Солтүстік Қазақстандағы отбасылық бизнес
СҚО Айыртау ауданы кәсіпкерлерінің қатары толықты
Ағалы-қарындасты Сирожиддин мен Уазифа Ниятуллаевтар «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқу оқып, жақында балабақша ашуға 6 миллион теңге мөлшерінде кредит алды.
СҚО Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында мамыр айында «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша екі күндік тренинг өткен болатын. Тыңдаушылар қатарында 25 жастағы Сирожиддин мен 19 жастағы Уазифа Ниятуллаевтар да болған еді.
«Жастар жеке кәсіпкер ретінде оқытудан өткендері туралы сертификат алған күні тіркелді. Олар аудан орталығында жеке меншік балабақша мен балалар орталығын ашуды жоспарлап отыр. Біздің консультанттар Ниятуллаевтардың «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуына қажет құжаттарды жинауына көмектесті. Нәтижесінде ағасы да, қарындасы да ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорынан 3 миллион теңгеден кредит алды», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы Айыртау ауданы филиалының директоры Данияр Қалымов.
Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің айтуынша, балабақша ашу әкелері – Қарасай және Арғынай батырларға арналған мемориалдық кешен директорының бұрыннан келе жатқан арманы болған екен. Олар осы арманды іске асыруға бел буыпты.
«Біздің балабақшамыз 60 баланы қабылдай алады. Оған 15-20 адам жұмысқа алынады. Оқыту құнына келер болсақ, мемлекеттік балабақшалардағы оқыту құнына аспайтын болады. Бүгінгі таңда балалар жасына қарай 7200-7600 теңге аралығында», - дейді Сирожиддин Ниятуллаев.
Бір айта кететіні, балабақша құрылысы барынша жылдам жүріп жатыр және оқу жылының басында жастар алғашқы балаларды қабылдауды жоспарлап отыр.
Ниятуллаевтар өз қимылдарымен Мемлекет басшысының шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасылық дәстүрге айналуға тиіс деген идеясын қолдап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
Бек