«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Осал экономикалы бизнес

2015 жылғы 09 Маусым
7084 просмотров

Алматыда «САФ» Шыны компаниясы» жарты жылға созылған іркілістен соң өз жұмысын бастады

Бұл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдауының нәтижесінде мүмкін болды.

Қазақстанның шыны саласындағы түйткілдер 2014 жылғы қаңтар айында басталған болатын. Ол кезде ресейлік өндірушілер тарапынан болған қатаң демпинг салдарынан отандық нарыққа арзан шыны ыдыс қаптап келген болатын.

Жағдайды ресейлік рубль девальвациясы мен валюталар бағамындағы диспаритет қиындатып жіберді де, 2014 жылғы желтоқсан айында зауыт өнімі, сапасы мен саны жөнінен ұқсас бола тұрып, ресейлікке қарағанда екі есеге қымбаттап кетті. Бұл уақытта, шамамен, зауыттың тапсырыс алуы тоқталып, өндіріс «қоймаға жұмыс жасау» сипатын алады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрекетінің арқасында отандық шыны өндірушілер түйткілі Қазақстан Үкіметінің құлағына шалынады. Жоғары деңгейде зауытқа атаулы қолдау көрсету бойынша шешім қабылданады.

Компанияның сауықтырушы басқарушысы Нұрлан Шәріповтың айтуынша, кәсіпорынды қайта іске қосу туралы шешім қабылдау оңайға түспеген.

«Өніміміздің құны жөнінен біраз құрбандыққа баруға тура келді. Қазір шығынымызды сәл-пәл ғана жабуға мүмкіндік беретін баға ұсынамыз, ал оның үстінен мүлдем табыс көрмейміз. Аталмыш жағдайда ашылғанымыз қауіпті, алайда қажет болып отыр, себебі 15 жыл бойы басын құрған еңбек ұжымынан айрылып қалмауымыз керек. Бұл ТМД-дағы үздік ұжымдардың бірі: үздік мамандарды күллі Одақтан жинаған едік», - деді компанияның оңалтушы басқарушысы Нұрлан Шәріпов.

Қазір зауытта 586 адам жұмыс жасайды, ал кезінде ұжым саны мыңға жетіп жығылатын еді. Мамандар шынымен де бірегей, Қазақстанда қазір ондай мамандарды оқытпайды да.

«Зауыт қызмет еткелі 15 жыл және біржолата тоқтап қалсақ, бәрінен айрылар едік. Оған алғышарт болған жоқ дей алмаймыз. Дей тұрғанмен, қайтадан іске қосылғанымызды мақтан тұтамыз және ҰКП қолдауына үміт артамыз», - деп ойымен бөлісті кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына компанияға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіреді. Сонымен бірге жекелеген кәсіпорындарды қолдау жөніндегі нүктелік шаралардан жүйелікке көшуді ұсынады.

«Нарығымызды арзан ресейлік өнімдерден қорғаудың белгілі бір шараларын бұрын да ұсынған едік. Атап айтқанда, Қазақстанға келетін барлық шыны ыдыстарға экологиялық алым енгізуді ұсындық. Шыны – бұл бірнеше мәрте қайта өңдеуге ұшырайтын бірегей материалдардың бірі. Бізде жылына 60 мың тонна сынықты қайта өңдей алатын екі шыны зауыты бар, ал Ресейден Қазақстанға кем дегенде мың тонна шыны ыдыс кіреді. Мұның барлығы қатты тұрмыс қалдықтары полигонына тасталады да, экологияға қосымша жүктеме болады. Осы тұрғыдан біз экологиялық алым енгізуді ұсындық, осылайша, ресейлік және қазақстандық бөтелке құнын теңестіруге болады әрі тағы осындай 2-3 зауыт аша аламыз», - деп түсіндірді Нұрлан Шәріпов.

«САФ» компаниясының басшылығы әкелімдік кеден бажын 40 пайызға ұлғайта отырып, Кеден одағына кірмейтін елдерден (Қытай, Украина, Өзбектан) әкелінетін тауарлардан қазақстандық нарықты қорғауды ұсынады. Отандық сусын өндірушілермен шыны ыдыс сатып алу кезіндегі қазақстандық мазмұнды арттыру жайлы меморандумдар жасасу үлкен демеу бола алады.

Компания өз ұсыныстарын Алматы әкімдігінен бастап, бейіндік министрліктер мен ведомстволарға дейін барлық мүмкін болар сатыларға жолдады.

«Түйткіл бір экономикалық кеңістікте бола отырып, тікелей бәсекелес болып табылатындығымызда болып отыр. Ресейде 68 шыны зауыты бар. Оның ішінде 28 бүгінде жабылған, және де оларда да қатаң бәсекелестік пайда болды. Ресейлік компаниялардың 80%-ы демпингке жүгінді – өз бағаларын тарихи қалыптасқан шамадан төмен түсірді, және де осының бәріне валюталарымыздағы бағамдық айырмашылыққа байланысты баға диспоритеті қосылды. Осыған орай олармен бәсекелесу өте қиын», - деп түсіндірді оңалтушы басқарушы.

Алайда кәсіпорын басшысы ұсыныстары ескерілетінінен үмітін үзген жоқ.

«15 маусым күні ҚР инвестициялар және даму жөніндегі вице-министр Альберт Раумен кездесеміз және жағдайдан шығар жолға қатысты өз ойларымызбен бөліскіміз келеді», - деді Нұрлан Шәріпов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер