«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» «СТ-KZ» сертификатын алу процедурасын түбегейлі өзгертуді ұсынады

2015 жылғы 03 Шілде
11110 просмотров

Ұлттық палата сертификат беру кезіндегі қазақстандық мазмұнды есептеудің қазіргі формуласы түбірімен қате деп есептейді

«Сертификат алу процедурасы екі кезеңнен тұрады. Біріншісін жеке меншік сараптау ұйымдары жасайды – олар Қазақстан бойынша шамамен 40-қа жуық. Сертификат алғыңыз келсе, соларға жүгінесіз. Олар сіздің өндірісіңізге келіп, тауарыңыздың неден жасалатынын, ондағы қазақстандық мазмұн пайызының көлемін қарайды. Сосын кәсіпкер сапартау қорытындысымен Ұлттық палатаға, сертификат алуға келеді», - деп сипаттады тексеру процедурасы жайлы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев журналистермен бейресми әңгіме барысында.

Оның айтуынша, бастапқыда Ұлттық палатаға «СТ-KZ» сертификаттарын беру жөніндегі уәкілеттік берілген, алайда сараптау жүргізіп, тауардағы қазақстандық мазмұн пайызын айқындау мүмкіндігі берілмейді.

«Сертификатты беру не бермеу туралы шешім қабылдау үшін, бізге бар-жоғы бір күн беріледі. Бір күннің ішінде нені көруге болады? Егер қазақстандық мазмұн 80% деп жазылса, мұның шын мәнісінде осындай екенін тексеру мүмкіндігі болған жоқ. Жай ғана тексеруге тиіс едік. Содан мөр қойып, сертификат беріп отырдық. Ал біраз уақыт өткен соң әлдекім келіп шағым жасап: «Онда жабдық та жоқ, сертификатты қалай бере саласыздар? Бұлар тауарды шетелден әкеліп, миллиардтаған тендерлер жеңіп алып жүр» дейді», - деп назаланды Нұржан Әлтаев.

Ол ҰКП-ның Техникалық реттеу комитетіне Палатаның өтінімдерді қарау мерзімін ең құрығанда үш күнге созуын ұсынғанын хабарлады. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр.

Жыл басында Палата Техникалық реттеу және метрология комитеті бұйрығының шығуына қол жеткізді. Оған сәйкес ҰКП-ға қосымша уәкілеттіктер берілді. Енді ҰКП сарапшылары, біріншіден, жеке меншік компаниямен бірге өндіріске бара алады. Екіншіден, егер сарапшыларда қандай да бір күмән туындап жатса, өндіріске барып, ондағы қазақстандық мазмұн пайызының сараптама көрсеткендей болуын тексере алады.

«Егер бізге кәсіпкерлер тарапынан шағым түсіп жатса, оларды тексере аламыз. Ол үшін ҰКП жанынан құрамына тәуелсіз мамандар кіретін сараптау комиссиясын құрдық. Ендігі жерде сертификатты қайтарып алуға құқығымыз бар», - деп түсіндірді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Палата үш кәсіпорынның сертификатының күшін жойған.

«Кентау трансформатор зауытынан шағым келіп түсті. Астана қаласы кәсіпорындарының бірі «СТ-KZ» сертификатын алып, тендерлерге қатыса бастайды. Тексергіміз келіп, комиссия құрдық. Олар бізді өндіріске кіргізуден бас тартты. Бірақ, оларға бәрібір келетінімізді айтып едік, олар ерікті түрде сертификаттың күшін жоюды сұрап, хат жазыпты. Бұл түсінікті мәселе», - деп ол жақында орын алған оқиғаның бірін жайып салды.

Журналистер Нұржан Әлтаевтан кәсіпорындардың «СТ-KZ» алуға қанша қаражат жұмсайтынын сұрады. Спикер бағаның түрлі факторлардан қалыптасатынын түсіндірді.

«Бұл тауар номенклатурасына байланысты. «СТ-KZ» сертификатын өздері шығаратын тауарлардың барлық көлеміне алуы миллиондармен есептелуі мүмкін кәсіпорындар бар», - деді ол.

ҰКП төрағасының орынбасары баға кәсіпкердің бір емес, екі сатыға жүгінуі есебінен көтеріледі деп есептейді. «Бар түйткіл сараптау үшін ақша төлейтіндіктеріңізде болып отыр – бұл негізгі төлем үлесі. Сосын ҰКП-ға келесіз. Бұл жерде біздің тегін жұмыс жасай алмайтынымыз түсінікті жәйт».

Ал Ұлттық палатада бизнесмен сараптамадан өтетін жеке меншік компанияға қарағанда тиын-тебен ғана төлейді. «Бұрындары ТРМК және Сауда-өнеркәсіп палатасы бір «СТ-KZ» сертификаты үшін 4 АЕК алған еді. Біз бұл соманы 2 АЕК-ке 50%-ға түсірдік ( 3 964 –авт.еск.). Кәсіпкер үшін бұл азғана сома. Ең көлемді шығын жеке меншік сараптау ұйымындағы сараптамаға кетеді», - деді Нұржан Әлтаев.

«Сондықтан да үкімет пен мемлекеттік органдарға айтарымыз: сараптама бойынша уәкілеттікті бізге беріңіздер немесе, керісінше, осы сараптау ұйымларына сертификат беру уәкілеттігін беріңіздер. Яғни бәрі бір жерде болуға тиіс, екі кезеңге бөлудің қажеті жоқ», - деп қорытты ол.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары қазақстандық мазмұнды есептеу әдістемесін түбірімен өзгерту керектігіне сенімді.

«Бүгінде бізде қазақстандық мазмұнды есептеу формуласы дұрыс емес, өйткені қызметкерлердің еңбекақысы, төленген салықтар, ҚҚС, маржа есепке алынады. Кейде: бір қарағанда кәсіпорында қазақстандық мазмұн көбірек сияқты – онда жабдық тұр, ол тауар корпусын өндіреді, тағы бірдеңесі бар. Ал келесі бір кәсіпорын корпусты ғана өндіреді, бірақ онда қазақстандық мазмұн көбірек көрсетіледі. Ал формуланың өзін қарай бастасаң, ол бұл корпусты басқа кәсіпорынға қарағанда арзанырақ сатып алатын болып шығады, маржа көбірек, және де ол қазақстандық мазмұн ретінде есептеледі. Яғни бұл мүлдем қате формула. Негізінде, сіз бұл тауарды шетелден әкеле отырып, оның қазақстандық мазмұнын қызметкерлердің жоғары еңбеақысы, салық пен маржа есебінен жасап аласыз, 70-80% қазақстандық мазмұн жасай аласыз», - деп түсіндірді ол.

«СТ-KZ» сертификаты бүгінде өндірістің өзіне емес, өнім бірлігіне беріледі. Қазір аралас нұсқа жасауды ұсынамыз: біріншіден, өнімді емес, өндірістің өзін сертификаттау. Яғни біз өндіріске келіп, былай дейміз: мына зауыт 80% қазақстандық мазмұндағы қалам шығара алады. Және де, бірінші кезекте, есептеу формуласына осы қаламдағы қазақстандықты енгізгіміз келеді. Мысалы, корпус, паста, корпусты бояған бояу – яғни құрамдастардан еңбекақы, тиімділік, салық және басқаларын емес, заттарды есептеу. Осылайша, біз тікелей формуланы қолдануды ұсынамыз», - деді Нұржан Әлтаев.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары сонымен қатар Палата қызметкерлерінің кәсіпкерлер шағымдары бойынша тексеріс жүргізген кезде белгісіз адамдар тарапынан психологиялық қысымға ұшырағаны жайлы айтты.

«Үш кәсіпорынды тексеріп шықтық, шамамен 18 кезекте тұр. Өте салмақты қысым жасалуда. Бұл аса көлемді ақша, миллиардтаған тендерлер», - деп хабарлады ол.

Нұржан Әлтаев біршама қызықты боп көрінетін, бірақ кезінде Ұлттық палата қызметкерлерінің мүлдем басқаша көңіл-күйін тудырған жай-жапсарларды ортаға салды. «Алғашқы тексерісті бастаған бірінші күні департамент директоры жұмыстан кетті. Ол барлық ұялы телефондарын өшіріп тастап, оны ұзақ уақыт бойы таба алмай қойдық та, келесі күні оның жұмыстан кететіні туралы өтініш келіп түсті», - деді ол.

Келесі күні департамент директорының орнына басқа бір қызметкер келеді, дейді Нұржан Әлтаев. Кешке қарай ол да телефонын өшіріп, жоғалып кетеді. «Қызметкерлерімнің жоғала бастағанынан есеңгіреп қалдым. Таңертеңгілік оны іздеп таптық. Ол қорқып қалғанын, өзіне қауіп төніп тұрғанын, бұл бағытта жұмыс жасаудан бас тартатынын айтты. Бірақ келесі күні көндірдік: «Алға, Отан үшін», - деп жымиып еске алды.

Осы оқиғаларға байланысты Ұлттық палата құқық қорғау органдарына жүгінеді. Қазір жасырын қоңыраулар сиреді. «Бұл жұмысты қалай да жалғастырамыз, себебі бұл еліміздің экономикасы үшін қажет», - деп нық сеніммен айтты Нұржан Әлтаев.

«Бұл мәселені мықтап қолға алдық. Жақында ғана өткен брифингте өңірлердегі барлық кәсіпкерлерді мұндай деректерге тап болған жағдайда, бізге жүгінуге үндедік. Әрбір осындай дерек бойынша алға жылжып, анық-қанығына жететін боламыз», - деп қорытты ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер