың 11-ден 16 пайызға ұлғайтылуы көзделген. Әлеуметтік салықты бұрынғы деңгейде қалдыруды ұсынатынымыз жайлы хат жаздық, себебі бұл кәсіпкерлерге қаржылай жүктеменің ұлғаюына алып келеді. Сонымен бірге, оны шегеріске қою қажет. Осындай қорытынды бердік. Осыдан соң еңбек министрлігімен жұмыс тәртібінде әңгімелестік. Олар салық комитетінің әлеуметтік салықтың 5% ұлғаюын қолдамағанын айтты, сәйкесінше, 5% шартты-жинақ компонентіне ораламыз. Алайда заң жобасы бұл түрде ҰКП-ға қайта келмеді, және де оған жағымды қорытынды берген жоқпыз», - деп атады ол. 

Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская заң күшіне енгенге дейін уақыт барда бес пайыздық жарнаны енгізу салдарынан бизнестің қаншалықты зардап шегетінін санап алуды ұсынды.

«Менде мынадай өтініш бар. ҰКП-да барлық салалық қауымдастықтар бар. Солар ең құрымаса жетекші салалар – жер қойнауын пайдалану, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі бойынша мұның өндіріс үшін қалай болатынын, қанша кәсіпорын жабылуы мүмкін екенін есептіп шықсын. Осыны ойлауға тиіссіздер! Кәсіпорын болмаса, жұмыссыздар қаптайды, оларды бюжет есебінен асырау қажет болады», - деді ол ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілдеріне жүгіне отырып.

«Бизнес осы 5%-бен бірге электр энергиясы мен газ тарифінің көтерілуін күтіп отыр. Тарифтердің бұл көтерілуі жыл сайын жүріп тұрады. (…) Өтінеміз, депутаттар қандай да бір ұстанымға көзін ашып дауыс беруі үшін, күзге қарай осы есептеулерді даярлап қойыңыздар», - деді депутат.

Отырыста бизнес өкілдері де сөз алды. Сонымен, «KAZENERGY» Қазақстанның мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева мынадай дерек келтірді. «Шетелдік жетекші сарапшылармен Қазақстанның мұнай-газ секторындағы салық жүктемелері және басқа да жүктемелер жайлы көлемді талдау жүргіздік. Нигериядан кейін екінші орында тұрмыз – түрлі жүктемелер 62%», - деді ол.

ҰКП тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец те дабыл қағуда. «Үш күн бойы қауымдастықта арнайы бас қосып, қандай кәсіпорындардың қанша адамды қысқартуға мәжбүр болатыны жайлы деректер ұсынамыз деген қорытындыға келдік. Себебі аса қатты сезілетін енгізілім. Оның үстіне, ол Қазақстанның инвестициялық климатын өзгертеді. Осыны ескеруге тиіссіздер. Осының бәрін салық ретінде қабылдайды, себебі оған салық инспекциясы әкімшілік етеді», - деді ол.

Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитеті отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон және халықтың жұмысбастылығы бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жұмыс орындарында мүгедектер үшін квота белгілеу жағынан талқыланды.

«Бұл заң жобасы үш рет келді де, ҰКП үш рет кері жауап берді. Бастапқыда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2-4% пайыз ұсынған болатын (мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау жөніндегі нормалар – автор еск.), қазір заңда 3%. Кәсіпкерлердің жұмыс ерекшелігін – ауыр және зиянды жағдайларды, сонымен қатар жұмыс орнын құруға немесе бұрыннан барын үстінен жабдықтауға кететін шығынның орнын толтыруды да ескеруді ұсындық», - деп мәлімдеді ҰКП әлеуметтік-еңбек қатынастары департаменті директорының орынбасары Найла Мұхтарова.

Сонымен, оның айтуынша,Ұлттық палата мемлекетке мынадай сценарий ұсынды: кәсіпкерлер жұмысқа мүгедектерді алады, бірақ оларға мүгедектерді жұмысқа тұрғызу үшін арнайы жабдық алу мәселесінде көмектесу керек; мүгедектердің еңбек өнімділігіндегі айырмашылықты жабатын еңбекақы субсидиясын ұсыну; оқытуды аяқтағаннан кейін де жұмыс орындарын қайта жабдықтауға қосымша дотация ұсыну; жұмыс берушілердің мүгедектер жұмыс орындарын сақтап қалуына ынталандыратын дотация, салық босаңсытуларын ұсыну.

«Заң жобасынан кейін бізге Квоталау ережесі және Мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын құрайтын жұмыс берушілерді субсидиялау ережесі келді. Қазір соңғы ақпарат бойынша ешқандай да салық жеңілдіктері болмайтынын естідік. Осыған орай олар осы ережелерді қайтадан өзгертіп, бізге енгізетін болады. Біз қайтадан өз қорытындымызды береміз», - деп қорытты Найла Мұхтарова.

Депутат Екатерина Никитинская да бұл мәселеде бизнесті жақтады. «Министрлікке көптен-көп өтініш (ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму – авт.еск.): халқымыз бен азаматтарымызға қатысты мемлекет алып жүруге тиіс әлеуметтік функцияларды жұмыс берушіге бере салмаңыздар, өтінеміз. Себебі егер бәрін де жұмыс беруші төлейтін болса, ол тіршілігін тоқтататын болады. Еңбек қатынасын орнататын ешкім қалмайды», - деп мәлімдеді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер